Baidu акциялары жаңа ЖИ-модельдің сәтсіз таныстырылымынан кейін құлдырады

Қытайдың ірі интернет-компанияларының бірі Baidu-дың акциялары Гонконг қор биржасында 10%-ға дейін арзандады. Bloomberg мәліметінше, бұған компанияның Ernie 5.0 деп аталатын жаңа жасанды интеллект (ЖИ) моделінің әлсіз таныстырылымы себеп болды. Бұл — соңғы жеті ай ішіндегі ең үлкен күндік құлдырау.
Егжей-тегжейі
Қараша айының 14-і күні Baidu-дың, яғни «қытайлық Google»-дің, акциялары Гонконгта 10%-ға арзандап, соңғы жеті ай ішіндегі ең үлкен төмендеуді көрсетті. Сауда жабылар кезде бағалар сәл көтерілді. Ал Нью-Йорк биржасындағы депозитарлық қолхаттар алдын ала саудада шамамен 1,5%-ға азайды.
Baidu қарашаның 13-інде өздерінің басты ЖИ моделінің жаңартылған нұсқасы — Ernie 5.0-ді ұсынды. Бұл — мәтін, сурет, дыбыс пен видеоны бір ағынмен өңдеп, жасай алатын мультимодалды жүйе. Дегенмен, жаңа модельдің әсерлі болмауы нарықты көңілсіз қалдырды. Соңғы уақытта компания акциялары айтарлықтай өскен, бірақ жаңартылған модель бұлай жалғасарына сенім бере алмады.
Компания жағдайы
Baidu акцияларының төмендеуі ЖИ-мен байланысты компаниялардың ғаламдық нарықтағы серпіні бәсеңдей бастаған тұсқа сәйкес келді. Bloomberg сарапшылары мұны ЖИ-компанияларының құны тым жоғары бағаланғаны және технологияны дамытуға кететін шығындардың көптігімен байланыстырады. Baidu бұл бағытта басқа бәсекелестерден қалып қоймауға тырысуда. Мысалы, жаңа DeepSeek компаниясы және ЖИ функцияларын жетілдіріп жатқан Alibaba сияқты алпауыттармен бәсекеге түсіп жатыр.
Жаңа модельді таныстырған соң, Baidu негізін қалаушы Робин Ли жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында артта қалғандары туралы пікір білдірді: «Біз ерте бастадық, бірақ кешігіп келдік десе, бұл ренжитін нәрсе емес. Бұл — шындықтың бір түрі. Мен өзім компания ішінде неге олай болғанын талқылауды сұрадым». Оның айтуынша, барлық жаңалық сәтті бола бермейді. «Baidu-де он түрлі жаңа жоба болса, соның тоғызы сәтсіз болса да, бұл қалыпты жағдай. Біреуі сәтті болса — бұл да үлкен жетістік», — деді Ли.
Сарапшылар не дейді?
Bloomberg Intelligence сарапшысы Роберт Ли Ernie 5.0-дің мүмкіндіктері мықты болғанымен, ол басқа бәсекелестердің фонында ерекшеленбейтінін айтты. Оның болжамынша, жаңа ЖИ-модель компанияның қаржылық көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер ете қоймайды, себебі жалпы қаржылық жағдайы әлсіз күйінде қалуда.
Өткен аптада Deutsche Bank Baidu акцияларын «ұстау» деңгейінен «сатып алуға» көтерді. Олар ЖИ компанияның акцияларын өсіруге көмектеседі деп сенеді. Аналитик Лео Чианг Baidu-дің төрт негізгі бағытын атады: AI Cloud бұлттық платформасы, Apollo Go роботакси қызметі, ақылды іздеу жүйесі және Baidu-дің еншілес компаниясы Kunlunxin жасап жатқан ЖИ чиптері. Бұл бағыттардың бәріне ЖИ технологиялық негіз болып отыр.
MarketScreener деректеріне сүйенсек, сарапшылардың көбі Baidu-ге оң баға береді: 23 сарапшы акцияларды сатып алуға кеңес берсе, тоғызы — ұстауға, ал біреуі ғана — сатуға кеңес береді.








