«Пессимизм — сатып алуға мүмкіндік»: Google конференциясы акция бағасына әсер ете ме?

Инвесторлар Google-дың жасанды интеллект саласында бәсекелестерінен қалып қоймағанын дәлелдейтін мәлімдемелерін күтуде.
Осы аптада инвесторлар үшін басты оқиғалардың бірі — 20 мамырда басталатын Google I/O атты әзірлеушілер конференциясы болмақ. Уолл-стрит Google жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы соңғы жетістіктерін жария етіп, компанияның бұл салада артта қалып қоймағанын және іздеу жүйесіне төнген қауіптерді сейілтетінін күтеді. Google-дың холдингтік компаниясы Alphabet акциялары жыл басынан бері 12%-ға арзандады. Егер конференцияда сенім ұялататын мәліметтер ұсынылмаса, бұл бағалар одан әрі төмендеуі мүмкін екенін сарапшылар ескертіп отыр.
Google конференциясынан не күтуге болады?
— «Компания алдағы тұрақты даму жолын ұсынар деген үміт бар. Қазір инвесторлар кез келген жағымсыз жаңалыққа сезімтал, — дейді Matrix Asset Advisors инвестициялық директоры Дэвид Кац. — Менің ойымша, Alphabet бизнесі қазіргі акция бағасынан әлдеқайда мықты. Сондықтан осы пессимизмді сатып алуға жақсы мүмкіндік ретінде қабылдаймын». Дегенмен, Кацтың айтуынша, қазір Alphabet ЖИ саласында бұрынғы іздеу жүйесіндегі қиындықтарға қарағанда әлдеқайда күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр.
Apple-дың Safari браузері арқылы жасалатын іздеу сұраныстары сәуірде алғаш рет азайғаны туралы мәлімдемесі Alphabet акцияларына қысым түсірді, деп еске салады Bloomberg. Alphabet бұл ақпаратты жоққа шығарып, алдағы конференцияда жаңа технологияларын таныстырып, инвесторлар күдігін сейілтуге уәде берді. Bloomberg және The Information басылымының мәліметінше, конференцияда компания бағдарламалық жасақтама жасауға арналған ЖИ агентін, Pinterest тәрізді фото қызметін және Gemini чат-ботының жаңа нұсқаларын таныстырмақ.
— Alphabet бұл конференцияда «шабуылға көшеді», деп сенеді Melius Research компаниясының технологиялар бойынша зерттеу бөлімінің жетекшісі Бен Рейтцес. Алайда инвесторлардың сенімін қайтару үшін «Gemini-ді монетизациялауға болатынын және оны дәстүрлі іздеудің баламасына айналдыруға мүмкіндік барын көрсету керек» дейді ол. Рейтцес сонымен бірге Google жас ұрпақты жоғалтып алуы мүмкін екенін ескертеді. Себебі олар ChatGPT мен басқа да чат-боттарға көбірек жүгінуде.
Егер конференция әлсіз өтсе, Alphabet акциялары одан әрі арзандауы мүмкін, деп жазады Bloomberg.
— «Бұл жолы жай ғана «әдемі оқиға» жеткіліксіз болуы мүмкін. Себебі жаңа деректер көңіл көншітпейді: ақылы шертулердің өсуі баяулады, Safari арқылы іздеу трафигі 22 жылдан бері алғаш рет төмендеді, ал ChatGPT мен Meta AI аудиториясы қарқынды өсіп жатыр», — деп жазады Bernstein сарапшысы Марк Шмулик.
ЖИ нарығына жаңа ойыншылардың келуі Alphabet-ті қорғаныс ұстануға мәжбүрлеп отыр. Әсіресе, іздеу қызметінде, себебі бұл компания кірісінің жартысынан астамын және негізгі пайдасының көп бөлігін қамтамасыз етеді. Bloomberg Statista деректеріне сілтеме жасай отырып, Alphabet-тің жаһандық іздеу нарығындағы үлесі 2023 жылдың қаңтарында 92,9% болса, қазір 89,7%-ға дейін төмендегенін айтады.
— «Егер Alphabet өзінің озық технологияларын, мамандарын, деректерін және пайдаланушылар базасын біртұтас тиімді ұсынысқа біріктіре алса, өсу әлеуеті өте зор», — дейді FBB Capital Partners компаниясының аға сарапшысы Майкл Бреннер. Ол Alphabet акцияларының қазіргі бағасын төмен бағаланған деп санайды, бірақ оған үлкен сенім арта қоймайтынын айтады. «Alphabet-тің негізгі бизнесіне қатысты маңызды сұрақтар әлі де көп. Егер бәсекелестер тарапынан төнген қауіп сейілмесе, компанияның пайдаға негізделген бағалау коэффициенті (P/E) одан әрі құлдырауы мүмкін», — дейді Бреннер.
Соған қарамастан, Alphabet жасанды интеллект саласындағы маңызды ойыншы болып қала бермек. Компанияда білікті мамандар мен интеллектуалдық меншік жеткілікті. Бұған қоса, кейінгі тоқсандық нәтижелер күтілгеннен жоғары болып шықты. Бұл ЖИ шешімдеріне сұраныстың жоғары екенін көрсетті.
Акциялардың жай-күйі
20 мамыр күнгі таңертеңгі саудада Alphabet акциялары 0,5% өсті. Бірақ биржа ашылған соң біраз төмендеп, кейін шамамен 0,15% өсім көрсетті. Жыл басынан бері компания акциялары 12%-ға арзандады. Ал Nasdaq 100 технологиялық индексі 2,1%-ға өскен. Салыстыру үшін айтсақ, Alphabet-тің бәсекелесі Meta Platforms-тың акциялары 9,5%-ға қымбаттады.
2022 жылдың соңында ChatGPT іске қосылғалы бері Alphabet акциялары бірнеше рет төмендеді. Себебі инвесторлар компанияның ЖИ саласындағы көшбасшылығынан айырылып жатқанынан қауіптенді. Сонымен қатар, компанияға қатысты басталған антимонопольдік тергеулер де акциялардың бағасын түсірді. Осы себепті Alphabet акциялары ірі технологиялық компаниялар арасында ең арзаны болып қалды. Қазір бұл акциялар болжанған пайдаға негізделген 16,4 көрсеткішпен саудалануда (P/E мультипликаторы). Бұл соңғы 10 жылдағы орташа мән — 20,5-тен әлдеқайда төмен. Nasdaq 100 индексіндегі орташа мән — 26. Ал Alphabet-ке ұқсас іскерлік модельге ие Meta компаниясының көрсеткіші — 23.








