Әмірліктердегі құпия қор: Трамп жобасының басты инвесторы туралы не белгілі?

АҚШ президенті Дональд Трамппен байланысты World Liberty криптоплатформасының ең ірі белгілі инвесторы – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Aqua 1 Foundation атты құпия қор. Ол маусым айында платформа токендеріне 100 миллион доллар жұмсаған. Алайда Reuters-тің зерттеуіне қарағанда, қор мен оның негізін қалаушы Дэйв Ли туралы не корпоративтік тізімдерде, не әлеуметтік желілерде дерек жоқ. Агенттік мұндай ашықтықтың болмауы мен ықтимал мүдделер қайшылығы халықтың үкіметке деген сеніміне кері әсер етуі мүмкін деп санайды. Себебі бұл жобадан түсетін табыстың негізгі бөлігі Трамптар отбасына тиесілі.
Егжей-тегжейі
Reuters дерегінше, маусым айында бұрын белгісіз болған Aqua 1 қоры Дональд Трамппен байланысты World Liberty криптоплатформасының токендерін 100 млн долларға сатып алған. Осылайша, ол жобаның ең ірі ашық инвесторына айналды. Алайда агенттік тексерісі бұл қордың қаржы көздері мен оның «негізін қалаушысы әрі серіктесі» делінген Дэйв Ли туралы ешқандай ашық мәлімет таппаған.
Reuters не анықтады?
Aqua 1 сайты өзін Web3 қорымыз деп сипаттайды. Сондай-ақ ОАЭ-де орналасқан, жаһандық нарыққа бағытталған және криптоэкожүйенің ұзақ мерзімді дамуына мүдделі екенін жазады. Мұндай қорлар көбіне блокчейн және децентрализатцияланған интернет жобаларына қаржы құяды. Аталған сайт мамырда, яғни инвестиция туралы хабарланғанға дейін бір ай бұрын құрылған. Домен иесі туралы ақпарат жабық, сайтта басшылық немесе инвесторлар туралы ештеңе жоқ.
Aqua 1-дің ОАЭ-де қандай да бір қаржы органында тіркелгені жөнінде ақпарат табылмады. NeosLegal заңгері Зейнаб Камранның айтуынша, мұндай қорлар әдетте Abu Dhabi Global Market, Dubai International Finance Centre немесе жергілікті қаржылық реттеушілерде тіркелуі тиіс. Алайда бұл құрылымдардың ешқайсысының ашық базасында Aqua 1, Aqua 1 Foundation немесе Дэйв Ли туралы мәлімет жоқ. Дубайдағы криптобақылаушы орган VARA да Aqua 1-мен байланыста болмағанын айтты.
Дэйв Ли туралы да мәлімет аз. Оның X (бұрынғы Twitter) парақшасы тек 2023 жылы тіркеліп, онда World Liberty-мен байланысты бірнеше жазбадан басқа ештеңе жоқ.
Aqua 1-дің жалғыз белгілі инвестициясы – World Liberty. Қордың активі – 100 млн $. Arkham платформасына сілтеме жасаған Reuters мәліметінше, маусым басында aqua1.eth криптоәмияннан World Liberty-ге 80 млн $ аударылған. Бұған дейін көктемде 9 млн $ және 3 млн $ белгісіз криптоәмияндарға аударылған. Сол кезеңде OKX биржасындағы бір аккаунттан осы әмиянға 90 млн $ келіп түскен.
Тағы кімдер инвестиция салды?
World Liberty ($WLFI) токендерін қомақты көлемде сатып алған инвесторлардың көпшілігі жасырын криптоәмияндар арқылы әрекет етеді. Бірақ олардың кейбірі белгілі. Мысалы, бұған дейінгі ең ірі сатып алушы – қытайлық инвестор Джастин Сан ($75 млн), сондай-ақ ресейлік криптокәсіпкер Андрей Грачев басқаратын дубайлық DWF Labs компаниясы. DWF Labs өкілдері Aqua 1 мен Дэйв Лиді танымайтындарын мәлімдеген. Сонымен қатар, Binance-ке 2 млрд $ инвестиция салған Абу-Дабидің мемлекеттік қоры MGX және Джастин Санның Tron компаниясы да Aqua 1 туралы пікір білдіруден бас тартқан.
Контекст
Трамптар отбасы World Liberty токендерін сатудан түскен табыстың 75%-ын иеленеді. Aqua 1-мен жасалған келісім олардың жеке табысын ондаған миллион долларға арттырды. Reuters есебінше, платформа іске қосылған өткен күзден бері Трамптар шамамен 500 млн $ табыс тапқан. Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли Трамптың криптовалюта саласына ықпал етуге тырысқанына қарамастан, оның отбасының қаржылық мүдделерінен шеттетілгенін мәлімдеді. Оның активтері балалар басқаратын трастта сақталған, сондықтан «мүдделер қайшылығы жоқ», деді ол.
World Liberty және Trump Organization агенттік сұранысына жауап бермеген.
Reuters атап өткендей, World Liberty және Трамппен байланысты басқа да криптожобалар АҚШ-та жиі сынға ұшырап жүр. Себебі олар Трамп әкімшілігінің салаға қатысты жаңа ережелерді өзі қалыптастырып жатқанын пайдаланып, мүдделерін лоббилеуге тырысуы мүмкін. Джордж Буш кіші әкімшілігінде жұмыс істеген этика жөніндегі бұрынғы заңгер Ричард Пейнтердің айтуынша, Aqua 1 секілді жасырын инвесторлар халықтың үкіметке деген сенімін әлсіретеді. «Біз президентке кім ақша жіберіп жатқанын білуіміз керек», — деді ол.








