Басты жаңалықтар: Nvidia нарықты дүрліктірді, Citi доллардан бас тартуды ұсынды

АҚШ акциялары Nvidia есебінен кейін төмендеуде — компанияның негізгі сегментінің кірісі Уолл-стрит күткен деңгейге жетпеді. Google тиімділікке басымдық беріп, шағын командалардағы менеджерлер санын 35%-ға қысқартты және ерікті түрде жұмыстан шығу бағдарламасын іске қосты. Осы қадамдар арқылы компания бюрократияны азайтып, жаппай қысқартулардан кейінгі тепе-теңдікті сақтауға тырысуда. Ал америкалық корпорациялар рекордтық байбэктер жүргізіп жатыр: тек шілде айында $166 млрд-қа акцияларды қайтару жарияланды, ал тамызға қарай жалпы көлемі $1 трлн-нан асты. Осы және басқа да тақырыптар — 28 тамыз таңғы шолуымызда.
Nvidia есебінен кейін АҚШ акциялары құлдырады
АҚШ-тың негізгі индекстеріне арналған фьючерстер Nvidia компаниясының есебінен кейін төмендеді: S&P 500 – 0,1%, Nasdaq 100 – 0,3%. Әлемдегі ең қымбат компания болжамнан жоғары табыс көрсеткенімен, дата-орталықтардағы сатылым күткеннен төмен болды. Бұл инвесторларды алаңдатып, жасанды интеллект саласындағы «бумның» тұрақтылығына күмән тудырды, деп жазады Yahoo Finance.
Сонымен қатар, рекордтық деңгейге жеткен табыс өсім қарқыны бойынша 2024 қаржы жылынан бергі ең баяу көрсеткішті көрсетті. Nvidia ағымдағы тоқсанға ұстамды болжам беріп, нарықтағы сенімсіздікті күшейтті. Акциялар кеңейтілген саудада шамамен 3%-ға құлады.
Bloomberg Intelligence сарапшысы Кунджан Собхани компанияға артылған үміт тым жоғары болғанын айтады. Aptus Capital Advisors өкілі Дэвид Вагнер CNBC арнасына «Бұл құлдырау инвесторлардың жаңалыққа аса қатты мән бергенін білдіреді» деді.
Citi: доллар әлсірейді, ұзақмерзімді облигациялар қымбаттайды
Citigroup стратегтері доллардың әлсіреуіне және АҚШ-тың ұзақмерзімді қазынашылық облигацияларына қысымға бәс тігуге кеңес берді, деп жазады Bloomberg. Олардың пікірінше Дональд Трамптың ФРЖ жұмысына араласуы инфляциялық тәуекелдерді арттырып, реттеушінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Нарықтағы басты реакция — доллардың әлсіреуі мен 30 және 5 жылдық облигациялар кірістілігі арасындағы айырмашылықтың ұлғаюы. Citigroup мамырдан бері «қисықтың тік еңісі» (curve steepener) стратегиясын ұстанып келеді, өйткені салық реформасынан кейін мемлекеттік қарыз өсіп, ұзақмерзімді қағаздарға қысым түседі деп күтеді.
АҚШ президентінің ФРЖ мүшесі Лиза Кукты қызметтен босату шешімі де саяси ықпалға қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Трамптың мәлімдемесінен кейін 30 және 5 жылдық Treasuries арасындағы спред 2001 жылдан бергі максимумға жетті. Доллар айтарлықтай әлсіреген жоқ, себебі инвесторлар назарын Франциядағы саяси дағдарыс аударды. Дегенмен, Citi сарапшылары бұл әсер қысқамерзімді ғана деп есептейді.
