БастыReview
Бөлісу

Сауда соғысына дайындықтың жеті жылы: Қытай АҚШ-пен текетіресте қорғаныс құра алды ма

Михаил Оверченко

Михаил Оверченко

Oninvest басылымының шақырылған шолушысы.
Сауда соғысына дайындықтың жеті жылы: Қытай АҚШ-пен текетіресте қорғаныс құра алды ма

АҚШ пен Қытай бір-біріне қарсы импорттық баж салықтарын сәуір айында көтергеннен кейін, тараптар сауда соғысын екі рет ушықтырмай тоқтатып, кейінге шегерді. Алты айға созылған келіссөздерден соң Дональд Трамп пен Си Цзиньпин 30 қазандағы кездесуде тағы бір жылға созылатын сауда бітімін жариялады. Басқа елдермен келіссөздерде Трамп айтарлықтай жеңілдіктерге қол жеткізе алды, бірақ Пекин өз ұстанымынан таймай, қатаң позиция ұстанды. Қытай алдын ала өз және АҚШ экономикасының әлсіз тұстарын анықтап, соны тиімді пайдаланды.

Соғыс және бітім кезеңдері

Сәуір айында Трамп бірнеше рет Қытайға қарсы баж салығын 145%-ға дейін көтерді. Бірақ Пекин тайсалмай, жауап ретінде 125%-ға дейін арттырды.

Біраз уақыттан кейін тараптар «әрқайсысы өз бұрышына шегініп», баж салықтары мөлшерлемелерін төмендетті және келіссөздерді бастады. 30 қазандағы кездесуде екі ел көшбасшылары бір жыл бойы күшінде болатын бірқатар келісімдерге келді.

Трамп:

«Жыл сайын біз [жасалған] келісімді қайта қараймыз, бірақ оның... бір жылдан да ұзақ өмір сүретініне сенімдімін», - деп мәлімдеді.

The Wall Street Journal-дың ақпаратына сәйкес BNP Paribas талдаушысы Уильям Брэттон жалпы бұл пікірді: келісімдер маңызды серпіліс немесе қарым-қатынастардың түбегейлі жаңаруы емес, кішігірім тактикалық мәмілелер ғана, деп түйіндеді.

Қытай қандай уәде берді?

Пекин сирек жер металдарын экспорттауға жаңа енгізілген шектеулерді бір жылға шегеру, АҚШ-қа фентанил есірткісін өндіруге қолданылатын химиялық заттар экспортына қатаң бақылау енгізу тәрізді қадамдарға келісімін берді.

Трамп өз кезегінде Си Цзиньпинмен АҚШ микрочиптерінің экспортын талқылағанын айтты. Nvidia компаниясы Пекинмен олардың жеткізілімі бойынша келіссөздер жүргізеді деп хабарлады. Алайда әңгіме ең озық модельдер туралы болып отырған жоқ. Сондай-ақ, тараптар қазан айында бір-бірінің порттарына кірген кемелерден алынатын қосымша баж салықтарын бір жылға алып тастауға келісті. Бұл шара халықаралық тасымал тарифтерінің өсуіне алып келген еді.

Трамп Truth Social желісінде Қытайдың америкалық сояны «алып көлемде» сатып алуға, сондай-ақ мұнай мен газ импорты бойынша келісуге уәде бергенін жазды.

Қытайдың Сауда министрлігі бұны растады:

– соя бұршақтарын сатып алу,

– фентанил бойынша ынтымақтастық,

– сирек жер металдарының экспорттық бақылауы.

Трамп фентанил құрамдас бөліктеріне байланысты салынған 20%-дық баж салығын 10%-ға дейін түсірді, нәтижесінде Қытай үшін жалпы тариф деңгейі оның айтуынша 57%-дан 47%-ға төмендеді.

Әлсіз тұстар

Пекиннің қатаң ұстанымы кездейсоқ емес еді — бұл ұзақ әрі мұқият дайындықтың нәтижесі.

Қытай ең алдымен бір нәрсені түсінді: егер белгілі бір салаларды бақылауда ұстай алса, жағдайды өз пайдасына қарай басқара алады. Сол салалардың ішіндегі ең бастысы — сирек жер металдары нарығы, онда Қытай іс жүзінде әлемдік монополист.

