Нью-Йорктегі таң: инвесторлар ФРЖ отырысын күтіп, сақтық танытып отыр

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов әзірлеген АҚШ қор нарығындағы оқиғаларға шолу және болжам.
Бүгінге болжамымыз
АҚШ қор нарықтарында белгісіздік деңгейі жоғары күйде қалуда. Инвесторлар осы аптадағы басты оқиға — Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) ашық нарықтар жөніндегі комитетінің екі күндік отырысын күтуде. Оның қорытындылары ертең жарияланады. Сауда қатысушылары үшін ең маңыздысы — ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің баспасөз конференциясы болмақ. Ол монетарлық саясаттың болашақ өзгерістері туралы кейбір мәліметтерді жария етуі мүмкін. Біз базалық пайыздық мөлшерлеменің өзгеруін күтпейміз, алайда реттеуші басшысы риторикасын күшейтіп, инфляцияны тежеудің басты міндет екенін атап өтуі мүмкін деп есептейміз.
АҚШ-тың сыртқы сауда саясаты да белгісіздіктің негізгі көзі болып отыр. Дональд Трамптың оны жеңілдетуге дайын екендігі туралы мәлімдемелері әлі нақты қадамдармен расталмады. Әріптес елдермен жаңа сауда келісімдері туралы ақпарат та жоқ. Сондықтан нарық «күту» режимінде. ФРЖ-ның да сыртқы экономикалық саясатқа қатысты кез келген мәлімдемесі алдағы күндері қысқа мерзімді құбылмалылық пен тәуекелдерді қайта бағалаудың триггері болуы мүмкін.
Негізгі сессия ашылар алдында есептерін жариялайтындар: Datadog (DDOG), Constellation Energy (CEG), Ferrari (RACE).
Нарық жабылған соң есеп беретіндер: Advanced Micro Devices (AMD), Super Micro Computer (SMCI), Rivian Automotive (RIVN), Arista Networks (ANET), Electronic Arts (EA), Astera Labs (ALAB).
АҚШ-тың негізгі акция индекстерінің фьючерстері төмендеуде. S&P 500 фьючерсі 0,8% жоғалтуда. Алдағы сессияда құбылмалылықтың жоғары болуы және тәуекелдер балансының теріс бағытта болуын күтеміз. S&P 500 индексінің қозғалысы 5570–5700 пункт аралығында болмақ (алдыңғы сессияның жабылу деңгейінен –1,4%–тан +0,9%-ға дейін).
Басты назарда
— Palantir (PLTR) акциялары тоқсандық нәтижелер жақсы болғанына қарамастан постмаркетте 8%-дан астам төмендеді. Компанияның табысы жылдық есеппен 39%-ға өсіп, $884 млн-ға жетті (консенсус: $862 млн). Көптеген сарапшылар бұл құнды қағаздың тым жоғары мультипликаторлармен бағаланатынын айтады.
— Ford Motor (F) акциялары негізгі сауда жабылған соң 2,4%-ға арзандады. Компания бір акцияға есептелген табыс бойынша болжамдарды асыра орындады, бірақ жылдық болжамнан бас тартуы инвесторларды алаңдатты. Импорттық баж салығы салдарынан шығын көлемі шамамен $1,5 млрд деп бағаланады.
— Clorox (CLX) табыс пен түсім бойынша болжамнан төмен нәтиже көрсетті. Басшылық бұл жағдайды тұтынушылық белсенділіктің тұрақсыздығы мен геосаяси қысыммен түсіндірді.
— Vertex Pharmaceuticals (VRTX) котировкалары постмаркетте 4%-ға төмендеді. Түсім $2,77 млрд-қа жетіп (жылдық өсім 3%), жылдық болжамның төменгі шегі $11,85 млрд-қа дейін артқанымен, EPS (бір акцияға шаққандағы табыс) күтілген деңгейге жетпеді.
— DoorDash (DASH) Ұлыбританиялық Deliveroo азық-түлік жеткізу сервисін $3,85 млрд-қа сатып алатынын жариялады. Бұл компанияның жаһандық кеңею стратегиясындағы маңызды қадам саналады.
Алдыңғы күнгі нарық
5 мамырдағы АҚШ қор нарығындағы сессия минуста аяқталды: S&P 500 –0,64%, Nasdaq 100 –0,67%, Dow Jones –0,24%, Russell 2000 –0,82%.
«Керемет жетілік» акцияларының басым бөлігі теріс динамика көрсетті. Кең нарық индексіне кіретін салалардың көбі минуста жабылды. Коммуникация қызметтері (XLC) 0,24%-ға өсіп, көш бастады. Ал энергетика секторындағы компаниялар (XLE) мұнай бағасының түсуіне байланысты –1,81%-бен артта қалды.
ISM қызмет секторының іскерлік белсенділік индексі 50,2 деген күтілімге қарсы 51,6 пунктке жетті. Бұл тапсырыстар мен қорлардың өсуіне байланысты. Алайда, жұмыспен қамту көрсеткіші төмендеуді жалғастыруда. Ең бастысы — баға компоненті 65,1 пунктке жетіп, 2023 жылғы ақпаннан бергі ең жоғарғы деңгейге көтерілді.
Markit PMI — 50,8 (күтілгені: 50,6). Бірақ бұл көрсеткіш өсу қарқынының баяулауын және сыртқы сұраныстың төмендеуі мен Трамптың тариф саясатының салдарынан бизнестегі сенімсіздікті көрсетті.
Компания жаңалықтары
— Netflix (NFLX: –1,9%) және Disney (DIS: –0,4%) акциялары Трамптың АҚШ-тан тыс шығатын барлық киноөнімдерге 100% тариф енгізу мүмкіндігі туралы мәлімдемесінен кейін қысымға ұшырады. Алайда, екеуі де сауданы күн ішіндегі минимумнан жоғары деңгейде аяқтады.
— Skechers USA (SKX: +24,4%) 3G Capital қоры тарапынан акциясына $63 ұсынысымен сатып алынады. Бұл 2 мамырдағы жабылу бағасынан 28% жоғары. Акционерлерге жаңа жеке холдинг компаниясының үлесімен бірге $57 ұсынылады. Мәміле үшінші тоқсанда аяқталады деп күтіледі.
— TG Therapeutics (TGTX: –13,3%) түсімі сәл жоғары болғанымен, EPS консенсусқа жетпеді. ҒЗТКЖ шығындары болжамнан асып түсті. Briumvi препараты бойынша 2025 жылға арналған АҚШ сатылымы болжамы жақсарды.
— Tyson Foods (TSN: –7,8%) таза пайда мен операциялық табыс болжамнан жоғары болды, бірақ түсім күтілгеннен төмен. Сатылым көлемі тұрақты, орташа баға өскен. Алайда, сарапшылар сиыр еті өндірісіндегі шығындар мен тауық етіне сұраныстың төмендеуінен бағаның құлдырау ықтималдығына алаңдаулы.








