Таңғы жаңалықтар: Нарықтар ФРЖ шешімін күтуде, Қытай мөлшерлемені төмендетуде

Трейдерлер ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемені төмендетуіне қатысты күтулерін қайта қарауда — енді нарықтар биыл тек үш рет төмендету болады деп болжап отыр, ал бір ай бұрын бұл көрсеткіш төрт рет деп күтілген еді. ФРЖ шешімінің қарсаңында доллар бағамы тұрақтанды. Қытай нарықтары АҚШ-пен сауда келіссөздерін күтумен және Пекиннің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі аясында өсуде. OpenAI қайта құрылымдау аясында Microsoft-қа берілетін кіріс үлесін қысқартпақ. Бұл және өзге де маңызды тақырыптар туралы 7 мамырдағы әлемдік БАҚ шолуымызда оқи аласыз.
АҚШ пен Қытай сауда келіссөздерін қайта бастайды
Президент Трамп әкімшілігі АҚШ пен Қытайдың жоғары лауазымды өкілдері алдағы демалыс күндері Женевада сауда қатынастарын талқылайтынын хабарлағаннан кейін, америкалық индекстер фьючерстері 0,1%-ға өсті (Yahoo Finance). Бұл – Трамп өткен айда Қытай импортына баж салығын 145%-ға дейін көтергеннен кейінгі алғашқы ауқымды келіссөздер болмақ. Келіссөздерге АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен сауда өкілі Джеймисон Грир қатысады.
Уолл-стритте белгісіздік күшейіп тұр — инвесторлар нақты келісімдер бола ма, әлде тек риторика ма, соны түсіне алмай отыр. Бұған дейін Трамп ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен сөйлеспейтінін және шетелдік фильмдерге жаңа баж салықтарын енгізетінін айтқан соң нарық екі күн қатарынан төмендеген.
Осы мәлімдеме аясында алтын бағасы 1,6%-ға түсіп, екі күндік қарқынды өсуді тоқтатты (Bloomberg).
Қытай мөлшерлемені және резерв нормаларын төмендетуде
Bloomberg хабарлауынша Қытай Халық банкі экономиканы ынталандыру мақсатында негізгі қайта қаржыландыру мөлшерлемесін және банктерге қойылатын міндетті резерв нормативін төмендетті. 8 мамырдан бастап 7 күндік кері РЕПО мөлшерлемесі 1,5%-дан 1,4%-ға дейін түседі. Ал бір аптадан кейін резерв нормасы 0,5 п.т.-ға қысқарады.
Қытай ҚҚБ төрағасы У Цин: «АҚШ-тың баж салығын шамадан тыс қолдануы жаһандық сауда тәртібіне қатты нұқсан келтірді. Көптеген компаниялардың өндірісі соның салдарынан зардап шекті» деді.
Қолдау шаралары қатарында: түрлі қайта қаржыландыру құралдары бойынша мөлшерлемелерді төмендету, банктерге жеңілдетілген кредиттер беру бар. Резерв нормасының төмендеуі шамамен 1 трлн юаньды ($139 млрд) босатып, өтімділікті арттырады.
Гонконг пен Қытай нарықтары бұл шараларға оң реакция берді. Гонконгтың Hang Seng индексі сауда ашылысында 2%-дан астамға өсті, кейін сәл төмендеді. Қытайдың ішкі нарығын бейнелейтін CSI 300 индексі 0,8%-ға көтерілді.
ФРЖ мөлшерлемені төмендету жоспарын баяулатады
Bloomberg мәліметінше 2025 жылы ФРЖ пайыздық мөлшерлемені агрессивті түрде төмендетуге асықпайды – экономика әлі де мықты күйде. Енді трейдерлер жыл ішінде 0,25 п.т.-пен үш рет төмендету болады деп күтіп отыр – бұл сәуір басындағы төрт төмендету болжамына қарағанда аз. 2026 жылы тағы жарты пайыздық төмендеу болжанып отыр — бұл ағымдағы цикл ішіндегі ең жоғары күтулер.
Нарықтар сәрсенбі күні ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің сөзін мұқият тыңдайтын болады. Көпшілік ставканың 4,25–4,5% деңгейінде қалатынын күтуде. Пауэлл Трамптың саяси ықпалы ФРЖ бағытына әсер ете ме, соған қатысты сигнал береді деп болжануда.
Маусым айында мөлшерлемені төмендетуге үміт азайды — жұма күні жарияланған күшті еңбек нарығы деректері және дүйсенбі күнгі ISM қызмет секторы статистикасы экономиканың тұрақтылығын дәлелдеді. Бұл қысқа мерзімді облигациялар табыстылығына қысым түсірді, себебі олар ФРЖ шешімдеріне өте сезімтал.
Wisdom Tree стратегия басшысы Кевин Флэнаган: «Маусымға дейін ерекше нашар ештеңе болмаса, ФРЖ-да әрекет етуге себеп жоқ», — дейді.
Доллар ФРЖ шешімін күтуде тұрақтанды
Reuters дерегінше, ФРЖ отырысы қарсаңында доллар бағамы тұрақты. Инвесторлар, әсіресе төмен мөлшерлемелі дамушы елдерден, доллардан қаржыларын әлі де шығарып жатыр. State Street-тің инвестициялық қызметтер басшысы Сара Салих: «Соңғы бес аптадағы АҚШ пен Трамп әкімшілігінің қадамдары инвестор сеніміне ұзақ мерзімді әсер етті» дейді. «Бірақ ұзақ мерзімді перспективада, сіз басқа қайда инвестиция салмақшысыз?» — дейді ол.
IG сарапшысы Тони Сайкамор: «Доллар АҚШ–Қытай келіссөзі туралы жаңалықтан соң сәл көтерілді, бірақ АҚШ экономикасына деген скептицизм сақталуда», — деп отыр.
Доллар индексі сейсенбі күнгі 0,2% төмендеуден кейін тұрақтанды. Бұл – қатарынан үшінші күндік төмендеу. Евро 0,2%-ға арзандап, $1,1338 деңгейінде саудаланды – бұл Германия канцлері болып Фридрих Мерц сайланғаннан кейінгі өсуін ішінара қайтарды.
OpenAI Microsoft-қа берілетін табыстың үлесін азайтады
The Information дерегінше, OpenAI инвесторларға Microsoft-қа берілетін кіріс үлесін екі есеге қысқартатынын хабарлады. Бұл – компаниядағы қайта құрылымдаудың бір бөлігі.
Компанияның коммерциялық емес құрылымын сақтай отырып, бас директор Сэм Альтманның өкілеттіктері шектеледі. Қазіргі келісім бойынша, OpenAI Microsoft-қа 2030 жылға дейін кірістің 20%-ын беруге тиіс. Енді бұл үлес 10%-ға дейін қысқарады.
Microsoft тарапынан OpenAI технологияларына 2030 жылдан кейін де қол жеткізуді жалғастыруға мүдделілік бар.








