«Қорытынды шығаруға әлі ерте»: ФРЖ басқарма мүшесі төрт рет пайыздық мөлшерлемені төмендету жөніндегі болжамын сақтайды

Федералдық резерв жүйесінің басқарма мүшелерінің бірі төрт рет пайыздық мөлшерлемені төмендету жөніндегі болжамын растады / Фото: Adam Parent / Shutterstock.com
Bloomberg хабарлауынша, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басқарушылар кеңесінің мүшесі Стивен Миран Иранға қарсы соғысқа байланысты қысқа мерзімді факторларға өз ақша-несие саясатын негіздемеуі керек дейді.
«Біз [пайыздық мөлшерлеме] болжамына елеулі өзгерістер енгізбес бұрын барлық ақпараттың толық жиналуын күтуіміз керек. Алдағы 12 айда жағдай қалай болатыны туралы нақты қорытынды жасауға әлі ерте», – деді Президент Дональд Трамп тағайындаған Миран.
Миран 18 наурызда Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдыру туралы шешіміне қарсы шықты. Өзі Президент сияқты, Трамп тағайындаған өкіл икемді саясатты қолдайды және мөлшерлемелерді 0,25 пайыздық пунктке төмендету керек еді деп талап етеді. Орта Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасының ұзақ уақыт бойы жоғары болуы басқа тауарлар мен қызметтерге де әсер етуі мүмкін деген қауіпті ескере отырып, Миран биыл төрт рет пайыздық мөлшерлемені төмендету жөніндегі соғыс алдындағы болжамы әлі де өз күшінде екенін мәлімдеді.
Контекст
Февраль айында-ақ Уолл-стрит трейдерлері Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді қайтадан қашан төмендете бастайтыны жөнінде пікірталасып жатты. Иранмен соғыс салдарынан туындаған мұнай шокының фонында фьючерстік нарықтар енді инвесторлардың биылдың өзінде пайыздық мөлшерлемелерді көтеру мүмкіндігін де ескеріп отырғанын көрсетеді, деп жазады The Wall Street Journal. Мысалы, Чикаго Федералдық резервтік банкінің президенті Остин Гулсби 23 наурызда CNBC-ге берген сұхбатында мұны жоққа шығарған жоқ.
Егер инфляция бәсеңдеуді жалғастырса, жыл ішінде бірнеше рет пайыздық мөлшерлемені төмендету кезеңіне қайта оралуымыз мүмкін. Алайда жағдай басқа арнаға бұрылып, инфляция бақылаудан шығып кетсе, бізге мөлшерлемені көтеруге тура келетін сценарийді де елестетемін, – деді Гулсби.
Өткен жылы Гулсби тұрақты инфляцияға алаңдаушылық білдіріп, желтоқсанда пайыздық мөлшерлемелерді төмендету жөніндегі ФРЖ шешіміне қарсы шыққанын WSJ жазады. Алайда ол биылғы жылдың қаңтар және наурыз айларында қысқа мерзімді мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдыру шешімін қолдады. Ол биыл дауыс беру құқығына ие емес, бірақ келесі жылы дауыс беруге қайта оралады, деп хабарлайды CNBC.








