Басты жаңалықтар: Apple ЖЖ-іздеуді іске қоспақ, Figma акциялары құлдырауда

Apple компаниясы Siri жаңартуымен қатар өзіне тиесілі жасанды жадыға негізделген іздеу жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жүйе Safari мен Spotlight-қа да енгізілуі мүмкін, нәтижесінде Google мен OpenAI арасындағы бәсекелестік күшейе түседі. Дональд Трамп АҚШ Жоғарғы сотына баж салығы туралы іс бойынша апелляцияны жеделдетіп қарауды сұрады. Ал Figma акциялары алғашқы IPO-дан кейінгі есеп жарияланған соң 14%-ға арзандады. Осы және өзге де маңызды жаңалықтар туралы 4 қыркүйек таңындағы шолуымызда.
Apple Siri мен Safari үшін ЖЖ-іздеуді әзірлеп жатыр
Apple 2025 жылы World Knowledge Answers деп аталатын жасанды жадыға негізделген өз іздеу қызметін іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bloomberg дереккөздері. Жаңа жүйе Siri-дің ауқымды жаңартуының бір бөлігіне айналып, болашақта Safari браузері мен Spotlight іздеу жүйесінде пайда болуы мүмкін. Қызмет ChatGPT немесе Google-дың AI Overviews секілді «жауап беру жүйесі» ретінде жұмыс істейтін болады және үлкен тілдік модельдерді қолданады.
Компания Google-мен оның ЖЖ-моделін дауыстық көмекші қызметін жетілдіру үшін сынақтан өткізу туралы келісім жасасты. Жаңа интерфейс арқылы интернеттен мәтін, фото және видео арқылы ақпарат іздеуге, сондай-ақ нәтижелердің қысқа әрі нақты ЖЖ-саммарисін алуға болады.
Трамп Жоғарғы соттан баж салығы ісін жеделдетуді сұрады
Дональд Трамп АҚШ-тың Жоғарғы сотына бұған дейін федералдық соттар заңсыз деп таныған баж салығы бойынша апелляциялық істі жеделдетіп қарауды сұрап өтініш білдірді, деп жазады CNBC. Апелляциялық сот Трамптың жаһандық сауда шектеулерін енгізу үшін IEEPA заңын пайдаланып, сауда балансының тапшылығын «ұлттық қауіп» деп жариялау арқылы өз өкілеттігін асыра пайдаланды деп шешім шығарған. Себебі импорттық баж салығын енгізу құқығы Конгресске тиесілі.
Бұған дейін сотта жеңіске жеткен талапкерлер жаңа алымдар шағын бизнеске зиян келтіріп, «заңды негізі жоқ» екенін алға тартады. Енді Жоғарғы сот бұл істі жедел қарай ма және апелляциялық соттың 14 қазанда күшін жоятын шешімін уақытша тоқтата ма, соны шешуі тиіс.
Figma акциялары IPO-дан кейінгі алғашқы есептен соң 14%-ға арзандады
Figma компаниясының акциялары шілде айындағы IPO-дан кейін жарияланған алғашқы есептен соң кеңейтілген саудада 14%-ға төмендеді, деп хабарлайды CNBC. Екінші тоқсандағы кіріс 41%-ға өсіп, $249,6 млн-ға жетіп, сарапшылардың болжамынан асып түсті. Компания $846 мың пайда тапты, бұл өткен жылғы $827,9 млн шығынмен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық. Figma үшінші тоқсандағы кірісті $263–265 млн көлемінде болжауда және жалпы жылдық табыстың $1,02 млрд-тан асуын күтуде.
Компания Figma Make және Figma Sites секілді ЖЖ-құралдарын белсенді дамытып жатыр, сонымен қатар Modyfi және Payload стартаптарын сатып алған. Қазір компанияның қолма-қол қаражаты $1,6 млрд-тан асады, соның ішінде биткоинге арналған ETF-те $90,8 млн бар. Бас директор Дилан Филд криптовалюта активі компанияның әртараптандырылған стратегиясының бір бөлігі екенін, негізгі бизнес емес екенін айтты.
Маск Республикалық партияға оралуға мәжбүр болады — Трамп
Дональд Трамп Bloomberg-ке берген сұхбатында Илон Масктың «таңдауы жоқ» екенін, сол себепті Республикалық партияға оралуы тиіс екенін айтты. Ол балама ретінде Маск «радикалды солшылдардың» қатарында болуы мүмкін екенін жеткізді. Биылғы жылы араларында келіспеушіліктер болғанына қарамастан, Трамп кәсіпкерге құрметпен қарайтынын айтып, оны «80% данышпан, 20% қиын адам» деп сипаттады.
Келіспеушілік Tesla электромобильдеріне арналған салық жеңілдіктерінің күшін жоятын заңнан туындаған. Маск Трампты бюджет тапшылығының өсуіне кінәлап, «үшінші партия» құру ниетін мәлімдеген еді. Бұған жауап ретінде Трамп оны мемлекеттік қолдау мен келісім-шарттардан айыратындығын айтқан.
Nidec акциялары бухгалтерлік бұзушылықтарға байланысты 22%-ға құлдырады
Жапониялық электроника компоненттерін өндіруші Nidec компаниясының акциялары 22,44%-ға арзандады — бұл компания тарихындағы бір күндегі ең ірі құлдырау, деп жазады CNBC. Бұған себеп — компанияның қытайлық еншілес ұйымы Nidec Techno Motor және басқа да бөлімшелеріндегі бухгалтерлік есептегі мүмкін заңбұзушылықтарға қатысты тергеудің басталуы.
Ішкі тексеріс барысында басқарма тарапынан манипуляция жасалғанын дәлелдейтін құжаттар табылған. Қазір компания тәуелсіз тергеу комитетін құрды. Бұған дейін де Nidec есеп беруді кейінге қалдырған болатын, себебі өнімнің шығу елі қате көрсетіліп, бұл кедендік алымдардың төленбеуіне әкеп соғуы мүмкін еді.
Nidec — қатты дисктерге, электромобильдерге, тұрмыстық техника мен өнеркәсіптік роботтарға арналған шағын және щеткасыз қозғалтқыштар өндіретін әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Жыл басынан бері компанияның акциялары 10,6%-ға арзандаған, ал Nikkei 225 индексі 5,1%-ға өскен.
Нарықтағы жағдай
Жапонияның кең көлемді Topix индексі 1%-ға, ал Nikkei 225 бірден 1,5%-ға өсті.
Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,1%-ға, ал шағын компаниялар Kosdaq индексі 1%-ға өсті.
Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,9%-ға көтерілді.
S&P 500 мен Nasdaq 100 фьючерстері 0,1%-ға жуық өсім көрсетті, ал Dow Jones Industrial Average фьючерстері шамамен сондай деңгейде минусқа кетті.