Бұл металдар заманауи технологиялардың жүрегі саналады:

кір жуғыш машиналар мен медициналық құрал-жабдықтан бастап, смартфондар, электромобильдер және тіпті әскери техника — F-35 жойғыштары, зымырандар мен радарларға дейін. Сәуірде Қытай бірқатар сирек металдарды экспорттауға бақылау енгізгеннен кейін, кейбір америкалық автоконцерндер тіпті өндірісті уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Сонымен қатар, Қытай мынаны есептеді: Трамп сауда соғысын ұзақ жүргізе алмайды, себебі ол өз саясатының тиімділігін көбіне қор нарығының динамикасымен өлшейді. Ал қор нарығындағы құлдырау — Трамп үшін саяси тәуекел.

WSJ-ға жақын дереккөздердің айтуынша Пекин Трамп сауда шиеленісін ушықтырса, нарықтар қайтадан құлдырайды деп есептеген. Бұған сәуірдегі жағдай дәлел болды — баж салықтарына байланысты биржалық индекстер құлдырап кеткен еді.

Дәл осы логикадан Қытай нарықта пайда болған бейресми терминге сүйенді — TACO (Trump Always Caves In), яғни «Трамп соңында бәрібір шегінеді». Көктемнен бастап инвесторлардың өзі де осы қағидаға сеніп, соған сай әрекет ете бастады.

Пекиннің стратегиясы мына сенімге негізделді: Трамп түбінде келісімге келіп, жеңілдіктер жасайды. Бұл сенім сәуірде сирек жер металдарына қатысты алғашқы келісімнен кейін тіпті күшейді.

Қытай экономикасы мінсіз бе? Жоқ. Бірақ…

Әрине, Қытайдың өзі де мінсіз емес, бұл сауда соғысынсыз да қиындықтарға тап болуда. Жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс бесінші жыл қатарынан жалғасуда, ұтынушылық белсенділік бәсеңдеген, мемлекет бизнеске қысымды күшейтіп, кәсіпкерлік рухты әлсіретті.

Алайда Қытайдың бір маңызды артықшылығы болды — Си Цзиньпиннің шешімдері қор нарығының реакциясына немесе сайлаушылардың көңіл-күйіне тәуелді емес.

Трамп алғашқы рет президент болған кезден бастап-ақ, Қытай билігі сыртқы қысымға төтеп бере алатын экономика қалыптастыруды бастап кетті.

Жеті жыл бұрын, Трамп алғашқы баж салықтарын енгізген кезде Қытайдың Ғылым және технология министрлігі өз ресми газетінде дәстүрлі мақтау мақалаларды емес, керісінше Қытайдың әлсіз жақтары туралы 35 аналитикалық материалды жариялады. Әр мақалада экономиканың белгілі бір «тар жері» (bottleneck) — яғни шетелден қатты тәуелді болатын технологиялық бағыт егжей-тегжейлі талданды, деп жазады The Economist.

Иә, сол тар жерлердің бәрін жою мүмкін болған жоқ.

Мысалы, Қытай әлі де болса Батыс авиациялық қозғалтқыштарына тәуелді, ең қуатты жартылай өткізгіш чиптерді өндіруде жапониялық және нидерландтық технологияларды алмастыра алмады.

Бірақ Қытай не істеді? Жеткізу тізбегін максималды деңгейде өз ішіне көшіруді бастады, басқа елдер үшін өз технологияларын алмастырылмайтын етуге тырысты, экспортты әртараптандыруға кірісті – 2025 жылдың қаңтар–қыркүйегінде АҚШ-қа экспорт 27%-ға төмендесе,

– әлемдік нарыққа экспорт 8%-дан астам өсті.

Осылайша, өз әлсіз тұстарын анықтаған Пекин АҚШ-тың әлсіз бағыттарын зерттеуге көшті. 2025 жылы бұл стратегия өз нәтижесін берді.

Қытай Америкамен «кекесінді ойын» ойнап отыр

Сирек кездесетін жер металдары секторында Пекин дәл Вашингтон жиі қолданатын ең пәрменді құралды – экспорттық бақылауды іске қосты, деп жазады The Economist.

Алғашқы ескерту соққысы Қытай тарапынан желтоқсанда, Джо Байден президенттігінің соңғы күндерінде жасалды. АҚШ Қытайға компьютерлік чиптер экспортын шектеудің жаңа шараларын жариялағаннан кейін небәрі бір күн өткенде Пекин АҚШ-қа галлий, германий және сүрме экспортын тоқтатты.

