БастыReview
Бөлісу

Маск пен Трамптың жанжалы, Nvidia-ның 1 трлн доллары, Gucci орнына танктар

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Маск пен Трамптың жанжалы, Nvidia-ның 1 трлн доллары, Gucci орнына танктар

Маск Трамппен сөзге келді: бұл инвесторлар үшін нені білдіреді? Nvidia әлемдегі ең қымбат компания атағын өзіне уақытша қайтарып алды. Alphabet құнының төрттен бірін жоғалтуы мүмкін. Еуроаймақтағы басты индекс құрамына қорғаныс компаниясы енеді. 2–6 маусым аралығындағы басты жаңалықтарға шолу.

Nvidia екі айда 1 трлн $ капитализациясын қайтарды

Осы аптада Nvidia бір күнге әлемдегі ең қымбат компания атанды. Bloomberg-тің мәліметінше, соңғы екі айда компания акциялары 50%-ға жуық өсіп, нарықтық құнын 1 трлн долларға арттырды.

Компанияның бұған дейін жарияланған қаржылық есебі инвесторлардың Қытайға қатысты АҚШ шектеулерінен түсетін кірістің азаюы мүмкін деген алаңын сейілтті. Сонымен қатар, компания жаңа Blackwell чиптеріне деген жоғары сұраныс пен өндірісті ұлғайта алатын әлеуетін көрсетті. Globalt Investments өкілі Томас Мартин: «Қазір — портфельдегі Nvidia үлесін арттырудың оңтайлы сәті», — дейді.

Алайда, қауіптер де жоқ емес. Чиптер шетелде өндіріледі және олар АҚШ-тың импорттық тарифтеріне ілінуі мүмкін. Қытай — бірінші тоқсанда табыстың 13%-ын берген маңызды нарық. Дегенмен, Nvidia Таяу Шығыстағы қатысуын кеңейтіп, аймақтағы мемлекеттік құрылымдармен келісімдер жасасып жатыр.

3 маусымда Nvidia акциялары шамамен 3%-ға қымбаттап, нарықтық құны $3,45 трлн-ға жетті. Бұл көрсеткішпен ол Microsoft-ты басып озып, қаңтардан бері алғаш рет ең қымбат жария компания мәртебесін алды. Бірақ бұл ұзаққа созылмады — аптаның соңында Microsoft қайтадан көш бастады.

Толығырақ оқығыңыз келсе:

Freedom Holding компаниясының құрушыларлдың бірі Игорь Клюшневтің «Nvidia жарысы: капитализацияны 5 трлн долларға жеткізу мүмкін бе?» атты мақаласында компанияның шарықтау шегіне жеткен-жетпегені талданады. Nvidia жасанды интеллект саласында көшбасшы болғанымен, басты қауіп — бәсекелестердің даму жылдамдығы.

Alphabet Chrome-ды сатуға мәжбүр болуы мүмкін. Солай болған жағдайда нарықтық құнының 25%-ын жоғалту қаупі бар

Егер АҚШ федералды соты Google-ға Chrome браузерін сатуға бұйырса, Alphabet құнының төрттен бірінен айырылуы мүмкін. Мұндай тұжырымды Barclays сарапшылары жасап отыр, деп хабарлайды Yahoo Finance.

Бұл оқиға 2024 жылдың тамызында басталды: Google АҚШ Әділет министрлігімен монополияға қарсы істе жеңіліп, жалпы іздеу және мәтіндік жарнама нарығын монополиялағаны үшін кінәлі деп танылған. Енді министрлік Google-дан Chrome-ды сатуды, құрылғы өндірушілерімен эксклюзив келісімдерді тоқтатуды және бәсекелестерге қолданушылар дерегін беруді талап етуде.

Barclays сарапшысы Росс Сэндлердің айтуынша, Chrome-ды сатуға мәжбүр болу қаупі әзірге төмен, бірақ артып келеді. Chrome арқылы Google іздеу жарнамасынан түсетін табыстың шамамен 35%-ын алып отыр. Браузердің 4 млрд қолданушысы бар. Егер бұл актив сатылса, Alphabet-тің бір акцияға шаққандағы табысы 30%-ға қысқаруы мүмкін. Сарапшы мұны «қара аққу» — яғни күтпеген, дүр сілкіндіретін оқиға деп бағалайды.

Соттың түпкілікті шешімі 2025 жылғы тамызда күтіледі.

Толығырақ оқығыңыз келсе:

Oninvest үшін жазған журналист Роман Могучийдің «Бәсекелестерден бұрын өз іздеуін бұзу: Google жасанды интеллектке қалай қарсы тұруда» атты мақаласынан оқи аласыз.

