БастыReview
Бөлісу

ЖИ дамуының жолында көптеген шектеу бар. Олар оның болашағын қалай өзгертеді?

Джеффри  Ву

Джеффри Ву

Директор компании MindWorks Capital
ЖИ дамуының жолында көптеген шектеу бар. Олар оның болашағын қалай өзгертеді?

Жасанды интеллекттің қарқынды дамыған кезеңінен кейін қазір оны іс жүзінде қолдану уақыты келді. Нақты әлемдегі бар шектеулер ЖИ жүйелерінің даму бағытын қалай өзгертуі мүмкін екенін Project Syndicate үшін жазған материалында MindWorks Capital компаниясының директоры Джеффри Ву талдайды.

Жоспар мен шындық: ЖИ дамуына не кедергі?

Соңғы екі жылда ЖИ-дің шексіз мүмкіндіктері туралы әңгіме басым болды. Қуаттырақ модельдер, триллиондаған токенмен оқыту, рекордтық капиталдық шығындар — мұның бәрі үзіліссіз үдей түскендей әсер қалдырады. Бірақ технологиялық өзгерістер сирек жағдайда тура жолмен дамиды, бұл жолы да солай. Қазір ЖИ тәжірибе кезеңінен нақты өмірде қолдануға көшіп жатыр, ал ол жерде физикалық әлемнің, капитал нарықтарының және геосаясаттың шектеулері оның теориялық әлеуетінен әлдеқайда маңыздырақ.

Ең анық шектеу — электр қуаты. Бұл әсіресе АҚШ-та айқын байқалады: болжам бойынша, дата-орталықтардың электрге сұранысы 2035 жылға қарай шамамен 35 ГВт-тан 78 ГВт-қа дейін өседі. Бұлт инфрақұрылымының әлемдегі ең ірі шоғырланған аймағы саналатын Солтүстік Вирджиния қолжетімді электр қуатының шегіне іс жүзінде жетіп қойған. Аризона, Джорджия және Огайода энергетика компаниялары жаңа қосалқы станциялар салу шамамен 10 жылға созылуы мүмкін екенін ескертеді. Бір дата-орталық кампусы 300–500 МВт тұтынуы ықтимал, бұл тұтас бір қаланы электрмен қамтуға жеткілікті. Есептеу қуатын тез көбейтуге болады, ал энергетикалық инфрақұрылымды жылдам тұрғызу мүмкін емес.

Нарықтар бұған күтілген жылдамдықпен және ауқыммен жауап беріп жатыр. Есептеу қуаты тұрақты өсіп отыратын озық ЖИ модельдерін жасайтын техноалпауыттар, яғни гиперскейлерлер, ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы жаңартылатын энергия көздерінен электр сатып алатын әлемдегі ең ірі сатып алушылардың қатарына кірді. Бұлттық есептеу орталықтарына қызмет көрсету үшін жеке күн және жел электр станциялары арнайы салынып жатыр. Ал кейбір компаниялар қалалық электр желісін ұзақ күтіп отырмас үшін жаңа буындағы шағын модульді атом реакторларын қолдану мүмкіндігін зерттеп жүр.

Уақыт өте бұл әрекеттер мүмкіндіктің шегін кеңейтеді, бірақ шектеулерді жоймайды, оларды басқа жаққа ығыстырады. ЖИ қуатының жаңа толқыны, сірә, Солтүстік Вирджиния немесе Дублинде емес, жер, энергия және су әлі де мол аймақтарда шоғырланады: АҚШ-тың Ортаңғы Батысы, Скандинавия, Таяу Шығыстағы бірқатар ел, Қытайдың батысы. ЖИ географиясын біреудің қалауы емес, физика айқындайды.

Келесі шектеу — жартылай өткізгіштер. Мұнда жағдай одан да күрделі. Бір кездері Nvidia әлемдегі барлық ЖИ әзірлемесіне ортақ база сияқты көрінген, бірақ ол кезең аяқталып келеді. Маңызды кезеңдердің бірі — Google жаңа ірі тілдік модель Gemini 3-ті тек өзінің тензорлық TPU процессорларында ғана оқытқанын жариялауы. Ұқсас мақсат үшін Amazon Trainium2 чиптерін, Microsoft Maia-ны, ал Meta MTIA-ны жасап жатыр. Қытайда Huawei-дің Ascend платформасы АҚШ өз чиптерінің экспортын бақылап отырған жағдайда жергілікті модельдерді оқытудың негізіне айналды.

Бұл бетбұрыс бір жағынан технологияның табиғи жетілуімен түсіндіріледі. Жүктеме өскен сайын арнайы үдеткіштер бастапқыда ЖИ үшін бейімделген әмбебап GPU-ларға қарағанда тиімдірек болып шығады. Бірақ бұл оқиғалардың дәл қазір қатар келуі де кездейсоқ емес.

Жеткізілім тапшылығы, геосаяси қайшылықтар, шығын қысымы — мұның бәрі гиперскейлерлерді бұрын жартылай өткізгіш өндірушілер атқаратын рөлді өз қолына алуға мәжбүрледі. Ал Nvidia-ның CUDA экожүйесінен бас тарту орасан ұйымдық шығын әкелетіндіктен, сондай шығынға баруға дайындықтың артуы бұл шектеудің қаншалық қатал болғанын көрсетеді. Алда бізді аппараттық құралдар нарығының көбірек бөлшектенуі, сонымен бірге ЖИ экожүйесінің де көбірек бөлінуі күтіп тұр. Архитектура процессор деңгейінде әртүрлі бола бастаса, кейін қайтадан жақындасуы өте сирек.