Жаңа әкімшілік бұл белгіге мән бермеді. Ал Трамп сәуір айында баж салығын көтергеннен кейін, Қытай қару-жарақ, көлік және электроника өндірісінде пайдаланылатын жеті сирек металл мен оларға қатысты магниттерді экспорттау үшін лицензия алуды міндеттеді.

Америкалық компаниялар қиын жағдайда қалды. «Біз АҚШ-тың соққыларына төзе бермейміз және қарсы соққы жасауға мүмкіндігіміз бар деп санаймыз», – деді The Economist-ке Пекин Халықаралық бизнес және экономика университетінің профессоры Ту Синьцюань.

Трамп артқа шегініп, баж салықтарын азайтып, Қытаймен алғашқы сауда бітімін жариялаған соң, Пекин сирек металдарды жеткізуді қайта жалғастырды. Бірақ 9 қазанда, Си мен Трамптың болжалды кездесуіне үш апта қалғанда, Қытай жаңа соққы жасады. Бұл АҚШ-тың қыркүйек соңында санкциялық тізімге енген қытайлық компаниялардың еншілес кәсіпорындарына заманауи жартылай өткізгіштер экспортын тоқтату туралы шешіміне жауап болды.

Қытай әлемнің барлық дерлік сирек металдарына және оларды өндіру технологияларына, сондай-ақ литий-иондық батареяларға жаһандық лицензиялау режимін енгізді. Яғни енді өндіріс процесінің кез келген бөлігі Қытаймен байланысты болса – тіпті оның жабдығы пайдаланылса да – Пекин бұл металдарды қолдануға шектеу қоя алады.

АҚШ жартылай өткізгіштер экспортын 14 нанометрден кіші чиптерді Қытайда шығаруға жол бермеу үшін шектеген болса, Қытайдың жаңа шаралары осы чиптерде қолданылатын сирек металдарды бақылауға алды, деп түсіндіреді «АҚШ – Қытай» Іскерлік кеңесінің өкілі Шон Стейн. «Бұл – есеп айырысатын уақыт келді деген белгі», – дейді ол. Оның айтуынша, Қытай іс жүзінде Американы «троллдап отыр».

Трамп жауап ретінде 100 пайыздық баж салығын енгіземін деп қорқытты. Бірақ олар күшіне енуіне екі күн қалғанда Симен жаңа бітімге келуді және сирек металдарға қатысты қазан айындағы шектеулерді бір жылға тоқтатуды жөн көрді.

Тең қарсыластар

Трамп өз стилінде Симен өткен «керемет» кездесудің нәтижесін 10 балдық шкалада 12 деп бағалады. «Тактикалық келісімдер» екі елдің қаржы министрлеріне оларды толыққанды келісімге айналдыруға жол ашады. Бұл құжат Трамптың Қытайға 2026 жылдың сәуіріне (немесе одан да ертерек) жоспарланған сапары кезінде қабылдануы мүмкін, деп мәлімдеді Financial Times-қа АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) Қытай бойынша бұрынғы аналитика бөлімінің директоры Деннис Уайлдер.

Алайда көптеген сарапшы ұзақмерзімді болашаққа күмәнмен қарайды.

«АҚШ пен Қытай арасындағы негізгі қайшылықтар шешілген жоқ, сондықтан шиеленіс қайтадан оңай тұтанып кетуі мүмкін», – дейді Bloomberg Джулиан Эванс-Притчардтың (Capital Economics-тегі Қытай экономикасы бойынша сарапшы) сөзін келтіріп.

Тіпті қазіргі бітім сақталса да, екі тарап та экономикалық байланыстарды әлсіретіп, бір-бірінен тәуелсіз болуды күшейтуге тырыса береді, дейді ол. Ал Трамп жариялаған 10%-дық баж салығын төмендету – Қытай экспорттаушылары үшін аса үлкен оқиға емес. Олар сауда соғысына алдын ала дайындалып, өндірісті басқа елдерге көшіру арқылы зардабын айтарлықтай сезінген жоқ.

Вашингтон да мойындауға мәжбүр. Енді ол өзіне айтарлықтай экономикалық зиян келтіре алатын тең қарсыласпен бетпе-бет. Бұл – АҚШ үшін жаңа жағдай әрі, біздің көзқарасымызша, Қытайдың жаһандық экономикалық держава дәрежесіне көтерілуін айқындаған оқиға», – делінген BNP Paribas есебінде.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары