Бұлттық табысы өскен SAP акциялары валюта тәуекелдеріне байланысты арзандады

Бағдарламалық қамтамасыз ету жасаушы SAP компаниясының акциялары 23 шілдедегі сауда кезінде арзандады. Бұл жағдай компания бұлтты қызметтен түскен кіріс пен пайда көлемінің өскенін хабарлағанына қарамастан орын алды. Инвесторлар валюталық тәуекелдер мен жаһандық саудадағы белгісіздікке алаңдаулы. Компания доллардың әлсіреуі қысым тудырып отырғанын және үшінші тоқсанда өсімнің баяулауы мүмкін екенін ескертті. Соған қарамастан, жылдық болжам өзгеріссіз қалды. АҚШ SAP үшін негізгі нарықтардың бірі болып қала береді. Сауда келіссөздеріндегі шиеленіс компанияның болашағына деген назарды күшейтуде.
Егжей-тегжейі
Еуропадағы ең қымбат компаниялардың бірі – SAP-тың акциялары 23 шілдеде Нью-Йорк қор биржасында 6 пайыздан астам арзандады. Акция құны компания бұлтты қызметтен түскен кірістің өскенін хабарлағанымен, тариф саясаты мен валюта бағамдарының тұрақсыздығына алаңдағаннан кейін төмендеген, деп жазды Bloomberg.
22 шілдеде жарияланған екінші тоқсан қорытындысында неміс технологиялық алыбы бұлтты шешімдер мен бағдарламалық қамтамасыз етуден түскен кіріс 11 пайызға өсіп, 7,97 миллиард еуроны (9,4 миллиард доллар) құрағанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш Bloomberg келтірген сарапшылар болжамынан сәл ғана төмен болды (7,99 млрд еуро). Ал тек бұлтты қызметтен түскен кіріс 24 пайызға өсіп, 5,13 миллиард еуроны құрады (валюта бағамын есепке алмағанда). Бұл да сарапшылар күткен деңгейден төмен болды.
Компания жыл соңына дейін бұлтты шешімдерден түсетін кіріс көлемін 21,6–21,9 миллиард еуро деңгейінде сақтап қалатынын мәлімдеді. Бұл Уолл-стрит сарапшылары болжаған 21,31 миллиард еуродан жоғары. Алайда валюта бағамының өзгерісі үшінші тоқсанда өсімді 5 пайыздық пунктке, ал жыл соңында 3,5 пайыздық пунктке төмендетуі мүмкін. Бұл есептеулер валюта бағамы 30 маусымдағы деңгейде қалады деген жағдайда жасалған.
SAP-тың қаржы директоры Доминик Азамның айтуынша, сауда саласындағы белгісіздік жаһандық нарыққа қысым жасап отыр. Мұндай жағдайда клиенттердің дұрыс шешім қабылдауы қиындай түседі. Ол компания басшылығы 2025 жылы табыс пен еркін ақша ағынын қорғау үшін түрлі жағымсыз сценарийлерге дайындалып жатқанын атап өтті.
CNBC хабарлауынша, SAP нәтижесіне қысым жасап отырған негізгі факторлардың бірі – АҚШ долларының еуроға қатысты әлсіреуі. Компания кірісінің шамамен жартысы доллармен қалыптасады, ал есеп жүргізу еуромен жүзеге асады. Азамның сөзінше, доллардың 1 пайызға девальвациясы SAP кірісінің өсуін шамамен жарты пайыздық пунктке тежейді.
Сарапшылар не дейді?
Morningstar компаниясының аға сарапшысы Роб Хейлс валюта бағамының ауытқуы келесі жылға арналған болжамға қалай әсер ететінін инвесторлар мұқият бақылап отырғанын айтты. Оның пікірінше, егер компания басшылығы 2025 жылы валюта әсері туралы алғашқы белгілерді көрсете бастаса, акциялар қысымға ұшырауы мүмкін.
Deutsche Bank сарапшылары CNBC-ге берген пікірінде SAP-тың күрделі нарықтық жағдайда өз стратегиясын табысты жалғастырып келе жатқанын айтты. Бұған компания өнімдерінің сапасы, жасанды интеллект бағытындағы даму жолы және бұлтқа көшуге арналған құрылымдық жобалар әсер етуде. Екінші тоқсанда SAP жаңа клиенттер қатарынан Alibaba секілді ірі компанияны тартқан.
Warburg Research, Deutsche Bank, Jefferies секілді бірнеше талдау орталығы өз бағаларын растады және SAP акцияларын сатып алуға кеңес береді.
Дегенмен, барлық сарапшылардың пікірі оң болмады. TD Cowen мен Piper Sandler сарапшылары SAP акциялары бойынша мақсатты бағаны төмендетті, деп хабарлайды CNBC.
Bloomberg жазуынша, өткен аптада UBS сарапшылары өз жазбасында SAP клиенттерге бұлтқа көшу кезінде берілетін ынталандыруларды едәуір арттырған болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл келесі жылы компанияның еркін ақша ағынына кері әсер етуі ықтимал.
SAP есебінде тағы не айтылды?
SAP-тың бұлтты портфельдегі тапсырыстар көлемі — болашақта алынатын бұлтты кірісті білдіретін көрсеткіш — екінші тоқсанда 18,1 миллиард еуроға жетті. Бұл сарапшылар күткен 18,5 миллиард еуродан сәл төмен болды. Bloomberg бұл көрсеткіш келесі 12 айда алынуы тиіс бұлтты табыстың жалпы көлемін білдіретінін түсіндіреді.
Түзетілген бір акцияға шаққандағы пайда 1,5 еуро (1,76 доллар) болды. Visible Alpha жинаған сарапшылар болжамы бұл көрсеткішті 1,1 еуро деп болжаған еді.
SAP-тың тоқсандық жалпы кірісі 9,03 миллиард еуро (10,61 миллиард доллар) болды. Бұл сарапшылар күткен деңгейге шамалас.
Компанияның еркін ақша ағыны 83 пайызға өсіп, 2,36 миллиард еуроны құрады. Бұл нарық күткеннен шамамен 1 миллиард еуроға жоғары. Бұл көрсеткіш дивиденд көлемін есептеуде негізгі бағдар ретінде қарастырылады, деп жазады Reuters.
Түзетілген операциялық пайда 35 пайызға артып, 2,57 миллиард еуроны құрады. Бұл көрсеткіштер сарапшылардың болжамымен сәйкес келді.
Контекст
АҚШ SAP үшін басты нарықтардың бірі болып қала береді. Инвесторлар Дональд Трамп әкімшілігі жүргізіп жатқан сауда келіссөздері мен тарифтік саясат жағдайында компания қызметіне қалай әсер ететінін бағалауда.
АҚШ пен Еуроодақ арасындағы ықтимал сауда келісімі әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Бірақ 22 шілдеде Жапониямен қол қойылған келісім аясында экспортқа 15 пайыздық тариф енгізілетіні туралы хабарға әлемдік қор нарықтары оң реакция білдірді.
SAP бизнес саласындағы негізгі функцияларды автоматтандыруға арналған бағдарламалар сатады. Оған қаржыны басқару, кадрлық есеп және сатып алулар кіреді. Соңғы екі жылда компания жасанды интеллект негізіндегі сервистерді белсенді түрде дамытып жатыр. Бұл клиенттерді ескі серверлерден бұлтты ИТ-инфрақұрылымға көшуге ынталандыру үшін жасалып отыр. Бұл орташа тұтынушыға шаққандағы кірісті арттырады.
2025 жылдың басынан бері SAP акциялары 24 пайыздан астамға қымбаттады. Бұл көрсеткіш S&P 500 индексінен (7,3 пайыз) әлдеқайда жоғары. Barron’s жазуынша, инвесторлар компанияның бұлтты шешімдер мен жасанды интеллектке негізделген құралдар арқылы табысын арттыра алатынына сенімді. Бұл құралдар экономикалық белгісіздік жағдайында тиімділік пен өнімділікті арттыруға бағытталған.








