Мұнай, медиа, қаржы: Royce қоры портфелінен бес перспективалы акцияны атады

Royce Small-Cap Opportunity Fund басқарушылары өз портфеліндегі бес негізгі активті атады. Уолл-стрит аңызы Чак Ройс құрған барлық қорлар сияқты бұл қор да шағын компанияларға инвестиция салады. Бірақ ол олардың ішінен болашақ табыстың өсу катализаторын көретіндерді таңдайды: жаңа басшылықтың келуі, инновация енгізу немесе іскерлік ортаның өзгеруі.
Flowco Holdings (капитализациясы $1,4 млрд)
Royce Small-Cap Opportunity Fund деректеріне сәйкес, Flowco Holdings акциялары мұнай-газ өндіру саласында оның технологияларын енгізу есебінен өседі. Қазір бұл көрсеткіш 10%-дан төмен, бірақ алдағы бірнеше жылда 25%-ға дейін артады деп санайды басқарушылар. Компанияда екі технология бар: бірі мұнай мен газды жасанды түрде көтеруді жеңілдетеді, екіншісі қазба байлық өндіру кезінде бөлінетін метанды ұстап қалады. Қор басқарушылары Flowco-ны екі технология бойынша да нарық көшбасшысы деп атап, оның екі таңбалы табыс өсімі мен саладағы ең жоғары EBITDA рентабельділігі (40%) бар екенін айтады.
InterActiveCorp ($2,8 млрд)
Медиа-компания IAC акциялары активтеріне қарағанда айтарлықтай жеңілдікпен саудаланады, ал бұл айырма уақыт өте келе қысқарады деп санайды басқарушылар. Холдинг құрамына People Inc. цифрлық медиа-компаниясы, науқастарға күтім көрсету платформасы Care.com, медицина мамандарына арналған жұмыс іздеу сервисі Vivian Health және Ask Media Group кіреді. Соңғысының құрамында іздеу жүйесі Ask.com бар. Сонымен қатар, IAC Лас-Вегастағы MGM Resorts ойын-сауық кешенінде шамамен 24%-ға және Turo сервисінде (көлікке арналған «Airbnb») 32%-ға жуық үлеске ие. Нарық компания портфелінің тек бір бөлігін ғана бағалайды — MGM-дегі үлесінің өзі 2,3 млрд доллар шамасында, қалған активтер компания бағасына қосылмаған және инвесторларға «тегін» тиіп отыр деп жазады Royce Small-Cap Opportunity Fund.
NCR Atleos ($2,9 млрд)
Бөтен және өз банкоматтарын басқаратын NCR Atleos — бағаланбаған компанияның айқын мысалы, деп есептейді Royce Small-Cap Opportunity Fund. NCR Atleos-тың болашағы тұтынушылардың құрылымдық өзгерістеріне байланысты: банкоматтар банктерден үлес алып, қызмет аясын кеңейтіп келеді. Осы негізде компания бизнес-моделін өзгертіп, активтерін тиімдірек пайдалануға тырысуда. Бұрын ол жабдықты, бағдарламаларды және қызметтерді бөлек сатса, енді барлық процесті біріктіретін ATM as a Service (ATMaaS) платформасын енгізіп, серіктестерін де соған көшіруде. Бұл болашақта тұрақты әрі жоғары рентабельді табыс көзіне айналады деп атап өтеді қор басқарушылары.
Perella Weinberg Partners ($1,9 млрд)
Бірігу, жұтылу, қайта құрылымдау және активтерді басқаруға маманданған консалтингтік компания Perella Weinberg Partners акциялары іскерлік белсенділік жақсарған сайын қымбаттайды деп күтеді Royce Small-Cap Opportunity Fund. Компания шоттарында $175 млн бар, қарызы жоқ. Сонымен бірге, тамызда жеке тұлғаларға кеңес беретін Devon Park Advisors фирмасын сатып алып, бизнесін әртараптандыру туралы жариялады. Мұның бәрі табыс өсімін жылдамдатуға және бағалауды көтеруге мүмкіндік береді — қазір оның акциялары бәсекелестерге қарағанда төмен мультипликатормен саудаланып жатыр деп атап көрсетеді қор басқарушылары.
Resideo Technologies ($6 млрд)
Термостаттар мен өрт қауіпсіздігі жүйелерін жеткізуші Resideo Technologies акцияларының өсуіне екі стратегиялық шешім ықпал етеді. Біріншіден, ол Honeywell компаниясымен келісімді бұзуға келісті. Бұл келісім 2018 жылы Resideo Honeywell құрамынан бөлінген кезде жасалған болатын. Оған сәйкес шағын компания Honeywell-ге 2043 жылдың соңына дейін жыл сайын 140 млн долларға дейін төлеуге міндетті еді. Бұл Resideo-ның дамуға инвестиция салу мүмкіндігін шектеген. Екінші шешім — дистрибуция бизнесін бөлек жария компанияға шығарып, өндірісте шоғырлану жоспары. Бұл Resideo-ға өз басымдықтарын жүзеге асыруға жол ашады деп көрсетеді қор басқарушылары.








