БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Кейінгі үш жылдағы биткойнның үстемдігі биыл ерекше төмендеді

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Кейінгі үш жылдағы биткойнның үстемдігі биыл ерекше төмендеді

Криптовалюта нарығында биткойнның үстемдігі күрт әлсіреді. Бір апта ішінде оның нарықтағы үлесі 5,8 пайызға төмендеп, 61 пайыздан төмен түсті. Бұл — наурыз айынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ең танымал криптовалютаның бағасы өсуін баяулатқанына байланысты капитал альткойндарға, атап айтқанда, Ethereum, Dogecoin және Solana-ға қарай көбірек ауыса бастады. Бұл монеталар соңғы аптада екі таңбалы табыс көрсетіп отыр.

Биткойн мен басқа токендер арасындағы өзара байланыс әлсірей түсті. Бұл жағдай институционалдық сұраныстың күшеюімен және реттеу саласындағы оң өзгерістермен қатар келіп отыр. Мұның бәрі альткойндардың жаңа өсу циклі басталуы мүмкін екенін көрсетеді.

Егжей-тегжейі

CoinDesk басылымының жазуынша, биткойнның криптовалюта нарығындағы үлесі бір апта ішінде 5,8 пайызға төмендеді. Қазір ол 61 пайыздан да аз. Бұл — 2022 жылғы маусымнан бері тіркелген ең ірі апта ішіндегі құлдырау. TradingView деректеріне сүйенсек, биткойнның нарықтағы үстемдігі наурыздан бері мұндай төмен деңгейде болмаған. Маусым айының соңында оның үлесі шамамен 66 пайызға дейін жеткен болатын.

Бұл мақала жарияланған сәтте, яғни 21 шілде, дүйсенбі күні биткойн 0,2 пайызға өсті. Құны шамамен 119 мың доллар шамасында саудаланып жатты. Бұл — бір апта бұрынғы деңгейінен сәл жоғары.

Ethereum тәулігіне 0,5 пайызға, ал бір аптада 27 пайызға қымбаттады. Бұған осы токендерге негізделген қазынашылық өнімдерге жоғары сұраныс және Ethereum ETF-теріне қаржының тұрақты түрде құйылуы әсер еткенін сарапшылар түсіндіреді.

21 шілде күні Dogecoin бірден 10 пайызға қымбаттады. Апталық өсімі 33 пайыздан асты. XRP, Solana және Cardano секілді басқа монеталар да биткойннан жылдамырақ өсіп келеді.

Бұл нені білдіреді?

CoinDesk түсіндіруінше, биткойн үлесінің азаюы — инвесторлар үшін басқа валюталарға қаржы салу тиімді бола бастағанының белгісі. Биткойн мен альткойндардың қозғалысы арасындағы өзара байланыс әлсіреді. Яғни, альткойндар енді биткойнға қарап емес, жеке бағытпен қозғала бастады.

Аnalytica платформасы Alphractal жүргізген зерттеуге сүйенсек, бұндай көріністер бұған дейін көбіне нарықтағы құбылмалықтың артуына және маржалық позициялардың мәжбүрлі түрде жабылуына алып келген.

Brickken компаниясының активтерді токенизациялау жөніндегі сарапшысы Эмануэль Кардосо былай дейді: «Соңғы аптада альткойндар алдыңғы қатарға шыға бастады. Себебі биткойн тарихи максимумға жақындап, тоқтап қалды. Ал капитал енді кең ауқымды криптоактивтерге ауысуда».

Ол бұл процесті альткойн маусымының ерте кезеңі деп есептейді. Және болашақта нақты экономикамен байланысты альткойндар өсуге серпін беруі мүмкін екенін айтады.

CoinDesk альткойндардың өсуіне «unit bias» деп аталатын психологиялық құбылыс та ықпал етіп отырғанын жазады. Бұл — инвесторлар активтің бөлшегін емес, толық бірлігін иеленуге бейім болатын когнитивтік бұрмалау. Биткойн рекорд жаңартып жатқанда, тәжірибесі аз қатысушылар арзан токендерге, әсіресе мемкойндарға бет бұра бастады.

Контекст

Криптовалюталар нарығының жалпы капитализациясы үш аптада 3 трлн доллардан 4 трлн долларға дейін өсті. Бұл өсімді негізінен Ethereum сынды альткойндар қамтамасыз етті.

OSL компаниясының коммерциялық директоры Юджин Чеунг былай дейді: «Ethereum және басқа альткойндар институционалдық сұраныс пен оң заңнамалық саясаттың арқасында өсіп жатыр. Трейдерлер Ethereum бұрынғы тарихи шегінен асып түседі деп үміттенеді. Себебі бұл ірі активтердің ішінде қазіргі циклде бұрынғы рекордқа әлі жете алмаған жалғыз токен».

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп доллармен байланыстырылған стейблкойндарға арналған реттеу базасын қалыптастыратын заңға қол қойды. Бұл шамамен 265 млрд долларлық нарықтың заңдастырылуына жол ашпақ. Citigroup сарапшыларының болжауынша, бұл нарық 2030 жылға қарай 3,7 трлн долларға дейін өсуі мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары