Маусым соңына дейін үш акция шарықтайды — Morgan Stanley

АҚШ-та тоқсандық есеп беру маусымы қарқын алып жатқан кезде, Morgan Stanley инвестициялық банкі әлі есеп бермеген, бірақ қаржылық нәтижелерін жариялағаннан кейін акциясы шарықтауы мүмкін үш компанияны атады. Банктің үздік инвестициялық идеялары авиатасымалдан бастап бағдарламалық қамтамасыз етуге дейінгі түрлі саланы қамтиды, деп хабарлады CNBC.
Телеарна банк ең тиімді деп санаған үш акцияны атады.
Southwest Airlines
Уолл-стрит Southwest Airlines америкалық әуе компанияның акциясын әлі де төмен бағалап отыр (есеп 23 қазанда жарияланады), ал ол қазір бизнесін қайта құруда: ұшақтардың қызмет көрсету уақытын қысқартып, флотты толық жүктеу үшін түнгі рейстер енгізіп және шығынды азайтып жатыр, деп санайды Morgan. Соңғы бір жылда Southwest Airlines акциясы шамамен 13% қымбаттады. Инвестбанк сарапшыларының жазбасын CNBC келтіреді: «Акция динамикасының арқасында инвесторлар тактикалық сақтық танытып отыр. Егер компания мықты есеп пен оң болжам ұсынса, бұл котировканың одан әрі өсуіне түрткі болуы мүмкін». Morgan Stanley компаниясының Southwest Airlines акциясына қойған мақсатты баға — $38. Бұл Уолл-стриттің орташа бағалауынан 15% жоғары және ағымдағы құнынан шамамен 10% жоғары.
Meta Platforms
Morgan Stanley сарапшыларының айтуынша, Meta Platforms акциясының (есебі 29 қазанда) өсу әлеуеті бар, себебі компания қолданушылардың белсенділігін арттырып, жарнама бизнесін кеңейтіп жатыр. Сонымен қатар, Instagram және басқа қосымшаларға енгізіліп жатқан жасанды интеллект негізіндегі жаңа функциялар да котировканы қолдауы мүмкін. Facebook, Instagram және WhatsApp платформаларының бас компаниясының акциясы 2025 жылы шамамен 25% қымбаттаған. Morgan Stanley компаниясы Meta қағазына $850 мақсатты баға белгілеген, бұл сарапшылардың орташа бағасынан 2% төмен, бірақ ағымдағы бағадан 16% жоғары.
Atlassian
Morgan Stanley болжамынша, Atlassian бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушісінің акциясы (есебі 30 қазанда) қосымша жасауға арналған құралдарға сұраныстың артуы нәтижесінде өсуі мүмкін. Қыркүйекте компания 2029 жылға дейін толықтай бұлттық жүйеге өтетінін хабарлаған, ал банктің сарапшылары бұл шешім өнімдердің монетизациясын жақсартады деп есептейді. Биылдың басынан бері Atlassian акциясы 31% арзандағанымен, Morgan Stanley оларды сатып алуға кеңес берді (рейтинг — Overweight) және мақсатты бағаны $320 деп белгілеген — бұл Уолл-стриттің орташа таргетінен 28% және ағымдағы бағадан шамамен 90% жоғары.








