IBM акциялары OpenAI бәсекелесімен әріптестік жайлы хабардан кейін өсті

Жасанды интеллект, бұлттық есептеу, автоматтандыру және киберқауіпсіздік салаларында корпоративтік шешімдер әзірлейтін IBM компаниясының акциялары 7 қазан, сейсенбі күнгі саудада 4%-ға қымбаттап, тарихи максимумға жетті. Компания Anthropic стартапымен серіктестік орнатып, оның жасанды интеллект технологияларын өз өнімдеріне біріктіретінін жариялады. Anthropic Claude атты танымал чат-ботымен танымал.
Егжей-тегжейі
7 қазанда IBM акциялары 3,9%-ға өсіп, $300,8-ге жетті. Бұл — олардың бар тарихындағы ең жоғарғы баға, деп хабарлайды Barron’s. Инвесторлар компанияның Anthropic-пен әріптестік туралы жаңалығын оң қабылдады.
IBM мәліметінше, енді клиенттер Claude деп аталатын үлкен тілдік модельдерге қол жеткізе алады. Бұл нейрожелілер жаңа бағдарламалық ортаға енгізіліп, қолданушыларға код жазуға көмектеседі. Бұл бағыт vibe-кодинг деп аталады, яғни жасанды интеллект құралдары бағдарламалау процесін жылдамдатып, кәсіби емес адамдарға да бағдарламалауды үйренуге мүмкіндік береді, деп түсіндіреді Bloomberg. IBM дерегінше, бұл өнім қазірдің өзінде 6 мыңнан астам қолданушыға қолжетімді.
Келешекте Anthropic моделдері IBM-нің басқа да өнімдерінде қолданылады.
Сарапшылардың пікірі
Жыл басынан бері IBM акциялары шамамен 36%-ға өсті. MarketWatch-тың дерегінше, компанияны бақылап отырған 23 сарапшының 11-і акцияны ұстауға, 9-ы сатып алуға, 3-і сатуға кеңес береді. Уолл-стрит сарапшылары акция бағасының айтарлықтай өсуін күтпей отыр: орташа болжам бойынша, бір акцияның бағасы $198 болады, бұл қазіргі нарықтық бағамен шамалас.
Контекст
Bloomberg-тің жазуынша, инвесторлар технологиялық алыптар мен жас ЖИ компаниялар арасындағы стратегиялық серіктестіктерге ерекше назар аударып отыр. Мысалы, Advanced Micro Devices (AMD) компаниясының акциялары дүйсенбіде OpenAI-пен келісім туралы хабардан кейін бірден 30%-ға өсіп, бір жылдағы ең жоғарғы деңгейге жетті. Ал өткен аптада Еуропаның ең ірі бағдарламалық жасақтама өндірушісі SAP компаниясының акциялары да OpenAI-мен серіктестік аясында өсім көрсетті. Бұл компаниялар 2026 жылдан бастап Германиядағы мемлекеттік сектор үшін ЖИ қызметтерін ұсынбақ.








