Strategy үш айда алғаш рет биткоин сатып алуды тоқтатты. Бұл нені білдіреді?

Биткоиннің ең ірі корпоративтік иесі — Strategy компаниясы (бұрынғы атауы MicroStrategy) наурыз айының соңынан бері алғаш рет криптовалюта сатып алудан бас тартты. MarketWatch бұл жаңалықты компания биткоин сатып алған кезден де маңызды деп бағалап отыр. Сонымен бірге Strategy артықшылықты акцияларды 4,2 млрд долларға дейін шығарып, сату жөнінде келісім жасасқанын мәлімдеді. Бұл қаражаттың бір бөлігі биткоин сатып алуға жұмсалуы мүмкін.
Егжей-тегжейі
Barron’s дерегінше, 30 маусым мен 6 шілде аралығында Strategy бірде-бір биткоин сатып алмаған. Бұл — компания наурыздың соңынан бері алғаш рет сатып алуды тоқтатқан кезең. Қазір компания балансында 597 325 биткоин бар. Орташа сатып алу бағасы — бір данасына 70 982 $. Жалпы құны шамамен 42,4 млрд $.
Компания бұған дейін де, сәуір айының басында «Азаттық күні» мерекесі кезінде, сатып алуды уақытша тоқтатқан болатын. Ол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп негізгі сауда серіктестеріне қарсы жоғары тарифтер енгізетінін мәлімдеген.
Strategy бұл жолы не себепті үзіліс жасағаны нақты белгісіз. Barron’s компания әдетте тоқсан соңына жақын мәмілелерден бас тартатынын атап өтеді. Мүмкін, компания қазіргі позициясын қайта бағамдауға уақыт алып жатқан болар.
Strategy әдетте өз стратегиясының егжей-тегжейін ашып айтпайды. Сондықтан, келесі сатып алуды болжағысы келетіндер үшін компанияның төрағасы әрі негізін қалаушы Майкл Сейлордың X әлеуметтік желісіндегі парақшасы негізгі дереккөзге айналған. Bloomberg-тің хабарлауынша, «Сейлор 7 шілде, жексенбі күні «Кей аптада тек HODL жасау керек» деп жазып, Strategy балансына қатысты графикпен бөліскен. HODL — криптовалюта саласында «ұзақ мерзімді сақтау» мағынасындағы танымал қысқартылған ұғым (hold on for dear life)», деп түсіндіреді Barron’s.
Компания жағдайы қалай?
Дүйсенбі күні Strategy 4,2 млрд долларға дейін артықшылықты акция шығарып, сату туралы келісімге қол қойғанын хабарлады. Түскен қаражат компанияның жалпы мақсаттарына, соның ішінде болашақтағы биткоин сатып алуға жұмсалмақ. Bloomberg атап өткендей, дәл осы қарапайым және артықшылықты акциялар мен облигациялар арқылы Майкл Сейлор бұрын тұралап қалған корпоративтік бағдарламалық жасақтама жасаушы компанияны биткоин нарығында басты ойыншыға айналдырды.
2025 жылдың екінші тоқсанында Strategy шамамен 6,8 млрд долларға биткоин сатып алған. Биткоин бағасының өсуі мен есеп жүйесінің өзгеруі нәтижесінде компания 14,05 млрд доллар көлемінде «қағаз жүзіндегі» пайда (яғни сатылмаған активтер бойынша) көрсеткен. Бұл ақпарат дүйсенбі күні АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясына (SEC) берілген есепте келтірілген. Салыстыра кетсек, бірінші тоқсанда компания криптовалюта активтері бойынша 6 млрд доллар көлемінде нереализацияланған шығын туралы хабарлаған еді.
Strategy компаниясының толық тоқсандық есебі тамыз айында жарияланады. Bloomberg-тің болжауынша, бұл нәтиже компанияны операциялық табысы 10 млрд доллардан асатын элиталық клубқа — Amazon және JPMorgan сынды алыптардың қатарына қосуы мүмкін. Алайда, Bloomberg сауалнамасына қатысқан сарапшылардың пікірінше, Strategy-дің негізгі бағдарламалық жасақтама бизнесі бар болғаны 112,8 млн доллар табыс әкелмек.
Акциялар жағдайы қандай?
2025 жылдың басынан бері Strategy акцияларының құны 37%-ға өсті. Ал сол уақыт аралығында АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 бар болғаны 6%-ға көтерілді. Майкл Сейлор биткоин стратегиясын бастаған 2020 жылдың ортасынан бері компания акциялары 3300%-дан астам өсім көрсеткен. Салыстыру үшін: биткоин бағасы осы кезеңде шамамен 1000%-ға, ал S&P 500 115%-ға артқан.
MarketWatch дерегінше, Strategy-дің акцияларын бақылайтын 17 сарапшының ішінде тек біреуі оларды сатуға кеңес береді. Қалғандары акцияны ұстауға немесе сатып алуға кеңес береді (рейтингі — Buy және Overweight). Уолл-стриттегі орташа мақсатты баға — 527,2 $, бұл 7 шілдедегі жабылу бағасымен салыстырғанда тағы 30% өсімді болжайды.








