Роботтар арасындағы көзге көрінбейтін соғыстар интернетті қалай өзгертуде

Жасанды интеллект төңкерісі экономиканың көптеген салаларын, соның ішінде оның пайда болуына себеп болған және онсыз болуы мүмкін емес интернеттің өзін де қарқынды түрде өзгертіп жатыр.
Соңғы уақытта интернет, ең болмағанда біз білетін қалпында, «өліп бара жатыр» немесе тіпті «өліп қалғаны» туралы мақалалар жиілеп кетті. Ашық мәлімдемелер тақырып үшін жақсы болғанымен, мен бұны былай сипаттар едім: интернет ЖИ әсерінен өзін қайта ойлап тауып жатыр, бұл үдерісте қауіптермен қатар жаңа мүмкіндіктер де бар.
«Өлі интернет» теориясы
«Интернеттің өлімі» туралы әңгіме жаңа дүние емес. «Өлі интернет» — 2010 жылдардан бері 4Chan форумында (QAnon қозғалысының бастауы болған платформа) кең таралған танымал конспирологиялық теория.
Ол ЖИ-революцияға дейін, 2021 жылы Agoraroad форумында IlluminatiPirate атты қолданушы осы тақырыпта ұзақ пост жазған кезде жаңа серпін алды. Теорияның мәнін интернеттегі трафиктің, хабарламалардың және пайдаланушылардың басым көпшілігін боттар мен жасанды интеллект жасаған контент алмастырды — яғни, біз енді шынайы адамдармен емес, негізінен тауарлар мен идеяларды жылжыту үшін корпорациялар мен құпия әсер етушілер құрған мазмұнмен байланыстамыз, деп түсіндіреді Forbes.
2022 жылы қазіргі ЖИ-революцияның басталуына жол ашқан ChatGPT-нің пайда болуы бұл теорияны жақтайтындардың күдігін күшейтті. 2024 жылы X желісінде қазақ тілін «қыс мезгілінде от алмай жатқан дизель қозғалтқышының дыбысына» теңеген жазба тарады. Видеода мүлде дыбыс жоқ болғанымен, ол он мыңдаған лайк пен мыңдаған репост жинады, деп жазады Forbes. X қолданушылары бұл боттардың ісі деп шешіп, «өлі интернет» теориясын жаңа серпінмен қайта талқылауға кірісті.
Шын мәнінде, интернет тірі, деп жұбатады журнал. Вирусты болып жатқан посттар мен пікірлер — тапқыр, парадоксты және әдеттен тыс — мұның бәрін генеративті ІИ жасай алмайды: оларды адамдар жазады (әзірге солай, кейін не боларын кім білген).
Дегенмен, кез келген өміршең конспирологиялық теория сияқты, «өлі интернет» теориясында да шындықтың бір ұшқыны бар.
«Қазіргі интернет бұрынғы кездегі жабайы әрі болжанбайтын интернетке қарағанда әлдеқайда бедеу, өйткені қолданушылар жасаған шағын сайттардың экожүйесін ірі корпорациялар құрған бірнеше үлкен платформа ығыстырды. Олар біздің көруіміз бен ақпарат алмасуымызды ақшалай табыс көзіне айналдыруға тырысып, көбіне қолданушы тәжірибесіне зиян келтіріп отыр», — деп түйіндейді Forbes.
2025 жылы бұл мәселе тіпті ушығып кеткен сияқты.
«Ішіп алып өңделген Уикипедия»
Vice журналының шолушысы Эван Робертсон өткен жылдың мамыр айында іске қосылған Google-дың «ІІ-шолуларын» осылай сипаттайды. Енді әлемдегі ең ірі іздеу жүйесі кейбір сұрақтарға бұрынғыдай «10 көк сілтеменің» орнына, оның Gemini ЖИ-сі генерациялаған қысқаша жауапты ұсынады. Слоганы — «Google сіз үшін іздесін».
Робертсон жазғандай, бұл шолулар соншалықты нашар емес (кейде, расында, Уикипедия деректеріне сүйенеді). Бірақ, бір жылдан кейін басқа бір күрделі мәселе айқындала бастады: шолу іздеу парағының ең үстінде тұрғандықтан, көп қолданушылар тек сонымен шектеліп, басқа сілтемелерге өтпейді.
Нәтижесінде, ЖИ ақпарат алған сайттар трафиктен айырылады, демек жарнама арқылы пайда табу мүмкіндігінен де қағылады. Басқаша айтқанда, ЖИ сайттардан контентті де, аудиторияны да, ақшаны да алып кетіп, ештеңе қайтармайды.
Ұлыбританияда технологиялық әділеттілік тобы Foxglove, Тәуелсіз баспагерлер альянсы және Ашық интернет қозғалысы Google-дың ЖИ-шолуларына қарсы Бәсекелестік және нарықтар басқармасына шағым түсірді.
The Guardian жазғандай, олар ЖИ шолуынан кейін іздеу нәтижелерінде сайттың бұрынғы бірінші орнын жоғалтып, трафигінің 79%-ын жоғалтуы мүмкін екенін алға тартты. Google өкілі бұл деректерді «дәл емес, қате болжамдар мен талдауға негізделген» деп атады.
Алайда, баспагерлердің проблемасы тек Google-мен шектелмейді. Бұрын іздеу арқылы келіп жатқан трафикті енді Perplexity сияқты ЖИ-іздеу жүйелері мен әсіресе ChatGPT жұтып жатыр.
Белгілі технолог және инвестор Мэри Микер жариялаған зерттеу бойынша ChatGPT-де 800 млн қолданушы бар және ол жылына 365 млрд іздеу сұранысын өңдейді. Бұл Google-дың жылдық 5 трлн сұранысына қарағанда әлдеқайда аз болғанымен, Google-ға мұндай көрсеткішке жету үшін 11 жыл қажет болса, ChatGPT-ге бар болғаны 2 жыл жеткілікті болған.
Яғни, ChatGPT Google-ға қарағанда 5,5 есе жылдам өсуде.
Similarweb деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы маусыммен аяқталған 12 ай ішінде әлемдік іздеу трафигі шамамен 15%-ға азайған.
The Economist жазғандай, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы сайттар қатты зардап шеккен — трафик 31%-ға төмендеген. Мақаланың атауы да мазмұнды: «ЖИ интернетті өлтіріп жатыр».
«Интернет табиғаты толық өзгерді. Жасанды интеллект сайттардың көпшілігіне трафиктің жолын жауып жатыр», — деп мәлімдейді Stack Overflow бас директоры Прашант Чандрасекар. Программистерге арналған танымал форум да қатты трафик жоғалтқан.
Үлкен медиакомпаниялар ІИ-іздеу провайдерлерімен контентті лицензиялық негізде пайдалануға келісім жасап немесе оларды сотқа беріп, күресіп жатыр. Мысалы, News Corp. (New York Post және The Wall Street Journal иесі) ChatGPT-дің әзірлеушісі OpenAI-мен келісімге келсе, Perplexity-мен соттасып жатыр.
Ал миллиондаған шағын сайттар — яғни, интернеттің нағыз өзегі — не істейді? Олардың сотқа беретін ресурстары жоқ, ал ЖИ-провайдерлерге серіктес ретінде қызықсыз.
Міне, осы кезде интернетте басқа майдан басталады.
Роботтар соғысы
Шындығында, «өлі интернет» теориясының жақтаушылары боттарды іздеген жерлерінен таба алмады.
Қазір интернет-трафиктің жартысына жуығы адамдар емес, әртүрлі сайттардан ақпарат іздейтін арнайы робот-краулерлер.
Бірінші кезекте — бұл іздеу жүйелерінің краулерлері: олар сайттарды сканерлеп, іздеу нәтижелерін дәл етуге көмектеседі. Amazon, мысалы, баға ұсыныстарын қадағалап, бәсекеге қабілетті бағалар ұсынады.
Kayak сынды саяхат агрегаторлары да осындай краулер арқылы сізге маршрут ұсынады. Сонымен қатар, краулерлерді киберқауіпсіздік компаниялары, интернет мұрағатшылары, ғылыми және қоғамдық ұйымдар пайдаланады, деп жазады MIT Technology Review.
Бұрын сайттар краулерлерге төзімді болды, себебі олар сайттарға басқа жерлерден трафик қайтарып отырды — мысалы, сілтеме арқылы. Бұл өз кезегінде біртұтас интернет экожүйесін қалыптастырды.
Алайда енді ЖИ-жүйелердің ақпаратқа құмар краулерлері пайда болды. Олар деректерді ІИ-оқытуға және жоғарыда айтылған ІИ-іздеу жүйелеріне қажет етеді, бірақ сайттарға ешқандай трафик әкелмейді.
Сайттар бұған қарсы күресуде: пайдалану шарттарында деректер жинауға тыйым салып, robot.txt файлы арқылы краулерлерге шектеу қояды. Бірақ MIT Technology Review жазғандай, бұл шектеулерді айналып өту оңай.
Мысалы, былтыр Claude атты ЖИ (Anthropic компаниясынан шыққан) FixIT сайтының парақшаларына бір тәулікте 1 миллионнан астам рет кірген.
FixIT — техниканы жөндеу бойынша қолданушы нұсқаулықтарын жинайтын сайт.
«Сәлем, Anthropic. Дерек қажет екені түсінікті — Claude өте ақылды! Бірақ бір тәулікте серверімізге миллион рет кіру міндетті ме еді? Контентімізді тегін пайдаланып қана қоймай, ресурстарымызды да сарқып жатырсыз. Бұл дұрыс емес», — деп жазды X желісінде FixIT бас директоры Кайл Вайнс.
