Қор нарығында түзетуге әкелетін екі фактор бар — стратег

BCA Research стратегінің айтуынша, АҚШ қор нарығында түзету болуы мүмкін: америкалық индекстердің максимум деңгейлері екі әлсіз тірекке сүйеніп тұр — экономиканың тұрақтылығы мен ЖИ-ға қатысты ажиотаж. Ол жасырын жұмыссыздықтың өсуіне және тұрғын үй нарығындағы жағдайдың нашарлауына назар аударды. ЖИ секторы ұзақ мерзімді әлеуетіне қарамастан, осал күйде: тұтынушылық шығынның баяулауы Meta мен Alphabet сияқты компаниялардың жарнама кірісіне соққы беруі мүмкін. Сарапшының айтуынша, жиналған осалдықтар қазірдің өзінде инвесторларды «катапульта түймесін басуға дайын» күйге жеткізді.
Егжей-тегжейлі
BCA Research-тің бас жаһандық стратегі Питер Березиннің пікірінше, әлсіз экономика мен ЖИ төңірегіндегі эйфорияның азаюы акция нарығында түзетуге әкелуі мүмкін. Оның сөзін MarketWatch келтіреді. Бейсенбі күні Dow, S&P 500 және Nasdaq индекстері тарихи максимум деңгейін жаңартты, алайда сарапшы ралли тек екі тірекке — экономиканың тұрақтылығына және ЖИ-ға қатысты ажиотажға сүйеніп тұрғанын атап өтті. Ол біраз уақытқа дейін нарық осы екі тіректің әлсіреуін көрсететін дабылды сигналдарды елемеуі мүмкін деп ескертті.
Березин АҚШ экономикасының осалдығының бір белгісі ретінде еңбек нарығының әлсіздігін атап өтті. «Жұмыссыздық деңгейінің аздап өсуі көптеген адамдардың жұмыс іздеуді доғарғанын жасырады. Егер жұмыс күшіне кірмейтін, бірақ еңбекке орналасқысы келетіндерді ескерсек, жұмыссыздық көрсеткіші қаңтардан бері 0,76 пайыздық пунктке өскен болар еді», — деді сарапшы. Оның айтуынша, тұрғын үй нарығы да « барған сайын шайқалып барады», ал соңғы айларда жаһандық экономикалық өсімді негізінен кедендік баждар аясындағы алдын ала жасалған сатып алулар қолдап тұр.
Сарапшының пікірінше, ЖИ секторы да ұзақ мерзімді әлеуетіне қарамастан, циклдік құлдырауларға осал. BCA дерегінше, Meta Platforms пен Alphabet сияқты компаниялар жарнамаға қатты тәуелді, ал тұтынушылық шығынның баяулауы олардың кірісін күрт төмендетуі мүмкін. «Өткен тәжірибе көрсеткендей, еркін ақша ағымы азайғанда инвесторлар мазасыздана бастайды», — деп еске салды BCA. Дәл осы 2021 жылдың соңында Amazon, Google, Meta, Microsoft және Oracle сияқты алпауыттардың жиынтық ақша ағымдары уақытша төмендеген болатын.
BCA бағалауы бойынша, ірі технологиялық компаниялардың капиталдық шығындарының шыңы тек 2026 жылдың екінші жартысына келеді. Алайда S&P 500 индексінің капитализациясының үштен бірін құрап отырған ЖИ-ға байланысты компания акциясы бұдан әлдеқайда ерте төмендеуі мүмкін. Бұл әл-ауқаттың төмендеуі әсерінен тұтынушылық шығынға соққы береді. «Жаһандық акциялардың шыңын дәл анықтау мүмкін болмаса да, қазірдің өзінде инвесторларды «катапульта түймесін басуға дайын» қылатын осалдықтар жеткілікті», — деп түйіндеді Березин.
Түзету қашан болуы мүмкін?
Төмендеудің нақты қашан болатынын болжау қиын, деп атап өтті сарапшы, себебі оны сирек жағдайда бір ғана фактор тудырады. Өткендегі күрт түзетулер көрсеткендей, жаппай сатылым оқиғалардың үйлесімінен басталады. «Қор нарығындағы келесі күйреуді не тудырады деп сұрау — қай қардың түйіршігі көшкінді қозғайтынын сұрағанмен бірдей», — дейді BCA Research стратегы.
Мысалы, Березин АҚШ тарихындағы ең ірі бір сәттік төмендеу — 1987 жылғы «қара дүйсенбіні» еске салды: ол сауда тапшылығының өсуі мен доллардың әлсіреуі аясында болып, ФРЖ мөлшерлемені көтеруі мүмкін деген қорқынышты күшейтті; сол жылы он жылдық мемлекеттік облигацияның кірістілігі 7,1%-дан 10%-ға дейін өсіп, Конгресс бірігуге салықтық жеңілдіктерді шектеу туралы заң жобасын қарастырды, ал нарық бағалаулары тым жоғары еді. Ұқсас түрде, 1998 жылғы төмендеу Long Term Capital Management хедж-қорының күйреуімен қатар Азиядағы ең ірі жекеменшік инвестбанк Peregrine Investment Holdings-тің банкроттығына, юань девальвациясы мен Ресей дефолтына байланысты болды. Ал 2000 жылғы доткомдар көпіршігі тек акциялардың қайта бағалануынан емес, ФРЖ мөлшерлемені қайта көтеруінен және қағаз ұсынысының күрт артуынан өршіді: акциялардың таза шығарылымы 1999 жылғы $9 млрд-тан 2000 жылдың алғашқы тоқсанында $59 млрд-қа дейін жетті.








