S&P Global Tether стейблкоинының тұрақтылық рейтингін төмендетті

S&P Global Ratings сарапшылары USDT стейблкойнының тұрақтылық рейтингін «шектеулі» деңгейден ең төменгі «әлсіз» деңгейге түсірді. Агенттік мұны Tether компаниясының резервтеріндегі жоғары қауіп деңгейі бар активтердің үлесінің артуымен түсіндірді. Tether активтері биткойнда, алтын мен корпоративтік облигацияларда сақталады. S&P Global биткойн бағасының құлдырауы токенді толық қамтамасыз ете алмауға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
«Қазір USDT құрылымында биткойн үлесі шамамен 5,6%. Бұл қамтамасыз ету қорының 3,9%-дық деңгейінен жоғары. Бұл резервтер биткойн бағасының ықтимал төмендеуін толық өтей алмайтынын білдіреді», — деп жазды S&P Global Ratings сарапшылары.
S&P сондай-ақ Tether кастодиандары, контрагенттері және банктік серіктестерінің несие сапасы туралы шектеулі ақпарат беретінін көрсетті. Агенттік басқа әлсіз тұстарға резервтерді басқарудағы жеткіліксіз ашықтықты, эмитент банкрот болған жағдайда активтерді бөлу тетігінің жоқтығын және USDT-ті тікелей Tether арқылы сатып алу кезіндегі шектеулерді қосты.
Tether не деп жауап берді?
«Tether бұл есептің қорытындыларымен мүлде келіспейді. Ол ескірген әдістемеге сүйенген, әрі цифрлық валюталардың табиғатын, көлемін және макроэкономикалық рөлін ескермейді. Сонымен қатар есеп USDT-тің тұрақтылығын, ашықтығын және жаһандық маңызын көрсететін деректерді елемейді», — деп келтіреді Bloomberg USDT эмитентінің пікірін. Компания 2021 жылдан бері тәуелсіз тоқсандық резерв растаулары үздіксіз жарияланып келе жатқанын және тексерілген пайдаланушылардан түскен ешбір өтініш кері қайтарылмағанын еске салды.
Контекст
Стейблкойн — бағасы әдетте АҚШ долларына теңестірілген криптовалюта, деп түсіндіреді Bloomberg. Оларды шығаратын компаниялар бағам тұрақтылығын сақтау үшін резервтерді қолма-қол ақшада, қысқа мерзімді мемлекеттік облигацияларда және өтімді активтерде сақтайды.
Қарашада биткойн бағасы 2022 жылдан бергі ең нашар айлық динамиканы көрсетті. Сол кезде нарықты бірқатар банкрот күйзелткен еді. Ал USDT айналымы CoinGecko дерегінше, бір айда шамамен 1 млрд долларға өсіп, 184,4 млрд долларға жетті.








