SoftBank акциялары Nvidia-дағы үлесін сатқаннан кейін құлдырады

Жасанды интеллектті дамытуға белсенді қаржы құятын SoftBank акциялары Nvidia компаниясындағы үлесін сатқаннан кейін бір ай ішіндегі ең төменгі деңгейге дейін құлдырады. Бұл жаңалық инвесторларды алаңдатуда. Себебі олар онсыз да технологиялық компаниялардың шамадан тыс бағалануы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Егжей-тегжейлі
12 қарашада SoftBank акциялары Токио қор биржасында 10%-ға төмендеп ашылды. Бұл корпорацияның қазан айында Nvidia акцияларындағы бүкіл үлесін 5,8 млрд долларға сатқанын жариялағаннан кейін орын алды. Компания бұл қадамды басқа жасанды интеллект жобаларын қаржыландыру қажеттілігімен түсіндірді.
Бағалы қағаздар құлдырағанымен, SoftBank тоқсандық нәтижелерін нарық болжамынан жақсы көрсетіп, акцияларды 4-ке 1 сплит арқылы бөлетінін хабарлады — бұл әдетте жеке инвесторлардың қызығушылығын арттырады, деп жазады Bloomberg.
SoftBank-тың Nvidia-дан шығуы Meta, Google секілді алыптардың миллиардтаған долларлық ЖИ-инвестицияларының нақты тиімділігіне қатысты күмәндердің артуымен тұспа-тұс келді. Инвесторлар енді осындай үлкен салымдардың қаншалықты орынды екенін, әсіресе ЖИ-жарыс көшбасшыларының акцияларының күрт өсуінен кейін, жиі сұрай бастады.
Сарапшылар не дейді
«Компанияның бағасы оның инвестиция портфелінің нарықтық құнына тәуелді, сондықтан болашақта SoftBank акциялары өте құбылмалы болуы мүмкін, — дейді Citigroup сарапшысы Кейити Йонесима, — алайда таза активтер құнының өсу траекториясын ескерсек, инвесторлар уақыт өте акцияларға жылы қабақ танытуы ықтимал».
11 қарашада өткен қаржылық есепті таныстыру барысында SoftBank басшылығы Nvidia акцияларын сату шешімі компанияға деген сенімнің әлсіреуімен емес, қосымша капитал тарту қажеттілігімен байланысты екенін атап өтті. SoftBank желтоқсан айында OpenAI-ға 22,5 млрд доллар инвестиция салуды, сондай-ақ Ampere чип өндірушісін 6,5 млрд долларға сатып алуды жоспарлап отыр.
Уолл-стрит бұл жайында не ойлайды
Токио биржасындағы алғашқы құлдыраудан кейін SoftBank акциялары біршама қалпына келіп, төмендеуін 3%-ға дейін қысқартты. FactSet дерегіне сүйенсек, 12 аналитик SoftBank акцияларын сатып алуды (Buy, Overweight), 5-уі ұстауды (Hold), 2-сі сатуды (Sell, Underweight) ұсынады.
11 қарашадағы саудада Nvidia акциялары 3%-ға арзандады. Дегенмен, Уолл-стрит сарапшылары әлі де компанияға сенім білдіруде: 60 талдаушы сатып алуды (Buy, Overweight), 5-уі ұстауды (Hold), тек біреуі сатуды (Sell) ұсынады.
Контекст
SoftBank бұған дейін де 2019 жылы Nvidia-дан толық шыққан еді. Алайда 2020 жылы компания чип өндірушінің шағын үлестерін қайта сатып ала бастады, бұл ChatGPT пайда болып, жасанды интеллект нарығын дүр сілкіндіргенге дейінгі кезең болатын. 2025 жылдың наурызына қарай SoftBank-тың Nvidia-дағы үлесінің құны 3 млрд долларға жетті. Содан бері Nvidia капитализациясы 2 трлн доллардан астамға өсті, деп еске салады Bloomberg.
Nvidia-дағы үлесті сатқанымен, SoftBank портфелінде әлі де ByteDance, Perplexity AI сияқты жоғары сұранысқа ие технологиялық компаниялар бар. Осы инвестициялар арқасында SoftBank акцияларының құны 2025 жылдың шілде–қыркүйек айларында 78%-ға өсті — бұл соңғы 20 жылдағы ең үздік тоқсандық нәтиже болды.








