БастыЖаңалықтар
Бөлісу

BP мұнай өндірісін арттыруға 5 млрд доллар жұмсамақ

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
BP мұнай өндірісін арттыруға 5 млрд доллар жұмсамақ

Британдық мұнай компаниясы BP АҚШ-тағы мұнай өндірісінің өсуіне сеніп, Мексика шығанағындағы жаңа жобаға $5 млрд инвестиция салмақ. Өткен аптада компания әлемдік сұраныс бойынша қайта қаралған болжамын жариялап, мұнай тұтыну кемінде 2030 жылға дейін өседі деп күтетінін мәлімдеді.

Егжей-тегжейлі

29 қыркүйекте BP Мексика шығанағындағы мұнай-газ өндірудің офшорлық жобасын $5 млрд көлемінде кеңейту туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Tiber-Guadalupe деп аталатын бұл жоба компанияның мұнай мен газ саласындағы негізгі бизнеске қайта оралу стратегиясының кезекті қадамы болмақ, деп жазады Reuters.

Кен орнындағы жұмыстарды 2030 жылы бастау жоспарланып отыр. Жоба аясында тәулігіне 80 000 баррельге дейін мұнай өндіре алатын жаңа қалқымалы платформа салынады.

Дүйсенбі күні Лондонда компания акциялары 0,8%-ға арзандады, бірақ 2025 жылдың басынан бері шамамен 12,5%-ға қымбаттаған. Нью-Йорк премаркетінде BP қағаздары 0,25%-ға төмендеді.

BP мұны не үшін істеп отыр

Соңғы жылдары BP-дің нәтижелері қарыз жүктемесінің артуы аясында бәсекелестерінен — соның ішінде Shell және Exxon Mobil-ден — төмен болды, деп жазады Reuters. Жағдайды түзеу үшін компания ақпанда жаңартылатын энергетикаға салынатын инвестицияларды қысқарту және мұнай-газ өндірісін арттыру жоспарын жариялады. Бұл бизнесін сауықтырып, инвесторлардың сенімін қайтаруға бағытталған.

Аталмыш стратегияның негізгі алаңы — АҚШ. BP-ның жоспарына сәйкес 2030 жылға қарай Мексика шығанағындағы өндіріс көлемі тәулігіне кемінде 400 000 баррель мұнай баламасына жетуі тиіс (өткен жылы 341 000 баррель болған). Сонымен қатар, компания 2030 жылға қарай АҚШ-тағы офшорлық және оншорлық жиынтық өндірісін тәулігіне 1 млн баррельден астам мұнай баламасына жеткізуді көздейді.

Жаңа платформа Tiber және Guadalupe кен орындарын игеруге арналған, олар Жаңа Орлеаннан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 480 км қашықтықта орналасқан. Компанияның бағалауынша, олардың игерілетін қоры шамамен 350 млн баррель мұнай баламасын құрайды.

Tiber-Guadalupe BP-дің Мексика шығанағындағы 20 000 фунт/дюйм² аса жоғары қысымда өндіру технологиясы қолданылатын екінші жобасы болмақ. Бұл — маңызды технологиялық серпіліс, деп атап өтті Reuters. Мұндай қысымда бұрғылауды алғаш бастаған компания — америкалық Chevron, ол Anchor жобасын өткен жылы іске қосқан.

Контекст

Өткен аптада BP жаңа Energy Outlook 2025 есебін жариялап, энергетика дамуының 2050 жылға дейінгі екі сценарийін ұсынды. Компанияның айтуынша әлемдік мұнайға сұраныс кемінде 2030 жылға дейін өседі — бұл былтырғы болжамнан бес жылға ұзағырақ. Бұған энергия тиімділігінің баяу артуы мен шығарындыларды қысқартудың баяу қарқыны себеп болды.

Базалық «Ағымдағы траектория» сценарийінде әлемдік мұнай сұранысы алдағы жылдары тәулігіне шамамен 100 млн баррель деңгейінде сақталып, 2035 жылы қайтадан осы шамада болады, содан кейін 2050 жылға қарай тәулігіне 85 млн баррельден төмендейді. Егер энергия тиімділігі болжамдағыдан баяу өссе, әлемдік сұраныс 2035 жылға қарай тәулігіне 106 млн баррельге дейін артуы мүмкін.

Париж климат келісімінің мақсаттарына сәйкес келетін «2 градустан төмен» сценарийінде сұраныс шыңы 2025 жылға келеді (тәулігіне шамамен 102 млн баррель), одан кейін күрт төмендеу басталады — 2035 жылға қарай 85 млн-нан сәл асатын, ал 2050 жылға қарай 35 млн баррельден аз деңгейге дейін. Бұл нұсқа шығарындылардың 2023 жылғы деңгейге қатысты шамамен 90%-ға қысқаруын болжайды. Негізгі шығарындылар көзі ретінде мұнай, табиғи газ және көмірді жағу қала береді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары