S&P 500-де Pringles орнын Ares басады. Ares акциясы шарықтады

Ares Management инвесткомпниясы осы аптада S&P 500 индексіне қосылады.
Ол индексте Pringles, Cheez-It, Pop-Tarts және басқа да снек брендтерінің иесі —Kellanova компаниясын алмастырады. Mars корпорациясы Kellanova активтерін сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтаған күні Kellanova америкалық қор индексінен шығады.
Егжей-тегжейлі
Ares акциясы 11 желтоқсанда Нью-Йорк биржасында сауда ашылардан бұрын S&P 500 индексіне қосылуы тиіс, деп жазды Barron's. Ағымдағы капитализациясы $54 млрд болғандықтан, Ares индекс құрамына енбеген АҚШ-тағы ең қымбат жария компаниялардың бірі саналады. Сарапшылар оны 5 желтоқсан, жұма күні өтетін қайта теңгерімдеу кезінде базалық индекске қосылуы мүмкін негізгі кандидаттардың қатарына енгізген еді. Алайда, сол кезде Ares-тің алдын Carvana автоплатформасы, құрылыс материалдарының жеткізушісі CRH және сервис компаниясы Comfort Systems USA орап кеткен. Келесі сауда күнінде, 8 желтоқсанда, АҚШ нарығының түзетілуіне байланысты Comfort Systems қағазы 1,2% минусқа кетті, ал Carvana мен CRH қағазы тиісінше 12% және 5,9% күрт өсті.
Ares-тің S&P 500 құрамына енгізілетіні туралы хабар да компания қағазын қолдады. 9 желтоқсандағы премаркетте олар 8%-дан аса өсіп, 2025 жылдың басынан бері болған 7%-дық төмендеуді толық өтеді.
Контекст
Ares — активтерді басқарумен айналысатын ірі америкалық компания. Компания баламалы инвестицияларға маманданған: тікелей инвестициялар, кредит беру, жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылымға инвестициялар. Ares 1997 жылы құрылған, Солтүстік Америкада, Еуропада және Азияда қосымша кеңселері бар.
Kellanova 2023 жылы таңғы құрғақ тағамдар өндірушісі Kellogg компаниясының екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болды — WK Kellogg және Kellanova. WK Kellogg Солтүстік Америка нарығына арналған таңғы құрғақ тағамдарға маманданды. Ал Kellanova-ға снек өнімдері бағыты — Pringles чипстары мен Pop-Tarts крекерлері тиді. 2024 жылы Mars компаниясы Kellanova-ны $36 млрд-қа сатып алу жөнінде келісім жасады. 2025 жылдың 8 желтоқсанында азық-түлік алыбы мәміленің Еурокомиссия тарапынан мақұлданғанын және оның 11 желтоқсанда жабылатынын хабарлады.