Нәтижесінде көптеген ірі сайттар, форумдар мен баспагерлер барлық краулерлерге «көпірді көтеріп» тастайды — тіпті зиянсыз краулерлерге де.
Интернет бірнеше «патшалықтарға» бөліну қаупіне тап болды — олар ірі медиакомпаниялар мен ІИ әзірлеушілері арасында бөліске түсуде.
Осылайша, қарапайым қолданушыға интернетте еркін шарлау қиындай түседі: шексіз авторизациялар, жазылымдар, капчалар.
MIT Technology Review былай деп қорытындылайды: «Егер біз әртүрлі деректерді әртүрлі мақсатта қолдануға арналған экожүйе жасай алмасақ, интернетте ашықтық пен мөлдірлік құрбандыққа шалынатын қатаң шекаралар пайда болады».
Ботқа арналған тұзақ
Дегенмен, кез келген мәселе туындаған жерде, оны шешуге арналған стартаптар да пайда болады.
Шілде айында интернет инфрақұрылымының ірі провайдерлерінің бірі Cloudflare жаңа шешім ұсынды: сайт иелеріне краулерлерден (нақтырақ айтқанда, олардың иелерінен) контентті сканерлеу үшін ақы алуға мүмкіндік беретін арнайы құрал.
Cloudflare боттардың сұраныстарын автоматты түрде өңдеп, төлем мен қаражатты контент жасаушылар арасында бөлуге жауапты болады. Қазір бұл функция жабық бета-тестілеуде. Компания болашақта әртүрлі контентке әртүрлі баға қою, боттардың «сұранысына байланысты бағаны реттеу секілді мүмкіндіктерді қарастырып отыр.
ЖИ-агенттер — яғни адамның тапсырмасын орындайтын тәуелсіз жүйелер — дамыған сайын, басқа механизм де іске қосылуы мүмкін.
Компания, мысалы, сіз өзіңізге ұнайтын ЖИ-агенттен онкологиядағы соңғы зерттеулерді синтездеп беруін, заңдық қорытынды жасауын немесе Соходағы үздік мейрамхананы табуын сұрайсыз, содан кейін сол агентке ең сапалы контентті сатып алу үшін белгілі бір бюджет бересіз.
Сонымен қатар, компания ережені бұзатын «жаман боттарға» қарсы құрал ұсынады: арнайы жасалған ЖИ-лабиринт, онда краулер шексіз адасып, ешқандай пайдалы ақпарат ала алмай, «қожайынының» ресурстарын құртады.
Cloudflare иесі Мэтью Принстің сөзін The Economist келтіреді: «Адамдар үшін контент тегін, ал боттар үшін өте қымбат болатын әлем құруымыз керек».
Осыған ұқсас шешімді Оливия Джослин мен Тошит Паниграхи негізін қалаған Tollbit стартапы ұсынады. Ол былтыр 30 млн доллардан астам венчурлық инвестиция алған.
Tollbit сайттарға ЖИ-боттарға арналған әртүрлі тарифтер орнатуға мүмкіндік береді. Мысалы, журнал жаңа мақалалар үшін жоғары баға қойып, ескі контентке жеңілдік бере алады.
The Economist дерегі бойынша биыл бірінші тоқсанда Tollbit 2000 контент өндіруші үшін 15 миллион микротранзакция өңдеген. Олардың қатарында Associated Press пен Newsweek бар.
Ал Билл Гросстың ProRata стартапы басқа тәсілді таңдады. Ол өз ІИ-іздеу жүйесі — Gist Search-ті әзірледі. Бұл жүйе тек жауап қана генерациялап қоймай, оның қанша пайызы қай сайттан алынғанын автоматты түрде анықтайды.
Жауаптардың жанында жарнама көрсетіліп, ол жарнама табысы әр сайттың үлесіне сәйкес бөлінеді. Осы арқылы стартап өзін «жалғыз этикалық ІИ-іздеу жүйесі» деп атайды.
Жүйені өзіңіз де байқап көруге болады. Мысалы, «ең жақсы кроссовкалар» сұранысына бірнеше нұсқа ұсынды, соңында «спонсорлық» деген белгімен New Balance жарнамасын көрсетті. Оның үстіне шолу үшін қандай сайттан қанша ақпарат алынғанын пайызбен көрсетті.
Кім біледі, мүмкін, интернеттің болашағы дәл осындай шығар. Қалай болғанда да, кейбіреулер бұған сенеді. Financial Times дерегі бойынша британдық медиа-топ DMG Media былтыр ProRata-ның құнын $130 млн деп бағалап, оның үлесін сатып алған.








