ChatGPT әзірлеушісі Трамптың туысына тиесілі қордан үлес сатып алды

ChatGPT чат-ботын әзірлеуші OpenAI Джошуа Кушнер басқаратын нью-йорктік Thrive Capital компаниясы құрған топтан үлес сатып алды. Бұл компания — SoftBank, Microsoft және Khosla Ventures сияқты алпауыттармен қатар, жасанды интеллект стартапының ең ірі демеушілерінің бірі, деп жазды Financial Times.
Егжей-тегжейлі
OpenAI-дың бас операциялық директоры Брэд Лайткап бұл әріптестік «дүниежүзіндегі компаниялар мен салалардың OpenAI-пен тығыз жұмыс істей алатынына жақсы үлгі болады» деген сенім білдірді.
Джошуа Кушнердің айтуынша, бұл келісім Thrive Holdings-ке «OpenAI-дың озық модельдерін, өнімдері мен қызметтерін технологиялық инновациялар пайда әкеле алатын салаларға енгізуге» мүмкіндік береді.
Компанияның релизінде келісімнің басқа егжей-тегжейлері және қандай нақты жаңашылдықтар туралы айтылып отырғаны көрсетілмеген. Thrive Capital-дың соңғы мәмілелерінің қатарында — 2025 жылдың маусымында ZBS Partners инвестфирмасымен бірігу бар. Екі компания IT-секторына ЖИ интеграциялайтын жобаға $100 млн инвестиция салуды жоспарлаған.
Тағы не білу маңызды?
Thrive Capital IT-стартаптарға инвестициясымен танымал: олардың қатарында OpenAI, деректерді талдау платформасы Databricks және киберқауіпсіздікпен айналысатын Wiz компаниясы бар. Оның еншілес компаниясы — Thrive Holdings, биыл жыл басында бухгалтерлік және IT-компаниялар сияқты қызмет көрсетушілерді сатып алып, оларды ЖИ көмегімен түрлендіру үшін құрылған.
Thrive Capital негізін қалаған Джошуа Кушнер — АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің бауыры.








