Small caps: артта қалған сектор, жоғары құбылмалылық және 30 компанияның есептілігі

Өткен аптада шағын капитализациялы компаниялар секторы АҚШ нарығында басты аутсайдер болды. Құбылмалылық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті — соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіштен 3,5 есе жоғары болды. 7–11 сәуір аралығында small caps секторында не болды және алдағы аптада не күтуге болады — осы шолуда кеңірек айтып өтеміз.
Индекс динамикасы
Russell 2000 индексі өткен аптада небәрі 1,82% өсіп, жұма күні 1860,2 пунктпен жабылды. Салыстыру үшін S&P 500 индексі сол аптада 5,7% өсті. Шағын компаниялар секторы нарықтағы ең әлсіз секторға айналды, деп жазады Freedom Broker сарапшылары.
Russell 2000 индексінің құбылмалылығы 86,2%-ға жетті. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылдағы орташа мән — 24,5%-пен салыстырғанда үш жарым есе көп.
Бұл құбылмалықтың себебі — Вашингтон енгізген сауда шектеулерімен байланысты белгісіздік. 9 сәуірде АҚШ ең үлкен сауда тапшылығы бар елдерден келетін импортқа «айнадай» баж салығын енгізді. Сол күні президент Дональд Трамп бұл тарифтерді келіссөздер жүргізуге дайын елдер үшін 90 күнге тоқтататынын хабарлады. Алайда Қытай бұл жеңілдікке іліккен жоқ.
Тарифтерді кейінге қалдыру туралы жаңалық инвесторларға үміт сыйлады — олар арзандап кеткен акцияларды жаппай сатып ала бастады. Нәтижесінде 9 сәуірде Russell 2000 индексі бір күнде 8,66%-ға көтерілді. Алайда келесі күні Ақ үй Қытай үшін түпкілікті баж салығы 145% болатынын хабарлады — бұл жаңалық индекстің 4,27%-ға құлдырауына себеп болды.
Freedom Broker сарапшылары Russell 2000 индексінің қысқа мерзімді перспективада 1694–1921 пункт диапазонында ауытқуын болжайды және аюлы нарықтың жалғасуын жоққа шығармайды.
Ең көп зардап шеккен қорлар
Royce Small-Cap Opportunity — шағын компанияларға инвестиция жасайтын қор — Трамп енгізген импорттық баж салығынан ең көп зардап шеккендердің бірі болды, деп хабарлады Morningstar рейтинг агенттігі.
Сонымен қатар аутсайдерлер үштігі қатарына Кэти Вудтың ARK Innovation ETF және «жоғары тәуекелді облигацияларға» инвестиция жасайтын Fidelity Leveraged Company қорлары кірді.
«Шағын және орта капитализациялы компаниялардың акцияларына, сондай-ақ тұрақсыз бизнес-моделі мен қаржылық жағдайы әлсіз компаниялардың бағалы қағаздарына ие инвесторларға ауыр тиді», — дейді Morningstar-дың аға директоры Дэн Каллотон Barron’s басылымына.
Алдағы аптада не болады
14–18 сәуір аралығында инвесторлар 2025 жылдың алғашқы тоқсанына қатысты компаниялардың есептерін күтуде. Бұл есептерде баж салығының әсері көрінбейді, бірақ компания басшыларының қазіргі экономикалық және саяси жағдайға берген түсіндірмелері маңызды болмақ.
Атап айтқанда, Russell 2000 индексіндегі 19 және S&P SmallCap 600 индексіндегі 11 компания есеп береді.
16 сәуірде АҚШ-тың наурыз айындағы бөлшек сауда туралы есебі жарияланады. Freedom Broker сарапшылары автокөлікке деген сұраныс өсіп, баж салығына дейінгі бағаны ұстап қалу мақсатында тұтынушылар белсенділік танытты деп есептейді. Жалпы бөлшек сауда 0,3% және одан да көп өсуі мүмкін. Ақпанда бұл көрсеткіш 0,2% болған.








