Таңғы жаңалықтар: Трамп енгізген кек салықтарын сот заңсыз деп таныды, доллар өсті

АҚШ соты Дональд Трамп енгізген «жауаптық» баж салығын бұғаттады. Бұл жаңалық Азия қор нарықтарында раллиге себеп болып, доллардың иен, франк және еуроға қатысты нығаюына алып келді. Сонымен қатар, алтын арзандап, соңғы төрт сессияда 3%-дан астам жоғалтты. Технологиялық секторда жасанды интеллектке арналған процессорлар мен видеокарталар нарығының көшбасшысы Nvidia есебін жариялады: компания рекордтық табыс тапқанымен, алдағы тоқсанға берген болжамы инвесторлардың күткенінен төмен болды. Осы және басқа да тақырыптар — 29 мамыр таңына арналған негізгі оқиғалар шолуында.
Сот Трамптың баж салығын заңсыз деп таныды, Ақ үй апелляция берді
АҚШ-тың федералдық соты Трамптың 180-нен астам елге қарсы енгізген «кекті» салықтарын заңсыз деп таныды. Бұл шешім бұрынғы президенттің басты экономикалық бастамаларының біріне соққы болды. CNBC мәліметінше сот Трамп сілтеме жасаған 1977 жылғы Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заң (IEEPA) мұндай ауқымды салықтар енгізуге құқық бермейтінін айтты.
Сот шешімінде: «Мұндай кек сипатындағы жарлықтар IEEPA аясында президентке берілген өкілеттіктерден тыс жатыр. Бұл салықтар сауда қауіптерімен байланыспайды», — делінген.
Ақ үй өкілі Куш Десаи бұл шешімге дереу апелляция бергенін мәлімдеді: «АҚШ-қа деген әділетсіз көзқарас тарихи және тұрақты сауда тапшылығын туғызды, бұл ел экономикасына, жұмыс орындары мен қорғаныс өндірісіне зиян келтірді. Сот осы деректерге қарсы уәж келтірмеді. Ұлт алдындағы мұндай қауіп-қатерлерді халық сайламаған судьялар емес, президент шешуі тиіс».
Бұл істі бес америкалық импортқа тәуелді компания қозғаған. Алайда сот: «Салықтар барлық тараптарға қатысты заңсыз болды», — деп, бұл шешім тек арызданушыларға ғана емес, жалпыға ортақ екенін атап өтті.
Сот дау тудырған салықтарды жойып, олардың болашақта қолданылуын мүлдем тыйды.
Сот шешімінен кейін доллар күрт қымбаттады
Бейсенбіде АҚШ доллары еуро, иена және швейцар франкіне қатысты айтарлықтай нығайды. Reuters хабарлауынша, доллар иенаға қатысты 0,6%-ға өсіп, 145,72-ге, франкке қатысты 0,65%-ға көтеріліп, 0,8326-ға жетті. Еуро 0,5%-ға арзандап, $1,1232 деңгейінде болды. Фунт стерлинг 0,2%-ға төмендеп, $1,3432-ні құрады.
Доллар индексі апталық үзілістен кейін қайтадан 100 деңгейінен жоғары көтеріліп, 100,40-қа жетті.
Ұлттық Австралия банкінің валюта стратегиясы бөлімінің жетекшісі Рэй Аттрилл: «Нарық эмоциялық түрде жауап беріп жатыр. Бұл — Трамптың «Азаттық күні» деп атаған 2 сәуірдегі баж салығы шешімдерінен кейінгі қозғалыстарға кері реакция», — деді.
Аттриллдің айтуынша Трамп енгізген салықтар америкалық активтерге деген сенімді әлсіретіп, капиталдың сыртқа ағылуына себеп болды. Соның салдарынан доллар биылғы жылы 8%-ға арзандады.
Nvidia рекордтық табыс көрсетті, бірақ Қытай экспортына шектеулер болжамды тежеді
Nvidia соңғы тоқсанға қатысты есеп беріп, сарапшылардың болжамынан асып түсті. Алайда Қытайға экспортқа байланысты шектеулер компанияның келесі кезеңге берген болжамын әлсіретті.
Bloomberg деректері бойынша компанияның тоқсандық табысы $44,1 млрд болып, сарапшылар күткен $43,3 млрд-тан асып түсті. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш $26 млрд болған.
H20 чиптеріне қатысты шығындарды есептемегендегі акцияға шаққандағы таза пайда $0,96 болды — бұл болжамдағы $0,93-тен және өткен жылғы $0,61-ден жоғары.
