Израиль Газа секторындағы соғысты тоқтату және тұтқындарды босату келісімін мақұлдады

Израиль үкіметі АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газа секторындағы атысты тоқтату және тұтқындарды босату жоспарын мақұлдады. Бұл туралы 10 қазан таңертең премьер-министр Биньямин Нетаньяху кеңсесі хабарлады. Мәлімдемеде айтылғандай, ХАМАС-пен келісім Израильдің барлық тұтқындарын — «тірілерін де, қаза тапқандарын да» — босатуды көздейді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша келісімді Израиль үкіметі ресми түрде бекіткеннен кейін 24 сағат ішінде атысты тоқтату күшіне енеді. Осыдан кейін ХАМАС-та тұтқындарды босатуға 72 сағат уақыт болады. Газа секторындағы ХАМАС жетекшісі Халиль әл-Хайя АҚШ пен өзге де делдал елдер соғыстың аяқталатынына кепілдік бергенін мәлімдеді.
Келісім аясында Израиль 7 қазан 2023 жылғы ХАМАС шабуылы кезінде тұтқынға алынған 48 адамның орнына өмір бойына сотталған шамамен 250 палестинді және Газадан ұсталған тағы 1700 адамды босатуды жоспарлап отыр. Reuters-тің дерегінше 20 израильдік тұтқын әлі тірі, 26 адам қаза тапқан, ал екеуінің тағдыры белгісіз. ХАМАС өкілдері қаза тапқандардың денелерін шығару тірі тұтқындарды босатудан көбірек уақыт алуы мүмкін екенін айтты.
Израиль 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС ұйымдастырған шабуылға жауап ретінде Газа секторында әскери операция бастаған еді. Ол кезде жауынгерлер шамамен 1200 адамды өлтіріп, 251 адамды тұтқынға алған болатын. ХАМАС бақылауындағы аумақ билігінің мәліметінше, содан бері израильдік операциялар салдарынан Газа секторында кемінде 67 мың адам, соның ішінде 20 мыңнан астам бала қаза тапқан. БҰҰ бұл деректерді шынайы деп санайды, бірақ Израиль олардың дұрыстығын жоққа шығарады, деп жазады BBC.