Үшінші шектеу — капитал. Ол онша көзге түспейді. Гиперскейлерлердің 2026 жылға арналған инвестициялық жоспарлары қазір $518 млрд-тан асып кетті, ал бұл сома соңғы бір жылда шамамен үштен екіге жуық өсіп отыр. Біз жеке сектор қазіргі заман тарихындағы ең ірі инфрақұрылым құрылысын жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Meta, Microsoft және Google капиталдық шығын болжамдарын соншалық жиі қайта қарайды, тіпті талдаушылар олардың соңынан ілесуге қиналады.

Бірақ экономикалық қайтарымға әлі ерте. Baidu жуырда ЖИ қолданудан 2,6 млрд юань ($369 млн) табыс тапқанын хабарлады, бұл негізінен корпоративтік келісімшарттар мен есептеу қуатын ұсынудан келген. Tencent болса ЖИ арқылы тиімділікті арттырып, бизнесінің бұрыннан қалыптасқан бағыттарының табыстылығын күшейткенін айтады. Ал АҚШ-та көптеген компания әлі күнге дейін ЖИ-ден түскен табысты бұлттық есептеулер деген кеңірек санаттың ішінде жасырып көрсетеді.

ЖИ енгізу жылдамдығы мен одан ақша табу арасындағы алшақтық үлкен, бірақ бұл таныс жағдай. Бұрынғы технологиялық толқындарда инфрақұрылымға жұмсалатын шығындар әдетте өнімділіктің өсуінен бірнеше жыл алға озып жүретін. Шектеу инвестор қызығушылығының аздығынан емес, керісінше, ынта тудыратын стратегиялық қысымнан пайда болады: әр компания пайдасын әртүрлі бағалайды, өйткені бәрі олардың бизнес үлгісіне және шығын құрылымына байланысты.

Көп сала ЖИ-ді жаңа модельдер пайда болатын қарқынмен енгізе алмайды. Мысалы, ірі банктер қауіпсіздік және комплаенс талаптарына байланған: олар бағдарламалық қамту толық тексерілетін, оқшауланған және жергілікті түрде орнатылған болуы керек дейді. Мұндай талаптар оларды бұлтта жұмыс істейтін және жаңа нұсқалар түрінде жылдам өзгеретін ең озық модельдерден бірден алыстатады. Денсаулық сақтау жүйелерінде де осындай шектеулер бар, ал үкіметтерде одан да көп. Мәселе ЖИ-дің теориялық мүмкіндігінде емес, басқа дәуір үшін құрылған қолданыстағы жүйелерге мұндай құралдарды кіріктірудің күрделілігінде.

ЖИ болашағы қандай болады?

Осы факторлардың бәрі бірге алғанда, баспасөзде жиі суреттелетін болашақтан мүлде бөлек көрініске меңзейді. ЖИ бір ғана ортақ, әмбебап межеге қарай жылжып жатқан жоқ. Аймақтық және корпоративтік шешімдер әртүрлі шектеулердің ықпалымен қалыптасады: АҚШ-та электр тапшылығы, Сингапур мен Жапонияда аумақ пен салқындату мүмкіндіктерінің шектеулігі, Қытайдағы «геосаяси» тапшылық (Батыстың экспорттық бақылауы озық чиптер мен бұлт жабдықтарына қолжетімділікті шектейді), Еуропада реттеудің қиындығы, корпоративтік әлемдегі ұйымдық икемсіздік. Технология жаһандық болуы мүмкін, бірақ оны енгізу жергілікті деңгейде жүреді.

Жақсы жаңалық: нақты әлемнің бұл шектеулері прогрестің жауы емес. Көбіне олар жаңа жүйелер пайда болатын негізді қалыптастырады. 90-жылдардың соңындағы талшықты-оптикалық желінің шамадан тыс көптігін алғашында ысырапшылдық деп мазақ еткен, бірақ кейін дәл сол қор стримингтің, әлеуметтік желілердің және бұлттық есептеулердің өркендеуіне негіз болды.

Қазіргі шектеулер де соған ұқсас рөл атқарады. Энергия тапшылығы ЖИ географиясын қазірдің өзінде өзгертіп жатыр. Жартылай өткізгіштердің бөлшектенуі жаңа ұлттық және корпоративтік экожүйелерді қалыптастырады. Капиталдың біркелкі бөлінбеуі компанияларды әртүрлі стратегиялық шешімдерге жетелейді. Нақты қолданудың алғашқы мысалдары институционалдық шектеулермен айқындалады.

Алдағы 10 жыл ЖИ үшін теориялық қуаты ең жоғары жүйелердің емес, шектеулерді артықшылыққа айналдыра алатындардың уақыты болады. Мүмкіндіктер бағытты көрсетеді, бірақ әлемнің қай жолды таңдауын ақырында шектеулер анықтайды.

Project Syndicate, 2025.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары