Лабубу жасаушысының акциялары 1,5 айдағы ең ірі құлдырауды бастан кешті

Қытайлық Pop Mart International Group — танымал Лабубу ойыншықтары мен басқа да аксессуарлардың өндірушісі — 8 желтоқсанда соңғы апталардағы ең қатты акция құлдырауына тап болды. Бұған компанияның АҚШ-тағы сатылымдарының бәсеңдеуі мүмкін деген алаңдаушылық себеп болған сияқты.
Не болды?
Гонконг биржасында Pop Mart акциялары сауда басында 0,5% өсті. Алайда кейін баға күрт өзгеріп, 9% төмендеп — акциясы 199 гонконг долларына дейін түсті. Бұл — тамыздағы ең жоғары бағадан 41% төмен көрсеткіш және соңғы алты аптадағы ең үлкен құлдырау.
Bloomberg мәліметінше, инвесторлар АҚШ-тағы Black Friday сатылымдары Pop Mart үшін күткен деңгейде болмады деп қауіптенеді. Morningstar сарапшысы Джефф Чжан: «Егер АҚШ-тағы сатылымдар әлсіз болса, компанияның өсіміне деген сенім төмендеуі мүмкін», — дейді.
Сарапшылар не дейді?
Deutsche Bank мәліметіне сүйенсек, Pop Mart 2025 жылдың екінші жартысында Лабубу өндірісін айтарлықтай арттырған — айына 10 млн-нан 50 млн данаға дейін. Алайда тамыздан бері Лабубу мен басқа брендтердің қайта сату нарығындағы бағасы төмендей бастаған.
Банк пессимистік сценарийде 2026 жылы Pop Mart сатылымдары Қытайда 20%, ал шетелде 10% төмендеуі мүмкін деп болжайды. Deutsche Bank акцияларға Hold (ұстау) рейтингін беріп, мақсатты бағасын 228 гонконг долларына қойды.
Morgan Stanley 2025 жылы Лабубу сатылымы 15,5 млрд юаньға жетуі мүмкін дейді — бұл екі жыл бұрынғыдан 41 есе көп. Бірақ 2026 жылы өсім баяулайды деп күтеді. Қараша айында банк Pop Mart акцияларының мақсатты бағасын 15% төмендетіп, 325 гонконг долларын көрсетті, бірақ «сатып алу» (Overweight) рекомендациясын қалдырды.
Уолл-стриттің пікірі қандай?
Үш ай бұрын Pop Mart акцияларын сатуға ешқандай ұсыныс болмаған. Ал бүгінде WSJ Markets дерегінше, компанияны бақылап отырған 30-дан аса аналитиктің ішінде біреуі ғана акцияға Underweight (сатуға жақын) рейтинг берген.
Ал қалғандары: 28 аналитик — Buy немесе Overweight (сатып алуға ұсыныс), 3 аналитик — Hold (ұстау) деп кеңес береді.
MarketScreener болжамынша бір жыл ішінде акция бағасы қазіргі деңгейден 61% өсуі мүмкін.








