БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Sanofi акциясы құлады: склерозға қарсы препарат үшін ауыр күн болды

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Sanofi акциясы құлады: склерозға қарсы препарат үшін ауыр күн болды

15 желтоқсанда Sanofi акциясы үшін сәтсіз өтті: склерозға қарсы эксперименттік препарат екі қиындыққа тап болды, деп жазды Reuters. Препараттың клиникалық сынақтарының соңғы кезеңі негізгі мақсатқа жете алмады, ал АҚШ реттеушісі дәріні мақұлдау туралы шешімді тағы да кейінге шегеретінін аңғартты. Осы жағдайда Sanofi акциясы арзандады, ал сарапшылардың айтуынша, мұндай сәтсіздіктер препарат әзірлеп жатқан компанияның порфеліне нұқсан келтіреді.

Егжей-тегжейлі

15 желтоқсанда Париждегі саудада француз фармацевтикалық компаниясы Sanofi акциясы 2% арзандады. Өйткені, АҚШ реттеушісінің компанияның шашыраңқы склерозды емдеуге арналған эксперименттік препаратын мақұлдау шешімін кейінге қалдырды. Сонымен қатар, дәрінің клиникалық сынақтарының соңғы кезеңіндегі көңіл көншітпейтін нәтижелері де фармацевтикалық алпауыттың акциясына қысым түсірді, деп жазды Reuters.

15 желтоқсандағы сауданың басында Sanofi акциясы 5%-дан астам құлап, Париждегі ең белсенді саудаланатын қағаздарды қамтитын SBF 120 индексінің ең төменгі деңгейіне түсті. Кейінірек котировка шығынның бір бөлігін қайтарып алды. Жыл басынан бері Sanofi акциясы 13%-дан астам төмендеді.

Котировкаға әсер еткен факторлардың бірі — Sanofi-дің 15 желтоқсандағы хабарламасы. Онда компанияның шашыраңқы склерозды емдеуге арналған эксперименттік препараты — толебрутиниб, клиникалық зерттеулердің кеш кезеңінде негізгі мақсатқа жете алмағаны айтылды, деп жазды WSJ. Атап айтқанда, препарат алғашқы-прогрессиялық шашыраңқы склерозы бар пациенттердің жағдайының нашарлауын баяулатпаған. Осыған байланысты Sanofi аурудың бұл түрі бойынша препаратты тіркеуге өтінім бермеу туралы шешім қабылдады. Компания релизінде бұл форма жақсару кезеңінсіз, неврологиялық функциялардың баяу, бірақ тұрақты нашарлауымен сипатталатыны көрсетілген.

Сонымен қатар, Sanofi мәлімдеуінше, АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасымен (FDA) жүргізілген келіссөздер препараттың басқа түрдегі ауруға арналған нұсқасын реттеушілік тексеру күтілгеннен ұзаққа созылатынын көрсетті. Бұл — Sanofi препаратына қатысты америкалық реттеушінің екінші рет кейінге шегеруі: бастапқыда шешім қыркүйекте қабылдануы тиіс болғанын Reuters атап өтеді. Компания FDA-дан қосымша түсіндірмелерді 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай алуды күтеді. Visible Alpha сарапшыларының консенсус-болжамына сәйкес, клиникалық сынақтардың соңғы нәтижелері жарияланғанға дейін толебрутинибтің АҚШ пен Еуропада мақұлдану мүмкіндігі болған және 2030 жылға қарай €1 млрд-тан (€1,08 млрд) астам табыс әкелуі ықтимал деп бағаланған.

Алда не болмақ?

«Бүгінгі нәтижелер көңілден шықпады, алайда олар шашыраңқы склероздың негізгі биологиясын тереңірек түсінуге көмектеседі деп санаймыз», — деді Sanofi компаниясының зерттеу және әзірлеу жөніндегі бөлімін басқаратын атқарушы вице-президент Хуман Ашрафиан.

Сонымен қатар, Sanofi толебрутинибтің аурудың басқа түрін — өршусіз екіншілік-прогрессиялық шашыраңқы склерозды емдеудегі әлеуетіне әлі де сенімді екенін мәлімдеді. Бұл формада қайталанулар тоқтағанымен, симптомдар біртіндеп күшейе береді.

Компания зерттеу нәтижелері толебрутиниб активінің құнын қайта бағалауды және оның бір бөлігін есептен шығаруды талап етуі мүмкін екенін де атап өтті. Дегенмен Sanofi мұндай түзетулер бір реттік факторлардан тазартылған таза операциялық пайдаға әсер етпейтінін және 2025 жылға арналған болжам өзгеріссіз қалатынын жеткізді.

Сарапшылар пікірі

The Wall Street Journal (WSJ) атап өткендей, клиникалық сынақтардағы соңғы бірқатар сәтсіздіктерді еңсеруге тырысып жатқан Sanofi үшін бұл жаңалықтар компания әзірлеп жатқан ең ілгері дәрілердің біріне ауыр соққы болды.

Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылардың айтуынша, бұл сәтсіздіктер жыл басында экзема мен «шылымқорлардың өкпесін» емдеуге арналған эксперименттік препараттар бойынша әлсіз нәтижелерден кейін Sanofi-дің әзірленіп жатқан дәрілер портфеліне деген сенімді әлсіретуі мүмкін. Сонымен қатар, компанияның ең табысты препараты — астмаға қарсы Dupixent-тен тыс өсу көздерін әртараптандыру қажеттілігі де акцияларға қысым түсіріп отыр.

Bank of America сарапшылары шашыраңқы склерозға қарсы препарат бойынша реттеушінің шешімі кейінге қалдырылуы толебрутинибтің болжанған ең жоғары сатылымы €1,4 млрд болады деген күтімді күмән астына қойғанын атап өтті.

Ал Jefferies сарапшылары толебрутинибтің ең жоғары коммерциялық әлеуеті дәл өршусіз екіншілік-прогрессиялық шашыраңқы склероз формасына байланысты екенін айтып, Sanofi үшін бұл жағдайды толық сәтсіздік деп атауға әлі ерте екенін ескертті. «Нарық бұл активті есептен шығарып тастауы мүмкін, алайда біздің ойымызша, бұл — асығыс шешім. Алдағы кезеңде котировкаларға қысым күшейсе, ол компания менеджментіне де әсер етуі ықтимал», — делінген Morningstar келтірген сарапшылар пікірінде.

Контекст

2025 жылдың шілдесінде толебрутиниб препараты Біріккен Араб Әмірліктерінде шашыраңқы склероздың өршусіз, біртіндеп үдейтін түрін емдеу үшін уақытша қолдануға рұқсат алды. Қазіргі таңда дәрі Еуропалық одақ пен АҚШ реттеушілерінің қарауында, деп нақтылады Reuters. 2024 жылдың желтоқсанында АҚШ реттеушісі Sanofi-дің шашыраңқы склерозға қарсы препаратына «басым қарау» мәртебесін берген. Америкалық реттеуші препаратты қайта қарауға 28 желтоқсанда оралмақ.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары