Инвесторлар назар аударуы тиіс үш акция

Әлемдегі ең қымбат компания саналатын Nvidia 27 тамыз күні сауда жабылғаннан кейін тоқсандық есебін жариялайды. Чип өндірушісі S&P 500 индексіндегі ең ірі үлеске ие және оның нәтижелері нарық қозғалысына катализатор болуы мүмкін. Есеп жарияланар алдында MJP Wealth Advisors инвестициялар жөніндегі директоры Брайан Вендиг инвесторларға бақылап отыруға кеңес берген үш компанияны атады, деп жазады CNBC.
CrowdStrike
2025 жылдың басынан бері CrowdStrike акциялары 22%-дан астам өсті. Компания — Nvidia-ның серіктесі, екі фирма да ірі тілдік модельдер бағытында бірлесіп жұмыс істейді. Вендигтің айтуынша CrowdStrike жаңа келісімшарттардың көптігі арқасында ұтады, өйткені клиенттер оның Charlotte AI атты жасанды интеллект платформасын белсенді түрде енгізіп жатыр. Сондай-ақ ол инвесторлар үшін акция баға түзетуден өткен сәтте сатып алу мүмкіндігі туындауы ықтимал екенін қосты.
«Олар жасанды интеллектті өздерінің бизнес-моделін тиімдірек ету үшін қолдануда. Біз бұл компанияны өзімізге де, клиенттерімізге де ұзақ мерзімге ұстағымыз келетін актив деп қараймыз. Әрине, оның бағасы/табысы коэффициенті кейбір бәсекелестерінен жоғары екенін түсінеміз, сондықтан акциялар түзетілсе, жақсы кіру нүктесі пайда болады деп ойлаймын», — деді Вендиг.
Affirm
Сарапшының пікірінше ол жалпы Affirm компаниясының (buy now, pay later — «қазір ал да, кейін төле» сегментінде жұмыс істейтін) жанкүйері болып қала береді. Бірақ қазіргі уақытта инвесторларға одан алшақ жүрген жөн, себебі акциялары тым қымбат.
«Мен бұл компанияға «қазір сат та, кейін сатып ал» деп қараймын», — деді Вендиг. — «Баға/табысы коэффициенті тұрғысынан олардың өсімі жақсы болды. Бірақ менеджменттің болжамдарына келгенде, олар әрқашан сәл сақтық танытады».
Оның айтуынша егер Affirm тағы да төмен жоспар ұсынса, инвесторлар акцияларды арзандаған кезде сатып алуға мүмкіндік алады. Жыл басынан бері компания акциялары 29%-дан астам қымбаттаған.
Dollar General
Dollar General бойынша инвесторларға сақтық танытып, күту позициясын ұстанған дұрыс. Себебі АҚШ-та сауда мен саясатқа қатысты макроэкономикалық белгісіздік әлі де бар, дейді MJP Wealth Advisors сарапшысы.
«Бұл инвесторлар үшін «ұстап тұру» позициясы», — деді Вендиг.
«Егер сіз болашақ саяси шешімдерге алаңдасаңыз, бірақ сауда мен тарифтер бойынша толық сенімді болмасаңыз… бұл компания біршама тұрақтырақ көрсеткіш көрсетеді. Қазір менің ойымша «күте тұру және бақылау» стратегиясын ұстанған орынды, өйткені саяси шешімдердің бір бөлігі әлі алда», — деп қосты ол.
2025 жылдың басынан бері дискаунтер-ритейлердің акциялары 48%-дан астам өскен.








