Bank of America пайда болжамын көтерді. Бірақ акциясы неге арзандады?

АҚШ-та актив көлемі бойынша екінші ірі банк саналатын Bank of America ұзақмерзімді пайда өсімі бойынша болжамын көтерді, бірақ бұл инвесторларды шабыттандыруға жеткіліксіз болды: банк акциясы 1,4% арзандады. BofA пайда өсімінің төменгі шегін ағымдағы деңгейден төмен диапазонда көрсетті, сондықтан нарық теріс реакция білдірді, деп түсіндірді MarketWatch.
Егжей-тегжейлі
BofA-ның жаңа болжамына сәйкес, 2026–2030 жылдар аралығында банктің таза пайыздық кірісі (несиеден түскен кіріс пен депозит шығындарының айырмасы) жылына орта есеппен 5–7% өседі. Салыстыру үшін: 2015–2024 жылдары бұл көрсеткіш жылына 4% артқан.
Банк бұл болжамды технологияға ірі инвестициялардан кейін жаңартты: соңғы 10 жылда $118 млрд жұмсалды, оның ішінде жасанды интеллект пен Erica виртуалды көмекшісіне кеткен шығындар бар. Бұл шешімдер кол-орталықтарға түсетін жүктемені азайтып, тиімділікті арттырды.
MarketWatch дерегінше, 2025 жылдың басынан бері BofA-ның таза пайыздық кірісі 6% өсіп үлгерген, яғни жаңа болжам ағымдағы өсім қарқынын бекітіп, тіпті 5%-ға дейін баяулауы мүмкін екенін көрсетеді.
Bank of America өз капиталындағы материалдық рентабельділіктің (ROTCE) орта мерзімді мақсатты диапазонын жылына 16–18%-ға дейін көтерді. Бұған дейін банк бұл көрсеткішті 14–16% деңгейінде болжайтын. ROTCE — несиелер мен инвестицияларға бағытталған капиталдың кірістілігін көрсететін өлшем. Үшінші тоқсанда бұл көрсеткіш 15,4% құрады.
Бұл мәліметтер Bank of America-ның 2011 жылдан бергі алғашқы инвестор күніне арналған 300 беттен тұратын таныстырылымға енгізілді. Осыдан кейін банк акциялары 1,4% арзандап, $52,8-ға дейін түсті. Дегенмен, жыл басынан бері BofA қағаздары 20%-дан астам өсім көрсетіп, оң аймақта қалды. Салыстыру үшін, қаржы секторының ETF қоры — Financial Select Sector SPDR — сол кезеңде 8,5% ғана өскен, деп жазады MarketWatch.
Сарапшылар пікірі
KBW сарапшысы Кристофер Макгретти BofA акциясы бойынша «нарықтан жоғары» (outperform) рейтингін растады және жаңа мақсатты ROTCE диапазоны нарық күтулеріне сай екенін атап өтті. Алайда оның айтуынша, сұрақ-жауап сессиясында басты назар үш-бес жыл ішінде осы деңгейді нақты қашан қол жеткізуге болатынына аударылуы мүмкін.
Сарапшының мәліметінше, 13 қазаннан бастап банк акциясы 9,6% қымбаттап, әмбебап банктердің қағазынан 4,2% озып кетті. Макгреттидің ойынша, осындай «жылдам өсімнен» кейінгі динамика ROTCE мақсатының мерзіміне және басшылықтың түсіндірмелеріне байланысты болады.
MarketWatch деректеріне сүйенсек, BofA акциясын 27 сарапшы қадағалайды: сатып алуға — 21, ұстауға — 5 сарапшы кеңес берді, ал сатуға — 1 сарапшы ғана кеңес берді. Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы — $58,6, бұл 4 қарашадағы жабылудан 9,5% жоғары.








