БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Германия экономикасы күткеннен жақсы өсті. Алда не күтеміз?

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
Германия экономикасы күткеннен жақсы өсті. Алда не күтеміз?

Еуропадағы ең ірі экономика — Германия бірінші тоқсанда сарапшылар болжамынан едәуір қарқынды өсті. Бұған экспорт пен өндірістің күтпеген белсенді көтерілуі ықпал етті. Экономистердің пікірінше неміс компаниялары АҚШ пен ЕО арасындағы жаңа кедендік баждар күшіне енгенге дейін жеткізілімдерді жеделдетіп, қысқамерзімді белсенділік толқынын тудырған.

Егжей-тегжейлі

2025 жылдың бірінші тоқсанында Германия экономикасы алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 0,4 % артты, деп хабарлады Федералдық статистика басқармасы. Associated Press атап өткендей, бұл алдын-ала 0,2 % деп бағаланған көрсеткіштен жоғары. Сонымен бірге, Еуроаймақтың орташа өсімі 0,3 % болғанда, Германия қарқыны оны басып озды. 2024 жылдың төртінші тоқсанында елдің ЖІӨ-і 0,2 % қысқарып, рецессия қаупі жайлы алаңдаушылық туғызған еді.

Соңғы рет Германия ЖІӨ-інің бұдан да жоғары өсімі 2022 жылдың үшінші тоқсанында 0,6 % болған, деп жазады агенттік. Ел соңғы жылдары тұрақты өсуді қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болып келеді: екі жылдың ішінде экономика екі рет тоқсандық құлдырау көрсетті.

Бірінші тоқсанда ЖІӨ өсімін сауда және тұтыну қамтамасыз етті: экспорт төртінші тоқсанмен салыстырғанда 3,2 % ұлғайды, үй шаруашылықтарының тұтыну шығындары 0,5 % өсіп, алдыңғы кезеңдер қарқынынан озды; инвестициялар да 0,9 % артты. Ал мемлекеттік шығындар 0,3 % қысқарды: коалиция ыдырағаннан кейін толыққанды бюджет қабылдай алмағандықтан, Германия әзірге уақытша бюджетпен жұмыс істеп отыр.

Наурызда экспорт пен өнеркәсіптік өндіріс болжамнан жоғары шықты: АҚШ импорттаушылары жаңа баждар күшіне енбей тұрып тапсырыстарын рәсімдеуге асықты, деп түсіндірді статистика басқармасының президенті Рут Брандт Reuters-ке.

Бұл нені білдіреді

«Бүгінгі деректер бізге ұмыт бола бастаған шындықты еске салды: неміс экономикасы әлі де жағымды тосынсый жасай алады», — деді ING бас макроэкономисі Карстен Бжески. Дегенмен, оның айтуынша, бірінші тоқсанның мықты көрсеткіштері, ең алдымен, қысқа мерзімді «жағымды ерекшелік» болып қалуы мүмкін, себебі компаниялар Трамп енгізген баждарды алдын орауға тырысты. «Жарияланған баждарға байланысты және 2 сәуірдегі “Азаттық күні” қарсаңында Германияның өнеркәсіптік өндірісі мен экспорты наурызда күрт өсті», — деп жазды сарапшы AP көрген жазбасында.

Hamburg Commercial Bank-тің бас экономисі Сайрус де ла Рубия да экспорт пен өндіріс өсімі екінші тоқсанда баяулауы мүмкін екенін, өйткені олардың едәуір бөлігі алдын ала сұраныс әсерінен болғанын мойындайды. Сонымен бірге, ол өндірісте циклдік құрамдас та барын, ал тұтыну нақты жалақы өсімінің арқасында күшейіп келе жатқанын атап өтті. «Өсім үрдісі жалғасуы мүмкін деп күтетін бірнеше себеп бар», — дейді де ла Рубия.

ING-тен Бжески қысқа мерзімде теріс факторлар оң ықпалдан басым түсетінін болжайды. Соған қарамастан, ол қойма қорлары қалпына келуінің алғашқы белгілеріне назар аударады: әдетте бұл алдағы айларда өнеркәсіп өндірісі өсетініне ишара.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары