БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Bloomberg Tesla роботаксиін қашан іске қосатынын жариялады. Бұл неге маңызды?

Весна Педченко

Весна Педченко

Oninvest редакторы
Bloomberg Tesla роботаксиін қашан іске қосатынын жариялады. Бұл неге маңызды?

Tesla көптен күткен роботакси қызметін 12 маусымда Техаста іске қоспақ. Бұл туралы Bloomberg News дереккөзі хабарлады. Бұл оқиға Илон Масктың компанияны жүргізушісіз көліктер мен жасанды интеллект бағытына көшіру жоспары үшін маңызды кезең болмақ. Бұл жаңалыққа байланысты Tesla акциялары күрт өсті.

Егжей-тегжейі

Тesla 12 маусымда Техас штатының Остин қаласында роботакси қызметін іске қоспақ, деп хабарлады Bloomberg News агенттігі сенімді дереккөзге сілтеме жасап. Алайда, оның айтуынша, бұл дата компания ішінде талқыланып жатыр және әлі де өзгеруі мүмкін.

Tesla бас директоры Илон Маск мамыр айының басында көптен бері уәде етілген қызметті тестілеу жұмыстары жоспарға сай маусымның соңына қарай басталатынын мәлімдеген еді. Ол бастапқы кезеңде автономды басқару жүйесі бар шамамен 10 роботакси жолға шығарылатынын айтты. Ал бірнеше айдың ішінде олардың саны мыңға жететінін болжайды. Масктың айтуынша, арнайы әзірленген Cybercab көлігі негізінде жасалған бұл роботакси Tesla компаниясының болашақтағы негізгі бизнес бағытына айналмақ.

Қызметті іске қосуға дайындық аясында компания осы аптада алғаш рет Остин қаласының жалпы пайдаланымдағы жолдарында рөлде жүргізушісіз көлікті сынақтан өткізген. Bloomberg News дереккөзіне сүйенсек, Tesla инженері Model Y жол талғамайтын көлігінің жолаушылар орындығында отырған, ал көлік ешқандай сырттай басқарусыз, толық автономды түрде қозғалған.

Tesla бұл мәселеге қатысты агенттік жіберген сұранысқа жауап берген жоқ.

АҚШ-тағы негізгі сауда сессиясында 1,7% төмендегеннен кейін, бұл жаңалық жарияланған соң автокөлік өндіруші компанияның акциялары қосымша сауда барысында 2%-ға көтерілді.

Роботакси – басты үміт

Tesla үшін роботаксидің сәтті сынақтан өтуі аса маңызды. Себебі Илон Маск компанияның назарын дәл осы қызметті іске қосуға және гуманоидты Optimus роботын дамытуға бұрды. Енді бұл бастамалар Tesla-ның нарықтағы құнына елеулі әсер ететін басты факторлардың біріне айналып отыр, деп жазады Reuters. Бұл әсіресе қазір өте маңызды – бүкіл әлем бойынша Tesla көліктерінің сатылымы азайып, бәсекелестік күшейіп келеді. Сонымен қатар Масктің саяси көзқарастары мен Дональд Трамп әкімшілігіндегі қызметіне байланысты қарсылықтар да компания имиджіне кері әсерін тигізуде.

Көптеген сарапшылар роботаксидің іске қосылуын Tesla акцияларының өсімін қамтамасыз ететін негізгі қозғаушы күш деп бағалап отыр. Өткен аптада Tesla-ға оптимистік көзқарасымен танымал Wedbush компаниясының талдаушысы Дэн Айвз акциялар құнын $500-ге дейін жоғарылатты. Бұл – Уолл-стриттегі ең жоғары межелердің бірі және 47%-дан астам өсу мүмкіндігін білдіреді. Оның пікірінше, Tesla-ның нарықтағы құнын арттыруда дәл осы Техаста басталатын роботакси жобасы және жалпы жасанды интеллект пен автономды көліктер нарығындағы әлеуеті үлкен рөл атқарады.

Алайда барлығы бұл пікірмен келісе бермейді. Future Fund Active ETF қорының негізін қалаушы Гэри Блэк, керісінше, инвесторлар роботакси қызметіне шамадан тыс үміт артып отырғанын, нәтижесінде көңілдері қалуы мүмкін екенін ескертті. Масктың өзі де қызмет бірден толық іске қосылмайтынын, бастапқыда көліктерді басқару адамдардың бақылауында болатынын айтқан болатын. Ал Wells Fargo қаңтар айында Tesla акцияларын сатуға кеңес беріп, роботакси мен Optimus роботы жайлы нарықтағы күмән мен күңкілді атап өтті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары