БастыЖаңалықтар
Бөлісу

BofA Target акцияларын сатып алуға берген кеңесінен бас тартты

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
BofA Target акцияларын сатып алуға берген кеңесінен бас тартты

22 мамыр күнгі саудада Target акциялары бір күн бұрынғы құлдыраудан кейін біраз қалпына келді.

Bank of America (BofA) Target бөлшек сауда желісінің акцияларына деген бағасын төмендетіп, енді оларды сатып алуға кеңес бермейді. Бұған себеп — BofA талдаушысының әлсіз деп бағалаған тоқсандық есеп пен табыс жөніндегі болжамның төмендеуі. Target акциялары он жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге жақындады, ал компания жағдайы нашарлап барады, дейді BofA. Сондай-ақ Telsey Advisory агенттігі де акция бағасын төмендетті, ал бірнеше сарапшы мақсатты бағаларын қысқартты.

Егжей-тегжейі

CNBC арнасы хабарлауынша, BofA сарапшысы Роберт Омс енді Target акцияларын сатып алуға кеңес бермей, бейтарап ұстанымға көшті. Ол акцияның мақсатты бағасын бірден 40 долларға түсіріп, 105 $ деп белгіледі. Бұл қазіргі бағадан 13% өсу мүмкіндігін білдіреді. Омс мұндай шешімді компанияның көңіл көншітпеген тоқсандық есебінен кейін қабылдады. Есепте Target өз табысы мен жылдық түсім бойынша болжамын төмендеткен.

«Акциялар онжылдық минимумға жақын болса да, компания төңірегіндегі белгісіздік арта түсуде. Сатылым баяу, қалпына келу мерзімі кейінге шегерілді, ал табыстың төмендеуі компанияны жиі жеңілдік жасауға итермелейді — бұл маржаға кері әсер етеді», — дейді Омс CNBC келтірген жазбасында.

Оның айтуынша, Target Walmart секілді бәсекелестерінен едәуір қалып қойды. Екінші тоқсанда да маржаға қысым сақталады: әлсіз сату салдарынан компания қосымша жеңілдіктер ұсынуға мәжбүр болады. Бұдан бөлек, АҚШ-тың импорттық баж салығы да табысқа теріс әсер етеді, дегенмен бұл фактор жылдың екінші жартысында әлсіреуі мүмкін. Осыған байланысты Омс Target акцияларының 2026 жылға арналған түзетілген табыс болжамын да төмендетті.

BofA оң сигнал ретінде Target-тің онлайн сатылымының өсуін, маусымдық ұсыныстарға назар аударуды және табысты әріптестіктерді (коллаборацияларды) атап өтті. Мұндай бастамалар компанияның бренд ретінде өзектілігін арттыруға көмектеседі деп санайды Омс. Өзінің маркетплейсі мен цифрлық жарнаманы дамыту Target-ке серпін беруі мүмкін.

Акциялар жағдайы

22 мамырда Target акциялары 3%-ға жуық өсіп, 95,65 долларға жетті. Бір күн бұрынғы саудада, тоқсандық есеп жарияланған соң, олар 5%-дан астам арзандаған. Инвесторларды компания табысы мен түсімі, тіпті Wall Street-тің төмен күткен межесіне де жетпегені алаңдатты.

Target сонымен қатар жылдық түсім мен акцияға шаққандағы түзетілген табыс болжамын да төмендетті. Бұл жағынан ол Walmart-тан ерекшеленеді. Walmart болжамын өзгертпеді.

2025 жылдың басынан бері Target-тің нарықтық құны шамамен үштен бірге азайды. Ал сол кезеңде Walmart акциялары керісінше, шамамен 7%-ға өсті.

Басқа сарапшылар не дейді?

21 мамырда Telsey Advisory да Target акцияларын сатып алуға кеңес беруден бас тартып, бейтарап бағалауға көшті (Outperform → Market Perform). Олар мақсатты бағасын 130 доллардан 110 долларға дейін төмендетті. Бұл шешімді сарапшылар макроэкономикалық ахуалдың күрделілігімен, Target стратегиясының тұрақсыз орындалуымен, негізгі бастамалар бойынша айқындықтың жоқтығымен және баж салығы тәуекелдерімен түсіндірді. Telsey-дің ойынша, бірінші тоқсандағы әлсіз нәтиже мен 2025 жылға болжамның қайта қаралуы компанияның келешегіне деген сенімді азайтты.

Wall Street-те көптеген сарапшы Target-тің мақсатты бағасын төмендетті. Мысалы, Goldman Sachs оны 101 доллардан 90 долларға дейін қысқартып, бейтарап бағаны (Neutral) сақтап қалды. Бұл жаңа мақсат соңғы жабылу бағасынан 3%-ға төмен. Morgan Stanley мақсатты бағасын 160-тан 112 долларға дейін азайтса да, сатып алуға кеңес беріп отыр (Overweight). Оның айтуынша, Target жалпы дұрыс бағытта келе жатыр, бірақ бірінші тоқсандағы әлсіз нәтиже компанияға тезірек әрекет етуді қажет ететінін көрсетті. Бәсекелестер өз позицияларын күшейтіп жатқанда, мұндай кідіріс қауіпті. Сонымен қатар сарапшы қазіргі акция бағасы тым төмен үміттерді көрсетіп тұр дейді. Ал тұтынушылар қызығушылығының төмендеуі — уақытша құбылыс.

MarketWatch дерегінше, Target акцияларын 39 сарапшы қадағалап отыр. Олардың 25-і қазір бейтарап ұстанымда және инвесторларға бұрын сатып алынған акцияны портфельде ұстауға кеңес береді. Тағы 12-сі сатып алуға (Buy және Overweight), ал 2-еуі сатуға (Sell және Underweight) кеңес береді.

Wall Street-тің Target акцияларына қатысты орташа мақсатты бағасы — 110$. Бұл — қазіргі бағадан 18% жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары