Трамп соғысқа байланысты Си Цзиньпинмен кездесуін кейінге қалдыруды сұрады
Егер жиналыс кейінге шегерілсе, бұл инвесторларға соғыстың күтпегендей ұзаққа созылатынын білдіруі мүмкін.

Трамп Ирандағы соғыс жағдайына байланысты кездесуді кейінге қалдыратынын баса айтты / Фото: Ақ Үй
АҚШ Президенті Дональд Трамп Ақ үй Иранмен жалғасып жатқан қақтығысқа байланысты Қытай Президенті Си Цзиньпинмен Пекинде жоспарланған кездесуін шамамен бір айға кейінге шегеруді сұрағанын мәлімдеді. Morgan Stanley сарапшылары әлемдегі ең ірі екі экономика көшбасшыларының саммитінің кешігуі Қытай акциялары бағасының 10%-ға төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Егжей-тегжейлі
CNBC-дің мәліметі бойынша Дональд Трамп кездесуді кейінге шегеру туралы өтініштің тек соғыс кезінде АҚШ-та қалу қажеттігіне байланысты болғанын ерекше атап өтті.
«Біз Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мен баруға қатты ынтықпын, бірақ соғыс салдарынан мұнда қалып қалуым тиіс деп есептеймін», – деді Трамп дүйсенбі күні журналистерге. «Мен онымен (Си Цзиньпинмен) кездесуді асыға күтемін. Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы».
Наурыз айының соңында Трамптың Бейжіңге баратыны күтілген еді. CNBC атап өткендей, Трамп әкімшілігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктер, соның ішінде президенттің өзі де, Иранмен соғыс Қытайдағы саммит жоспарларына әсер етуі мүмкін екенін бұған дейін ескерткен.
Жексенбі күні Financial Times-пен сұхбатында Трамп Иран мұнайының ең ірі сатып алушыларының бірі әрі соғысқа қарсылық танытқан Қытай АҚШ-қа Ормуз бұғазының де-факто блокадасын жоюға көмектесуі тиіс екенін айтты. Бұл бұғаз жаһандық энергетикалық саудадағы негізгі бағыт болып табылады. Трамп кездесуден бұрын Пекиннің осы мәселеге қатысты ұстанымын білгісі келетінін жеткізді. «Біз [кездесуді] кейінге қалдыруымыз мүмкін», – деді АҚШ президенті.
Дүйсенбі күні АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент CNBC телеарнасына жиналысты кейінге шегеру тек ұйымдастырушылық себептерге байланысты болатынын айтты. «Бұл Президенттің Қытайдан Ормуз бұғазын бақылауды талап еткені үшін емес», – деді ол. Демалыс күндері Парижде саммит дайындығы аясында Бэссент қытай әріптестерімен кездесті.
CNBC мәліметі бойынша, Трамптың мәлімдемесі әлемдегі ең ірі екі экономика арасындағы шиеленістің күшеюі аясында айтылды. Бұл шиеленіс Иранмен қақтығыс пен АҚШ-тың Қытайдың сауда саясатына қатысты жаңа тергеу бастайтыны туралы хабарландырудан туындады.
Бұл нарық үшін нені білдіреді?
Morgan Stanley-дің пікірінше Президент Дональд Трамп пен Си Цзиньпин арасындағы саммит кейінге шегерілсе, бұл Қытай акцияларының бағасының күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін. «Біз АҚШ пен Қытай басшылары арасындағы алдағы саммитті нарықтық қозғаушы күштерге толы оқиға деп санаймыз, ал Иран айналасындағы жағдай кездесудің ықтимал нәтижелерін де, қор нарығының ықтимал реакциясын да күрделендіреді», – деп MarketWatch Лара Ванг басқаратын Morgan Stanley талдаушыларының жексенбідегі жазбасынан дәйексөз келтіреді.
Банктің мәліметі бойынша егер саммит тоқтатылса немесе кейінге шегерілсе, инфляцияның жеделдеуіне қатысты алаңдаушылық күшейіп, бұл жаһандық ЖІӨ өсімінің бәсеңдеуіне әкеледі. Осы жағдайда сарапшылар қытай индекстерінің түзетілуін күтеді, бірақ ол 10%-дан аспайды.
«АҚШ–Қытай саммитінің бір айға шегерілуі мүмкіндігі АҚШ-тың Иранмен соғысы күтпегендей ұзаққа созылуы мүмкін деген белгі ретінде де қарастырылуы мүмкін. «Бұл бағалы қағаздар нарығына әсер етеді», – деп ескертті Bloomberg агенттігінің есебінде Nomura Asset Management компаниясының аға стратегі Хидейуки Ишигуро.








