Jefferies: АҚШ долларын құнсыздандырудан қандай компаниялар ұтады?

АҚШ пен Қытай арасында доллардың әлсіреуін көздейтін бейресми келісім болуы мүмкін, деп болжайды Jefferies инвестициялық банкі. Бұл жағдайда кейбір ірі америкалық компаниялардың акциялары едәуір ұтады.
Jefferies сарапшылары доллардың құнсыздануы аясында бағасы өсуі мүмкін компаниялардың тізімін жасады. Бұл компаниялардың қатарында әртүрлі сала өкілдері бар. Мысалы, олар Nike, Netflix, Danaher, Repligen сынды алпауыттар. Сарапшылардың айтуынша, бұл компанияларды үш ортақ белгі біріктіреді:
1. Табысының едәуір бөлігі шетелдік нарықтардан, әсіресе Қытайдан түседі;
2. Олар шетелдік бәсекелестермен күрес жүргізіп келеді;
3. Баға саясатын икемді түрде өзгерте алады, бұл валюта бағамының ауытқуын өтей алуға мүмкіндік береді.
Jefferies қандай акцияларды атап өтті?
Спорттық киім өндіретін Nike компаниясының акцияларын Jefferies сарапшылары «сатып алуға болады» деп бағалады. Олар бұл акциялар үшін 115 $ мөлшерінде мақсатты баға қойды, бұл қазіргі бағадан 80%-ға жоғары.
Сарапшылардың болжамынша, 2025 қаржы жылының қорытындысы бойынша Nike табысының 52%-ы халықаралық нарықтардан, ал 15%-ы Қытайдан түседі. Сондықтан АҚШ долларының құнсыздануы компанияның қаржылық нәтижесіне оң әсер етеді.
Сондай-ақ, еуро мен швейцариялық франктің нығаюы Nike-тің Adidas, Puma және On сияқты еуропалық бәсекелестеріне қарағанда артықшылыққа ие болуына жол ашады.
Jefferies сондай-ақ бейне контент нарығындағы алып – Netflix компаниясының акцияларын да сатып алуға кеңес береді. Бұл компанияның акциялары жыл басынан бері 36%-ға қымбаттаған, ал соңғы жабылу бағасы Jefferies қойған мақсатты бағадан 8 $ жоғары.
Сарапшылардың пікірінше, доллардың әлсіреуі Netflix-ке 2025 жылға арналған табыс болжамының жоғары шегіне — 44,5 миллиард долларға жетуге көмектеседі. Сонымен қатар, бұл компанияның салалық көшбасшы саналатын операциялық пайда маржасын арттырып, жаңа контентке инвестиция жасау мүмкіндігін кеңейтеді және басқа стримингтік қызметтермен салыстырғанда артықшылық береді.
Денсаулық сақтау секторы бойынша Jefferies Danaher және Repligen компанияларына назар аударды. Danaher акцияларын сатып алуға болады, деп санайды сарапшылар, ал оның мақсатты бағасы — 230 $ (қазіргі бағадан 22%-ға жоғары).
Repligen бойынша сарапшылар бейтарап ұстанымды сақтап отыр. Алайда екі компанияның да табысының шамамен 55%-ы АҚШ-тан тыс нарықтардан түсетінін, бұл жағдай оларды доллардың әлсіреуі кезінде ұтымды позицияға шығаратынын атап өтеді.
АҚШ доллары неге әлсіреуі мүмкін?
CNBC дерегінше, жыл басынан бері доллар шамамен 7%-ға әлсіреген. Нақты факторлар болмағанымен, Jefferies валюталық операциялар бөлімінің жетекшісі Брэд Бехтел алдағы уақытта валюта нарығында маңызды өзгерістер болуы мүмкін екенін айтады.
Ол АҚШ пен Қытай арасында долларды әдейі әлсірету жөнінде бейресми келісім болуы ықтимал деп болжайды. Мұндай келісім толыққанды сауда келісіміне қарағанда әлдеқайда жылдамырақ әрі тиімді болуы мүмкін. Егер бұл келісім жүзеге асса, доллар қосымша 15%-ға дейін құнсыздануы мүмкін.
«Қытаймен долларды әлсіретуге бағытталған келісім — соңғы 20 жылдан бергі алғашқы ұзақ мерзімді құнсыздану болмақ. Бұл АҚШ-тың экспорттық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық өндірісті жандандырады. Сонымен қатар, Қытайда ішкі тұтыну өсіп, сұраныс артуы мүмкін», – дейді Бехтел.