Негізгі өсім драйвері — деректер орталығы бағытындағы табыс, яғни ЖИ чиптері. Бұл сегмент 73%-ға өсіп, $39,1 млрд-ты құрады. Оның $5 млрд-ы ЖИ-кластерлердегі чиптерді байланыстыратын желілік жабдықтардан түсті. Түскен табыстың жартысына жуығын ірі бұлтты провайдерлер қамтамасыз еткен.
Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг жаһандық ЖИ-инфрақұрылымына деген сұраныстың «ерекше жоғары» екенін айтты.
Нарық бұл жаңалыққа оң көзқарас танытты: Nvidia акциялары саудадан кейінгі сессияда 5%-ға жуық қымбаттады. Сондай-ақ компаниямен байланысы бар өндірістік тізбектегі акциялар мен негізгі индекстердің фьючерстері де өсті.
Apple операциялық жүйелерін жылмен белгілейтін болады
Bloomberg деректеріне сүйенсек, Apple компаниясы биыл барлық операциялық жүйелерінің атауын жаңартпақ. Бұдан былай жүйелер нөмірмен емес, жылмен белгіленеді. Мысалы, iOS 18 орнына iOS 26 деп аталады.
Сәйкесінше, iPadOS 26, macOS 26, watchOS 26, tvOS 26 және visionOS 26 болып өзгереді. Бұл өзгеріс Apple брендін біріздендіріп, әртүрлі жүйе нұсқаларының атауындағы шатастыруды жою үшін енгізіліп отыр.
Apple бұл жаңалықты 9 маусымда өтетін WWDC конференциясында ресми түрде жариялайды. Жаңартылған интерфейстер де таныстырылады — бұл «Solarium» кодымен аталған ішкі жобаның бір бөлігі. Жобаға tvOS, watchOS және visionOS-тың кей бөліктері кіреді.
Мұндай тәсілді Samsung Galaxy S10-нан кейін бірден S20-ға өткен кезде және Microsoft Windows 95 пен Windows 98 сияқты жүйелерді шығарғанда қолданған. Алайда Apple нұсқаларда нақты жылды көрсетуді жоспарлап отыр: мысалы, 2025 жылдың күзіне жоспарланған жүйелер 2026 деп аталады.
Apple бұл тәсілді бұрын да қолданған: 2007 жылы iWork ’08 және iLife ’08, кейінірек iLife ’11 шығарған.
Synopsys Ansys компаниясын $34 млрд-қа сатып алуға FTC рұқсат берді
Микросхема жобалау бағдарламаларын жасайтын Synopsys компаниясы инженерлік бағдарламалық жасақтама өндірушісі Ansys-ті $34 млрд-қа сатып алуға АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясынан (FTC) рұқсат алды. Бұл үшін Synopsys бірқатар активтерін сатуға келісім берді, деп хабарлайды Bloomberg.
FTC мәліметінше Synopsys оптикалық және фотондық модельдеу құралдарын Keysight Technologies компаниясына сатады. Ansys — өз кезегінде — Keysight-қа энергия тұтынуын талдауға арналған өнімін береді.
2024 жылдың басында жарияланған мәміле қазіргі таңда әлемнің түрлі елдеріндегі монополияға қарсы органдардың қарауында. Бұған дейін Synopsys Еурокомиссиямен де осындай келісімге келген. Сондай-ақ компания мәміле жүзеге асқан жағдайда Optical Solutions Group бөлімшесін Keysight-қа сатуға келіскен.
Synopsys пен Ansys өкілдері бұл туралы түсініктеме бермеді.
Нарықтардағы жағдай
АҚШ сотының шешімі Азия нарықтарын көтерді:
Жапонияның Nikkei 225 индексі 1,9%-ға, Topix 1,6%-ға өсті.
Оңтүстік Кореяның Kospi — 1,8%-ға, ал шағын компаниялар индексы Kosdaq — 0,97%-ға өсті. Орталық банк базалық мөлшерлемені 2,75%-дан 2,5%-ға түсірді.
Австралияның S&P/ASX 200 — 0,2%-ға өсті.
Гонконгтың Hang Seng — 1%-ға жуық, Қытайдың CSI 300 — 0,7%-ға көтерілді.
Үндістанда Nifty 50 0,29%-ға өсіп, кейін кері шегінді. BSE Sensex — 0,1%-ға төмендеді.
АҚШ сотының шешімі мен Nvidia-ның есебінен кейін АҚШ индекстерінің фьючерстері де өсті:
S&P 500 — 1,6%-ға,
Nasdaq 100 — 2%-ға,
Dow Jones — 567 пунктке (1,3%) жоғарылады.
Бұған дейінгі сессияда инвесторлар есептер мен ФРЖ хаттамаларын талдап, негізгі индекстер аздап төмендеген болатын:
S&P 500 — 0,56%-ға,
Nasdaq Composite — 0,51%-ға төмендеді.