Google бюрократияны азайту үшін менеджерлерді қысқартты
CNBC-дің мәліметінше Google шағын командаларға жетекшілік еткен менеджерлердің 35%-ын қысқартты. Кейбірі компанияда жеке қызметкер ретінде қалды. Қызметкерлер аналитикасы жөніндегі вице-президент Брайан Велле мұны тиімділікті арттырумен байланыстырды. Ал СЕО Сундар Пичаи «мақсатымыз – штат санын арттыра бермей, бюрократияны азайту» деді.
Компания сонымен қатар Voluntary Exit Program атты ерікті түрде жұмыстан шығу бағдарламасын іске қосты. Ол іздеу, маркетинг, құрылғылар және HR бөлімдеріндегі қызметкерлерге ұсынылды. 3–5% аралығындағы қызметкерлер ұсынысты қабылдаған. Кадр жөніндегі директор Фиона Чиккони олардың көбісі отбасына көңіл бөлу немесе демалыс алу үшін кеткенін айтты.
Жаппай қысқартулар мен оңтайландыруға қатысты алаңдаушылық болғанымен, компания ерікті форматтың жақсы қабылданатынын айтады. Alphabet акциялары жыл басынан бері 10%-ға өсті.
Canada Goose-ке $1,35 млрд-тық ұсыныс түсті
CNBC-дің дерегіне сәйкес қыстық киім өндіруші Canada Goose акциялары Нью-Йоркте 15%-ға жуық өсті. Себебі негізгі акционер Bain Capital компанияны жекеменшікке қайтару үшін ұсыныстар алды. Кеңесші ретінде Goldman Sachs қатысуда.
Boyu Capital және Advent International компанияны $1,35 млрд деңгейінде (EBITDA-ның сегіз есесі) бағалауға дайын екендігін білдірді. Bain Capital әлі шешім қабылдаған жоқ, бірақ сатып алушыны таңдаған соң тексеру процесі екі айдан аз уақыт алады.
Нәтижесінде компанияның капитализациясы $1,37 млрд-қа жетті ($1,1 млрд-тан жоғары). Бұл 2018 жылғы $7,7 млрд шыңынан әлдеқайда төмен болғанымен, Bain 2013 жылы салған $250 млн инвестициясына қомақты пайда алады.
АҚШ компаниялары рекордтық байбэктер жасады
20 тамызға қарай жарияланған акцияларды кері сатып алу бағдарламалары $1 трлн-нан асып түсті, бұл тарихтағы ең жылдам көрсеткіш, деп жазады Bloomberg. Көшбасшылар қатарында технологиялық және қаржылық алпауыттар бар: Nvidia – $60 млрд, Apple – $100 млрд, ал Alphabet, JPMorgan, Goldman Sachs, Wells Fargo және Bank of America – әрқайсысы кемінде $40 млрд жоспарлады.
Тек шілде айының өзінде $166 млрд байбэк жарияланды — бұл айлық рекорд. Сарапшылар мұны АҚШ нарығы үшін басты тірек деп санайды. S&P 500 тарихи максимумдарға қайта оралуына осы байбэктер ықпал етті.
Birinyi Associates басшысы Джеффри Рубин: «Компаниялар табысты, инвестицияға ақша жеткілікті, ал байбэк — акционерлерді марапаттау тәсілі» деді.
Жыл соңына дейін бағдарламалар көлемі $1,3 трлн-ға жетуі мүмкін. 2026 жылы бұл көрсеткіш $1,2 трлн болады деп болжанады. Дегенмен, Трамп әкімшілігі байбэктерді сынап отыр. Қаржы министрлігі Boeing компаниясын зерттеулерге емес, акцияларды қайтаруға тым көп қаражат жұмсады деп айыптады.
Нарықтағы ахуал
Жапонияда Topix +0,49%, Nikkei 225 +0,59%.
Кореяда Kospi +0,69%, ал Kosdaq –0,33%.
Австралияда S&P/ASX 200 +0,14%.
АҚШ фьючерстері: S&P 500 –0,11%, Nasdaq 100 –0,28%, Dow Jones +0,15% қосты.








