Citi сарапшысы Nvidia акциясының мақсатты бағасын төмендетті: неден қауіптенді?

Citi сарапшысы Nvidia акциясының мақсатты бағасын төмендетті. Дегенмен ол чипмейкер қағазының әлі де шамамен 20% өсуін күтеді және оларды сатып алуға кеңес берді, бірақ компанияның позициясы ЖИ-чиптер нарығындағы бәсекенің қысымына ұшырап отырғанынан қауіптенді. Сарапшының айтуынша, бір жағынан Nvidia-ға Broadcom бәсекелес болса, екінші жағынан Google өз ЖИ-чиптерін белсенді дамытып, Nvidia бәсекелестеріне есептеу қуатын ұсынып отыр. Жыл басынан бері Nvidia-ның нарықтық құны 26%-дан астамға өсті, ал Broadcom шамамен 49% өсті.
Егжей-тегжейлі
Citi сарапшысы Атиф Малик Nvidia акциясының мақсатты бағасын $210-дан $200-ға дейін төмендетіп, бірақ компания қағазын сатып алу жөніндегі ұсынысын сақтап қалды, деп хабарлайды CNBC. Citi-дің жаңа таргеті соңғы сауда жабылу деңгейінен шамамен 20%-дық өсу әлеуетін білдіреді.
Citi ескерткендей, Nvidia-ның бәсекелік артықшылықтары басқа ЖИ-чип өндірушілерінің қысымына ұшырап отыр. Мысалы, өткен аптада басқа чипмейкер — Broadcom табыстың сенімді өсімін көрсетіп, $10 млрд көлеміндегі кастомды ЖИ-чиптерге (XPU) төртінші, әзірге аталмаған ірі клиенттен тапсырыс алғанын мәлімдеді. Осыған байланысты Малик Nvidia чиптерінің 2026 жылғы сатылымы алдыңғы болжамнан шамамен 4% төмен болады деп күтеді. Broadcom-нан бөлек, Nvidia-ға Google-дың ЖИ-чип өндірісін күшейтуі де қысым жасап отыр. Сарапшының айтуынша, бұл Nvidia графикалық процессорларының сатылымына тікелей қауіп төндіре бастады.
«Бұған дейін біз 2026 жылға қарай Broadcom-ның [ЖИ-чиптері] XPU сатылымы Nvidia-ның [графикалық процессорлары] GPU сатылымынан асып түседі деп болжағанбыз. Біздің бағалауымызша, XPU-дың жедел енгізілуі Google-дың іс жүзінде Nvidia-мен бәсекелесуіне байланысты, себебі ол Meta, OpenAI және Oracle секілді Nvidia-ның бәсекелестеріне есептеу қуатын ұсынып отыр. Бұл — біз бұрыннан назар аударған қауіп», — деді Малик. Оның есебінше, мұндай сценарий 2026 жылы Nvidia GPU сатылымын шамамен $12 млрд-қа азайтуы мүмкін.
Соған қарамастан, Маликтің 2025–2026 жылдарға арналған Nvidia-ның қаржылық нәтижелеріне қатысты болжамы орташа нарықтық бағалаудан сәл жоғары күйінде қалып отыр. Ол мұны «необұлттар» деп аталатын шығындардың артуымен және sovereign AI — жасанды интеллекттің ұлттық инфрақұрылымын құруға бағытталған жобалармен түсіндіреді. Сонымен қатар оның есебінде Қытай ескерілмеген, ал егер Nvidia ол жаққа GPU жеткізілімін қайта бастаса, бұл қосымша өсу көзіне айналуы мүмкін.
Акциялардың жай-күйі
8 қыркүйектегі сауда барысында Nvidia қағаздары бір сәтте шамамен 2% өсіп, $171-ға жетті. Компания қағаздары соңғы айда шамамен 7% төмендеді, себебі оның деректер орталықтарынан түскен тоқсандық табысы Уолл-стриттің күткенінен сәл төмен болды. Нарық қатысушыларын бизнес шоғырлануы да алаңдатып отыр: шілдедегі тоқсанда Nvidia-ның жалпы табысының шамамен 40%-ы небәрі екі ірі клиентке тиесілі болды, деп атап өтеді CNBC.
2025 жылдың басынан бері Nvidia-ның нарықтық құны плюсте, яғни 26%-дан астамға өсті. Салыстыру үшін: АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 осы кезеңде шамамен 10%, ал Broadcom шамамен 49% артты.
Сарапшылар кеңесі
5 қыркүйек, жұма күні бірден екі инвестициялық банк сарапшысы Nvidia акциясының мақсатты бағасын көтерді. New Street оны $200-дан $235-ға дейін (соңғы жабылудан шамамен 41% жоғары), ал First Shanghai — $170-тен $215-ке дейін көтерді. Екеуі де «сатып алу» кеңесін растады.
MarketWatch деректеріне сүйенсек, Уолл-стриттің орташа консенсус болжамы бір қағазға $215 құрайды, бұл Nvidia-ның нарықтық құнының 5 қыркүйектегі жабылудан тағы шамамен 29% өсуін білдіреді. Сарапшылардың басым көпшілігі — 66-ның 59-ы инвесторларға компания акцияларын сатып алуға (бағалау Buy және Overweight) кеңес берді. Тағы алты сарапшы бейтарап көзқараста (Hold), ал бар болғаны біреуі ғана «сатуға» (Sell) кеңес беріп отыр.








