IT-қор басшысы S&P 500-ден озған 4 фаворит компанияны атады

Janus Henderson Global Technology and Innovation (JAGTX) қоры соңғы үш жылда кірістілік бойынша S&P 500 индексінен 1,7 есе алға озды. Business Insider-ге берген сұхбатында қордың басшысы Дэнни Фиш қазір аса сенім артатын төрт қағазды атады.
Егжей-тегжейлі
2022 жылдың қазан айында нарық төменгі деңгейден көтеріле бастағаннан бері JAGTX қорының кірістілігі 136%-ды құрады — бұл сол кезеңде S&P 500 индексіне инвестиция салғандар көрсеткішінен (81%) 1,7 есе жоғары, деп жазады Business Insider. Мұндай әсерлі артықшылыққа қор технологиялық алпауыттарға жасаған ставкасының арқасында қол жеткізді: Nvidia, Microsoft, TSMC және Broadcom оның портфелінің 42%-ын құрайды.
Бүгін де Фиш жасанды интеллектіні «үлкен идея» деп санайды және оған сенім артуды жөн көреді. Алайда, одан дәл қазір қай акцияға ең оптимистік көзқараспен қарайтынын сұрағанда, ол төрт компанияны атады. Оның үшеуі қордың алты ірі позициясына кірмейді.
Тізімге қай акция енді?
— Taiwan Semiconductor Manufacturing Co. (TSMC) — аталған компаниялардың ішіндегі ең ірі әрі қорда үшінші орында (үлесі: 9,5%). Фиштің айтуынша, чиптерге сұраныс әлі де өте жоғары. «Егер сіз Broadcom немесе Nvidia болсаңыз, өз чиптеріңізді өндіргіңіз келетін жалғыз жер — ол TSMC. Себебі олардың технологиялық процестері, ноу-хауы және саладағы көшбасшылығы», — деді ол.
— Cadence Design Systems — электрониканы жобалауды автоматтандырумен (EDA) айналысатын компания, жасанды интеллектке арналған жабдыққа сұраныс сақталып отырғандықтан, өсімге жақсы мүмкіндігі бар, деді Фиш. Оның портфелінде Cadence сегізінші орында (2,5%).
«Бұл жаһандық дуополия, — деді қор басшысы Cadence пен оның бәсекелесі Synopsys туралы. — Олар нарықтық кеңістікте үстем, капиталдың рентабельдігі өте жоғары, ал чиптерді жобалау саласында бұл компанияларсыз алға жылжу мүмкін емес».
— KLA — жартылай өткізгіштер өндірісіндегі технологиялық процестерді бақылау жүйелерін өндіруші. Фиштің айтуынша, компания өз сегментінде «аса үстем позицияға» ие. KLA қор портфелінде көлемі бойынша он үшінші орында, үлесі 1,9%.
— MercadoLibre — Amazon-ның Латын Америкасындағы баламасы, сонымен бірге финтех-бизнесін дамытып келеді: цифрлық әмиян, несие беру, төлем шешімі мен ақша аударымы. Фиш компанияның жасанды интеллектті қалай қолданатынына тәнті екенін айтты. «Олар бүкіл экожүйесінде ЖИ-ды пайдаланып, клиент тәжірибесін жақсартып, андеррайтинг (қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалау) пен финтех-бизнес тиімділігін арттыру үшін шынымен ерекше істер атқарып жатыр», — деді ол. MercadoLibre — Фиш қорының жетінші ірі активі, үлесі 2,6%.
Уол-стритте не айтылды?
FactSet деректеріне сәйкес, ең үлкен өсу әлеуетін Уолл-стрит MercadoLibre компаниясынан көреді. Сарапшылардың орташа болжамы бойынша, бұл компанияның АҚШ-тағы акциясы шамамен 25% қымбаттап, ағымдағы $2338-ден $2923-ға жетуі мүмкін. Көптеген сарапшылар осы акцияны сатып алуды ұсынады (рейтинг — Buy).
Cadence үшін өсу мүмкіндіктері әлдеқайда қарапайым — нарықтағы ағымдағы бағадан 6% шамасында. Консенсус-рейтинг — Overweight (сатып алуға ұсынысқа сәйкес келеді).
KLA акциясы қазір сарапшылар әділ деп санайтын деңгейде саудалануда — орташа мақсатты бағадан 1% төмен. Бірақ сарапшылардың көңілі оң, консенсус-рейтинг — Overweight.
TSMC жағдайы одан да қызық. Оның АҚШ депозитарлық қолхатының (ADR) бағасы Уолл-стрит негізді деп есептейтін деңгейден 6,5% жоғары көтерілді. Соған қарамастан, сарапшылардың басым бөлігі оларды сатып алуды жалғастыруды ұсынады (45 рейтингтің 43-і Buy және Overweight), өйткені олар ең ірі келісімшарттық чип өндірушінің өсіміне сенеді.








