БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Morgan Stanley: АҚШ пен Қытай арасындағы нәзік бітім

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Morgan Stanley: АҚШ пен Қытай арасындағы нәзік бітім

Инвесторлар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің қайта өршуіне дайын болуы керек, деп ескертті Уолл-стриттің ірі инвестициялық банктерінің бірі Morgan Stanley. Business Insider-дің хабарлауынша банктің экономисі Дженни Чжэн мәлімдегендей, АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин кейбір баж салығын уақытша тоқтату жөнінде келісімге келгенімен, 2026 жылы екі ел арасындағы қатынастар қайта шиеленісуі мүмкін.

«Біз бұл бітімді нәзік деп санаймыз, өйткені АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік бірнеше бағытта жалғасып отыр. Бұл алдағы уақытта тұрақсыз келіссөздер, уақытша бітімдер мен мезгіл-мезгіл өршитін қақтығыстардың жаңа нормаға айналатынын білдіреді», — деп жазды Чжэн клиенттерге жолдаған жазбасында және үш ықтимал сценарийді атады.

Базалық сценарий

Ең ықтимал нұсқада Morgan Stanley бітімнің шамамен бір жыл сақталатынын, бірақ кейде шиеленістер туындайтынын болжайды. Бұл жалпы алғанда экономикалық өсім үшін қалыпты оң әсер береді, дейді Чжэн.

«Фентанилге салынған баж салығының 10 пайыздық тармаққа төмендеуі және тарифтік емес шектеулердің уақытша тоқтатылуы Қытай экспортының өсімін шамамен 1 пайыздық тармаққа арттырып, нақты ЖІӨ-ні 0,1 пайыздық тармаққа көбейтуі мүмкін», — деп атап өтті ол.

Мұндай жағдайда Қытай билігі экспортқа бағытталған экономикалық модельді ішкі тұтыну жағына қарай айтарлықтай өзгеріссіз, тек жеңіл теңгеріммен қайта бағыттаумен шектеледі.

«Аюлы» сценарий

Пессимистік сценарий бойынша нәзік сауда бітімі ерте бұзылады. Жаңа баж салығы мен кедендік кедергілер жаһандық нарықтар мен жеткізу тізбектерінің жұмысын бұзады.

Morgan Stanley болжамынша, мұндай жағдайда MSCI China индексі құлдырап, жоғары технологиялар мен сирек кездесетін элементтерге қатысты өзара шектеулер қайта енгізіледі.

«Нәтижесінде жаһандық жеткізу тізбегіне қатты қысым түсіп, сауда мен технология саласында фрагментация күшейеді», — деп түйіндеді Чжэн.

«Бұқалы» сценарий

Оптимистік нұсқада Қытай дефляциядан аулақ болып, ішкі тұтынуға басымдық беру арқылы айтарлықтай экономикалық серпін алады.

«Саясаттың болжамдылығының артуы тәуекел сыйақысының төмендеуіне, жаңа шетелдік инвестициялардың келуіне және жоғары бета-секторларда (нарықтық жағдайға аса сезімтал салаларда) алдыңғы қатарлы өсімге ықпал етер еді. Сондай-ақ экспортқа бағытталған салалар да жанданып, MSCI China индексінің бағасын көтерер еді», — делінген Morgan Stanley жазбасында.

Банк ең жақсы нәтижеге сенімді емес екенін атап өтті. Сондықтан инвесторларға қорғаныш активтеріне басымдық беріп, Пекиннің технологиялық және экономикалық дербестікке ұмтылысынан пайда табатын қытай компанияларының акцияларына назар аударуға кеңес береді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары