ЖИ мен софтвер IBM-ді қайта жандандыра ма? сарапшылар «сатып ал» деді

Oppenheimer сарапшысы технологиялық IBM алыбының акциясын инвесторларға сатып алуға кеңес берді, өйткені олардың құны шамамен төрттен біріне қымбаттауы мүмкін деп күтеді. Сарапшының айтуынша, нарық компанияның софтверлік бизнеске қарай үлкен трансформациясының ауқымын толық бағаламаған. Оның пікірінше, IBM үшін жаңа өсу циклі басталуда: бағдарламалық жасақтама сегментіндегі табыстың жеделдеуі, консалтингтің қалпына келуі және ЖИ-қосымшалар арқылы жаңа табыс көздерінің пайда болуы компанияға серпін береді.
Егжей-тегжейлі
Oppenheimer сарапшысы Парам Сингх IBM акциясын қамтуды Outperform рейтингімен бастады, бұл «сатып алуға» тең, және мақсатты бағасын $360 деп қойды — бұл соңғы сауда жабылуынан 24% жоғары, деп хабарлады CNBC. Оның айтуынша, нарық IBM-нің болашақ өсу әлеуетін бағаламай отыр. Сарапшы компанияның бағытын бағдарламалық жасақтама бизнесіне қарай табысты өзгертіп жатқанын айтады. Ол IBM-нің софтвер бизнесіндегі табыс алдағы екі жылда жылына орта есеппен 10% өседі деп күтеді. Сондай-ақ, Сингх компанияның автоматтандыру саласындағы мықты позицияларын және ашық кодты бағдарламалар әзірлейтін еншілес компания Red Hat көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті.
«Біздің нарықтан өзгеше көзқарасымыз IBM-нің бағдарламалық жасақтамаға фокус жасап, табысты трансформациясын жалғастырып жатқанына негізделген. Біз компанияның табысы мен маржасы консенсустан жоғары қарқынмен өседі деп күтеміз», — деді сарапшы CNBC келтірген жазбасында. — «Біз инвесторлар IBM трансформациясын тым сақ бағалап отыр деп санаймыз. Ал компания акциясын қамтитын сарапшылардың арасында әлі де ескі IT-жабдық пен сервистерге маманданғандар көп».
Сингхтің болжамынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанында қайта өсімге шыққан IBM-нің консалтинг бизнесінің табысы алдағы уақытта да бірқалыпты кеңейеді. Бұл бизнес-консалтинг пен қосымшаларға қатысты қызметтерге сұраныстың қалпына келе жатқанын көрсетеді. Бұған қоса, сарапшының айтуынша, IBM ЖИ-қосымшаларды әзірлеу және оларды қолдау арқылы қосымша табыс таба алады. Себебі бұрын ЖИ-инфрақұрылым құруға қаржы құйған компаниялар енді оны нақты бағдарламаларда пайдалануға ұмтылып жатыр — ал IBM инженерлік тәжірибесінің арқасында бұл бағытта айтарлықтай артықшылыққа ие болуы мүмкін.
Акция ахуалы
21 қарашадағы саудада IBM акциясы шамамен 3% күрт өсіп, $298,6-ға дейін жетті. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 35% артқан. Салыстыру үшін: сол кезеңде АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 шамамен 12,5% ғана өсті.
Сарапшылар кеңесі
MarketScreener деректеріне қарағанда, IBM акциясына қатысты ең жаңа позицялардың бірі — Daiwa Securities-тің 28 қазанда мақсатты бағасын $273-дан $300-ға дейін көтеріп, бейтарап рейтингті сақтауы.
IBM қағазын қамтитын сарапшылардың тек 50%-ы инвесторларға оларды сатып алуға кеңес берді(Buy және Overweight). Бейтарап (Hold) — 30%, ал қалғандары сатуға (Underweight және Sell) кеңес берді.
Уолл-стриттің консенсус мақсатты бағасы — $288, бұл 20 қарашадағы сауда жабылумен сәйкес келеді.








