Қытай облигациялары шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын жоғалтуда — Bloomberg

Bloomberg-тің жазуынша ұзақ уақыт бойы шетелдік капиталды Қытайдың қарыз нарығына тартып келген танымал стратегия енді өзектілігін жоғалтты. 2023 жылдың ортасынан бастап шетелдік инвесторлар Қытай мен АҚШ арасындағы пайыздық мөлшерлеме айырмашылығынан тәуекелі төмен табыс тауып келген. Алайда соңғы айларда америкалық доллардың әлсіреуі юаньмен жасалатын валюта своптарына деген қызығушылықты азайтып, бұл Қытай облигацияларын бұрынғыдай тиімді етпей қойды.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg-тің мәліметінше шетелдік инвесторлар долларды юаньға ауыстырып, кейін 12 айлық қытайлық депозиттік сертификаттарды (NCD) сатып алған кезде алған жиынтық табысы осы аптада 4%-ға дейін төмендеді. Бұл — АҚШ-тың ең төменгі тәуекелді борыштық қағаздары — қазынашылық вексельдермен салыстырғандағы табыстылықтағы айырмашылық алғаш рет 2023 жылдың ақпанынан бері жойылды деген сөз.
Бұған дейін бұл стратегия өте жоғары табыс әкелгені соншалық, 2023 жылдың ортасынан бері шетелдік инвестициялар қытайлық NCD нарығына алты есе артты. Бұл тактиканың шарықтау шегі 2024 жылдың жазында тіркелді: хедж-қорлар жылдық 6%-ға дейін пайда көріп отырды — бұл NCD-дің пайыздық мөлшерлемесі мен долларды юаньға тиімді айырбастау комбинациясының арқасында мүмкін болды. Ол кезде АҚШ-тың қазынашылық вексельдерінен алынатын табыспен салыстырғандағы премия 130 базистік тармаққа жеткен еді.
Алайда 2025 жылы доллардың әлсіреуі салдарынан бұл стратегияның тартымдылығы төмендей бастады. Мамыр айында Қытай облигацияларындағы резидент еместердің позициялары 6%-ға азайды — бұл соңғы жарты жылдағы алғашқы капитал кетуі болды.
Сарапшылар не дейді
Oversea-Chinese Banking-тің валюталық және пайыздық мөлшерлемелер жөніндегі бөлім басшысы Фрэнсис Чэннің айтуынша долларды юаньға ауыстырып, Қытайдың қысқа мерзімді облигацияларын сатып алуға бағытталған своп келісімдері спекулятивті сипатқа ие және бұл схеманың пайдасы азайған сәтте инвесторлар бірден бұл позицияларды жапса, таңқаларлық емес.
Оның пікірінше капиталдың кетуі маусым мен шілде айларында да жалғасқан болуы мүмкін — себебі жаңа шығарылған NCD-лердің өтелу мерзімі келіп жеткен, ал инвесторлар бұл қаражатты қайта орналастырудан бас тартқан сияқты.
Контекст
Reuters агенттігі жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес алдағы бірнеше айда АҚШ қазынашылық облигацияларының табыстылығы тар диапазонда құбылуы мүмкін. 17 шілдедегі сауда барысында макроэкономикалық көрсеткіштердің күшті шығуына байланысты трежерилердің табыстылығы күрт өсіп, бірақ көп ұзамай Уолл-стритке үйреншікті деңгейіне қайта оралды.








