Таңғы шолу: Қытай өсімі бәсеңдейді, Жапон облигациялары түсуде, ЖИ мегақоры құрылмақ

Citi инвестициялық банкі Қытайдың ЖІӨ өсімі жөніндегі болжамын АҚШ-пен арадағы сауда соғысының күшеюіне байланысты 2025 жылға 4,7%-дан 4,2%-ға дейін төмендетті. Бір апта ішінде АҚШ Қытай тауарларына салынатын тарифтерді екі есе арттырды, ал Қытай жауап ретінде америкалық бизнеске қарсы жаңа шаралар қабылдады, деп хабарлайды CNBC.
Сарапшылар Қытайдың ЖІӨ өсімі бойынша болжамдарын төмендетуде
Citi сарапшылары бұл жағдайда сауда келісіміне қол жеткізу мүмкіндігі өте төмен деп есептейді. Natixis те болжамын 4,2%-ға дейін төмендетті. Ал Morgan Stanley мен Goldman Sachs болжамдарын әзірге өзгертпеді (екеуі де 4,5% өсім күтуде), бірақ тәуекелдердің артқанын ескертуде. Қытай билігі 5% шамасындағы өсу нысанасын белгілеген.
Guotai Junan International бас экономисі Хао Чжоу бұл жағдай сауда тарифтері мен геосаяси тұрақсыздықтың әсерінен болжам жасау қиынға түсетінін атап өтті.
Andreessen Horowitz ЖИ-ге 20 млрд долларлық мегақор құруда
Венчурлық a16z компаниясы (Andreessen Horowitz) жасанды интеллект саласындағы АҚШ стартаптарына инвестиция тарту үшін 20 миллиард долларлық ірі қор құрмақ, деп жазады Reuters. Қор OpenAI, xAI, Mistral, Safe Superintelligence секілді жобаларға қаржы салып үлгерген және халықаралық инвесторларды тартуға мүдделі.
Қор АҚШ-тың өндірісті елге қайтару саясаты мен сауда шектеулері аясында қалыптасқан шетелдік қызығушылықты пайдалануға бағытталады. Егер жоспар толық жүзеге асса, бұл қор көлемі бойынша тарихтағы үшінші ірі венчурлық қор болады (Vision Fund 1 — $100 млрд, Vision Fund 2 — $56 млрд).
Жапония облигациялары құлдырауда
Bloomberg мәліметінше Жапония үкіметінің ұзақ мерзімді облигациялары сәрсенбіде күрт арзандады. 30 жылдық облигациялардың кірістілігі 25,5 базистік пунктке көтеріліп, 2,75%-ға жетті. 20 жылдықтар – 2,325%, ал 10 жылдықтар – 1,33% деңгейінде тіркелді.
Бұл құлдырауға облигация аукционына деген сұраныстың әлсіздігі мен нарықтағы құбылмалылық әсер етті. PineBridge Investments сарапшысы Тадаси Мацукава инвесторлардың қысқа мерзімді қағаздарға қайта бет бұруы мүмкін екенін айтты.
Құрылыс материалдары өндірушілердің табысы 20%-ға азаюы мүмкін
АҚШ-тағы құрылыс материалдарын шығаратын компаниялар жаңа сауда тарифтерінен қатты зардап шегуі мүмкін. Bank of America мәліметінше егер қазіргі баж салығы күшінде қалса, бұл сектордағы акцияға шаққандағы кіріс орташа есеппен 20%-ға дейін төмендейді, деп жазады Business Insider.
Тарифтердің күшеюі импорттық бөлшектердің қымбаттауына әкеледі, бұл тұрғын үй нарығына да теріс әсер етеді. Әсіресе FBIN және MAS секілді компаниялар үшін, олар өндірісті Оңтүстік-Шығыс Азияға көшіргенімен, әлі де Қытайдан тәуелді.
Mohawk пен Whirlpool сынды өндірісті АҚШ-та шоғырландырған компаниялар салыстырмалы түрде тұрақтырақ жағдайда болғанымен, жалпы саладағы сұраныстың төмендеуі олардың да нәтижесіне әсер етуі мүмкін.
Bank of America бұл шығынды азайту үшін өндірушілер бағаны кем дегенде 1,5%-ға көтеруі қажет деп есептейді.








