Франция премьері бір күнде екі рет сенімсіздік вотумынан қашты. Нарық үшін жақсы ма?

Франция парламентінің төменгі палатасы 16 қазанда қайта тағайындалған Себастьен Лекорню басқаратын үкіметке сенімсіздік білдіру жөніндегі екі ұсынысты да қабылдамады. Француз нарығындағы инвесторлар бұл жаңалықты оң қабылдады — акция шамамен 1% қымбаттады. Алайда, Лекорнюдің екінші үкіметі аман қалғанымен, ол бюджет жөніндегі пікірталаста депутаттардың көпшілігіне сүйене алмайды. Бұл — министрлер кабинетімен француз парламенті екінші жыл қатарынан келісімге келе алмай жүрген негізгі мәселенің бірі.
Егжей-тегжейлі
Франция Ұлттық жиналысының депутаттары бейсенбі күні үкіметке сенімсіздік білдіру жөніндегі екі бастама бойынша дауыс берді — бірі ультраоңшыл Марин Ле Пеннің «Ұлттық бірлестігі», екіншісі солшыл радикал Жан-Люк Меланшонның «Бүлікші Франция» партиясынан түсті. Үкіметтің отставкаға кетуі үшін 289 дауыс жеткілікті болатын, бірақ бұл бастаманы «жасылдар» мен коммунистер қолдағанына қарамастан, партиялар қажетті дауыс санын жинай алмады, дейді RFI.
Егер Францияның Социалистік партиясы де сенімсіздік вотумын қолдаған жағдайда, Лекорню үкіметі өзінің алдындағы премьер Франсуа Байру кабинеті сияқты отставкаға кетер еді. Алайда, социалист-депутаттар бұл жолы үкіметті қолдауға шешім қабылдады — себебі Лекорню президент Эммануэль Макронның зейнет жасын 62-ден 64 жасқа дейін көтеру туралы даулы реформасын уақытша тоқтатуға уәде берген, деп жазды Bloomberg.
Нарық қалай қабылдады?
Париж биржасындағы CAC 40 индексі 16 қазандағы саудада шамамен 1% көтеріліп, динамикасы жағынан Еуропаның өзге жетекші индекстерін басып озды. Мысалы, жалпыеуропалық Stoxx 600 шамамен 0,3% өсті, ал британдық FTSE 100 пен немістің DAX индекстері 0,2% шамасында төмендеді.
Сонымен қатар Франция мен Германияның 10 жылдық облигацияларының кірістілігі арасындағы айырмашылық — яғни негізгі тәуекел индикаторы бейсенбі күні дерлік өзгеріссіз қалды, делінген Bloomberg дерегінше.
ING инвестициялық стратегиясының жетекшісі Венсан Жюванның айтуынша, нарықта біраз жеңілдік сезілді, себебі Франция әзірге ең нашар сценарийден құтылды — Ұлттық ассамблеяның таратылуы мен жаңа сайлаулардың жақын перспективасынан аман қалды.
«Францияның үстінде әлі де Дамокл семсері ілулі тұр, сондықтан мен нарықтың құбылмалы күйінде қалатынын болжаймын», — деді Жюван.
Контекст
Лекорнюдің алғашқы үкіметі 6 қазанда құрылып, бар болғаны 14 сағаттан кейін құлады. Алайда төрт күн өткен соң, 10 қазанда президент Эммануэль Макрон кенеттен Лекорнюді қайтадан премьер-министр етіп тағайындады, бұған дейін министрлер кабинетіне қайта басшылық жасағысы келмейтінін айтқан еді.
Жексенбіге қарай Лекорню екінші үкіметін құрды, ал сейсенбі күні парламентте сөйлеген сөзінде зейнетақы реформасын келесі президенттік сайлауға дейін уақытша тоқтататынын уәде етті. BBC мәліметінше, бұл оның позициясын нығайтты: қалыпты көзқарастағы социалистер сенімсіздік вотумын қолдамайтынын мәлімдеді, ал ықпалды оңцентрист депутаттар жылдық бюджетті қабылдау қажет кезде министрлер кабинетін ауыстыру орынсыз екенін айтты.
Лекорнюдің бірінші үкіметінің құлауы 2025 жылдың тамызынан бергі француз акцияларының ең ірі құлдырауына әкелді. Сол кезде француз нарығындағы бұл төмендеуді Stoxx 600, FTSE 100 және DAX индекстері де қайталады.
Алда не болмақ?
Бюджет, мемлекеттік қарыз және зейнетақы реформасы — парламент пен үкімет екінші жыл қатарынан ортақ келісімге келе алмай отырған негізгі тақырып. Лекорнюдің өзі мойындағандай, оның басты және ең маңызды тапсырмасы — 2026 жылға арналған Франция бюджетін Ұлттық ассамблея арқылы өткізу, дейді BBC.
Зейнет жасын көтеру мәселесі уақытша тоқтатылғандықтан, бюджетті теңестіру енді басқа шығындарды қысқарту есебінен жүзеге асуы тиіс. Бұл қадам премьердің беделін арттыра қоймайды. Лекорню әр шешімді парламент арқылы үлкен қиындықпен өткізуге мәжбүр болады, түрлі фракциялармен уақытша одақтарға сүйенеді, ал бұл екінші үкіметтің тиімділігін арттыра қоймайды, деп болжайды BBC.
Қоғамда да жаңа үкіметке қатысты бірлік жоқ. BFMTV сауалнамасына сәйкес, француздардың 56%-ы кез келген сенімсіздік вотумына қарсы, ал Le Figaro газетінің оқырмандарының 62%-ы Лекорнюдің қайта премьер болып тағайындалуын қолдамайды.








