Сәуір–мамыр айларында бөлшек инвесторлар кәсіпқойларды басып озды: табыстылық — 12%

2025 жылғы сәуір–мамыр айларында АҚШ-тың жаңа кедендік баж салығынан туындаған күйзеліс кезінде бөлшек инвесторлар арзандаған акцияларды белсенді түрде сатып ала бастады. Осы қадамның арқасында S&P 500 индексі 1982 жылдан бергі ең жылдам қалпына келуін көрсетті, ал акция алған инвесторлар 12%-ға жуық табысқа қол жеткізді. Сөйтіп, жеке инвесторлар институционалдық инвесторларды басып озып, нарықтағы ұтысты өз пайдасына шешті.
Егжей-тегжейлі
2025 жылғы сәуір айында инвестициялық және биржалық қорлардан (ETF) $74 млрд қаражат алынған. Бұл туралы Investment Company Institute деректері хабарлайды. Осы сәтті пайдаланған бөлшек инвесторлар нарықтағы төмендеуді сатып алу мүмкіндігіне айналдырды. JPMorgan-ның стратегы Эмма Ву-дың айтуынша 8 сәуір мен 15 мамыр аралығында олар нарыққа $50 млрд-тан астам қаржы салған.
Мамырда белсенділік біршама төмендегенімен, бір аптаның ішінде ғана бөлшек инвесторлар тағы $7,5 млрд-қа бағалы қағаз сатып алды, деп жазады Ву өз жазбасында.
RBC Capital Markets компаниясының деривативтер бойынша стратегы Эми Сильверман Yahoo Finance-ке берген сұхбатында былай деді:
«Бөлшек инвесторларға шын ниетпен алғыс айтқым келеді — олар нарық төмендеген сайын үздіксіз сатып алып отырды. Ал институционалдық инвесторлар керісінше, өз тәуекелдерін азайтып, нарықтағы үлесін шектеді. Енді солар нарықты қуып жетуге мәжбүр», — деді ол.
Public платформасының деректеріне сүйенсек, 3 сәуір мен 9 мамыр аралығында акция сатып алған бөлшек инвесторлар шамамен 12% табыс тапқан. Осы аралықтағы мәмілелердің нәтижесінде S&P 500 соңғы 43 жыл ішіндегі ең жылдам қалпына келуді көрсетті.
Bank of America мәліметінше АҚШ-та мамырдың соңғы дүйсенбісінде аталып өтетін Еске алу күні қарсаңында инвесторлар табысты бекітіп, акцияларын жаппай сата бастаған. Бұл — соңғы 23 аптадағы алғашқы жаппай сату толқыны.
Yahoo Finance-ке берген сұхбатында Public негізін қалаушы Лейф Абрахам бөлшек инвесторлардың «нарық құлаған уақытта сатып ал» стратегиясын стандартқа айналдырғанын атап өтті.
Неліктен қорлар құбылмалылықты дұрыс болжай алмады?
Сильверманның пікірінше бұл институционалдық инвесторлардың жұмыс ерекшелігімен байланысты.
«Институционал — көбінесе S&P 500 секілді бенчмаркке байланған. Егер индекс 15%-ға өсіп, сіздің портфеліңіз тек 5%-ға өссе — бұл нашар көрсеткіш», — дейді ол Yahoo Finance-ке берген түсіндірмесінде.
Бұл жағдай активтерді басқаратын менеджерлерге «карьералық тәуекел» тудырады — бұл тақырып, Сильверманның айтуынша, көбіне ескерілмей қалады.
Бөлшек инвесторлардың артықшылығы — ұзақмерзімді көкжиек. Қорлардан айырмашылығы, олар жыл сайын есеп бермейді.
«Біз тым көп табысты жіберіп аламыз, — дейді Invesco компаниясының стратегы Брайан Левитт. — Инвесторлар әлі де өз-өздеріне жау».
Алда не күтіп тұр
Левиттің айтуынша бұл жағдай ұзақмерзімді ойлайтын инвесторлар үшін сабақ болуы керек — құбылмалы кезеңде үрейге бой алдырмау қажет.
«Сәтсіз күндерден кейін үнемі сәтті күндер туады. Біз мұндай жағдайды сан мәрте бастан өткердік. Егер маған 1998 жылы дотком дағдарысын және жаһандық қаржылық дағдарысты еңсеріп, жылына орта есеппен 12% табыс табамын десе, сенбес едім», — дейді ол.
Дегенмен, акцияларды кім сатып алып жатқанына қарамастан — жеке инвестор ма, әлде ірі қор ма — олардың белсенділігі АҚШ нарығының одан әрі өсе беретініне кепілдік бермейді, деп ескертеді Yahoo Finance.
Сильверманның айтуынша АҚШ пен оның сауда серіктестері арасындағы сауда келісімі бойынша белгісіздік жаңа мәселелерге жол ашуы мүмкін:
«Бұрылыс нүктелерінде қиындықтар жасырын болуы мүмкін», — дейді ол.
Контекст
2025 жылғы 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп көптеген елдерге жауапты кедендік баж салығын енгізетінін жариялады.
Бір аптадан кейін, 9 сәуірде, жауап қайтармаған елдер үшін бұл баж салығын 90 күнге тоқтатып, Қытайға қатысты керісінше мқлшерлемелерді көтерді.
12 мамырда Вашингтон мен Бейжің өзара енгізген баж салықтарын үш айға төмендетуге уағдаласты:
АҚШ — жиынтық мөлшерлемені 145%-дан 30%-ға дейін,
Қытай — 125%-дан 10%-ға дейін түсірді.
23 мамырда Трамп 1 маусымнан бастап Еуроодақтан келетін импортқа, соның ішінде азық-түлік, көлік пен люкс тауарларына 50%-дық баж салығын салатынын ескертті. Бірақ екі күннен кейін Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен сөйлескен соң, бұл шешімді шілдеге дейін кейінге қалдыруға келісті.
АҚШ импорттаушылары Қытайдан келетін тауарларға уақытша жеңілдіктер енгізілген соң Азияда белсендірек тапсырыс бере бастады. Бірақ CNBC-дің мамыр айындағы сауалнамасына сәйкес бұл жеткіліксіз — алдағы айларда бөлшек саудада тапшылық қаупі сақталады.
Ритейлерлердің айтуынша қолданыстағы баж салығы деңгейі тапсырыстарды толық орындауға тым жоғары болып тұр.