Аптаның дау-дамайы: Илон Маск пен Дональд Трамптың сөзге келуі

Сейсенбі күні Илон Маск салықты азайтуға бағытталған заң жобасын сынады. Дональд Трамп оны Big Beautiful Act (яғни «Ұлы көркем заң») деп таныстырып жатса, Маск бұл бастаманы «жиренішті» әрі «сыйлықтарға толы» деп атады.

Бейсенбіде екеуара ашық текетірес басталды: Маск әртүрлі жолмен Big Beautiful Act-ті бірнеше рет сынап шықты. Бастапқыда үнсіз қалған Трамп кейіннен Маскты «есі ауысқан» деп атап, бюджет шығынын қысқартудың ең жақсы жолы — оның компанияларымен жасалған мемлекеттік келісімшарттарды үзу екенін мәлімдеді.

Bloomberg Government дерегінше, SpaceX пен Tesla 2000 жылдан бері мемлекеттік келісімшарттардан $22,5 млрд табыс тапқан (құпия келісімшарттар есепке алынбаған). Маск бұған жауап ретінде SpaceX-пен келісімді үзудің Халықаралық ғарыш станциясына ұшу қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін айтты.

Осы жанжал салдарынан Tesla акциялары бейсенбіде 17%-ға дейін құлдырап, күн соңында 14%-дан астам арзандады. Маск бір күнде 34 млрд доллар жоғалтты. Жұма күні акциялар аздап (+3,67%) көтерілді. Gerber Kawasaki компаниясының жетекшісі Росс Гербер Масктың телефонын тартып алуға кеңес берді. Goldman Sachs Tesla-ның мақсатты бағасын 10 долларға төмендетіп, 285 $ деп белгілесе де, негізгі себеп — АҚШ пен Еуропадағы Tesla сатылымының құлдырауы.

Толығырақ оқығыңыз келсе:

— Oninvest тілшісі Виктория Сирота «Маск пен Трамптың қақтығысы инвесторларға не әкелуі мүмкін» атты материалда бұл жанжалдың салдарын зерттейді.

— Саясаттанушы Ян Веселов Oninvest үшін жазған «Үйге, көліктерге қарай: Масктың бюрократиямен күресі немен аяқталды» атты бағанында Масктың Ақ үйдегі қысқа мерзімді ықпалын талдайды.

Аптаның тренді: Rheinmetall — Euro Stoxx 50 индексінің жаңа қатысушысы

Rheinmetall акцияларының күрт өсуі Германияның танк пен оқ-дәрі өндірушісіне еуроаймақтағы ең ірі биржалық индекс — Euro Stoxx 50 қатарына енуге мүмкіндік берді. Bloomberg-тің жазуынша, 20 маусымнан бастап Rheinmetall Gucci брендінің иесі Kering SA компаниясын алмастырады.

Бұл — таза қорғаныс саласынан шыққан жалғыз компания болмақ. Индексте сондай-ақ Safran SA және Airbus SE бар.

2022 жылғы Ресей–Украина қақтығысынан бері Rheinmetall акциялары 1800%-ға өсті. Ал Kering-тің құны, керісінше, биыл 27%-ға төмендеп, сәуірде 2016 жылдан бергі ең төменгі шегіне түсті. Бұған Қытайдағы бай тұтынушылардың белсенділігінің бәсеңдеуі мен Трамптың енгізген жаңа баж салығы әсер етті.

Rheinmetall-дың индекске енуі пассивті инвестициялық қорлар тарапынан сұранысты арттырып, акциялардың өсуіне қосымша серпін беруі мүмкін.

Ozempic және Mounjaro қабылдаған әйелдер жоспарсыз жүкті болған — британдық регулятор ескерту жасады

Ұлыбританияның дәрілік заттарды бақылау агенттігі (MHRA) Ozempic, Wegovy және Mounjaro препараттарын қабылдаған әйелдердің арасында 40 жүктілік жағдайы тіркелгенін хабарлап, алғашқы қоғамдық ескертуін жариялады. Бұл туралы The Guardian жазады.

Mounjaro артық салмағы бар әйелдерде ауызша контрацепция (мысалы, таблеткалар) тиімділігін төмендетуі мүмкін. Осыған байланысты барьерлі контрацепция әдістері, яғни презерватив қолдану ұсынылады.

26 жүктілік жағдайы Mounjaro қолданушылардан, сегізі семаглутид (Ozempic пен Wegovy құрамында бар) қабылдаушылардан, ал тоғызы лираглутид (Saxenda құрамында) пайдаланушылардан түскен. Екі жағдайда жүктілік жоспарланбағаны нақты көрсетілген.

Толығырақ оқығыңыз келсе:

Oninvest шолушысы Александр Пухов «Ozempic пен Mounjaro-ның арзан нұсқалары заңсызға айналды: бұл нарық қалай жұмыс істеді және кім пайда тапты?» атты мақаласында бұл дәрілердің айналасындағы көлеңкелі нарықты сипаттайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары