Нью-Йорк таңы: саяси дағдарыс — күн тәртібінің өзегінде

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов әзірлеген АҚШ қор нарығына күнделікті шолу мен болжам.
Бүгіннен не күтеміз
7 қарашадағы сауда күні қатысушылардың басты назарында АҚШ федералды үкіметінің 37 күннен бері жалғасып келе жатқан шатдауының тағдыры болмақ. Сенатта уақытша қаржыландыруға қатысты тағы бір дауыс беру өтеді. Демократтар — денсаулық сақтау саласындағы субсидияларға кепілдік талап етсе, республикалықтар алдымен мемлекеттік мекемелердің жұмысын қайта жандандыруды басты шарт ретінде қойып отыр.
Негізгі тәуекелдер — әуе рейстерінің 10%-ға қысқаруы мен аз қамтылған азаматтарға арналған азық-түлік талондарының тоқтауы. Мұндай жағдай әуе компанияларының табысына және тұтынушылық шығындарға кері әсер етуі мүмкін. Саяси тұрақсыздықтың жалғасуы нарыққа қосымша қысым түсіріп отыр.
Биржалық ойыншылар бүгін де ФРЖ басшылығының мәлімдемелерін мұқият бақылайды. Канада банкі өткізетін конференцияда басқарушылар кеңесінің мүшесі Кристофер Уоллер, Еуропалық орталық банк форумында (Франкфурт) Нью-Йорк ФРЖ президенті Джон Уильямс, ал Филип Джефферсон Euro20+ жиынында өз ұстанымын таныстырмақ. Ақша-кредит саясаты мен экономикалық болжамдарға қатысты кез келген пікір инвесторлардың көңіл күйіне әсер етіп, күн ішіндегі құбылмалылықты арттыруы мүмкін.
Жұма күні Мичиган университетінің қараша айындағы тұтынушылық көңіл күй индексінің алдын ала деректері жарияланады (консенсус: 53 пункт, қазан: 53,6). Көрсеткіштің төмендеуі саяси дағдарыс кезінде тұтынушылық сектордың әлсіреуіне қатысты алаңдаушылықты күшейтпек.
Шатдаун салдарынан АҚШ Еңбек министрлігінің қазан айындағы еңбек нарығына қатысты есебі — ауыл шаруашылығынан тыс жаңа жұмыс орындарының (non-farm payrolls) және жұмыссыздық деңгейінің деректері — белгісіз мерзімге шегерілді.
Сауда ашылғанға дейін есептерін жариялайтын компаниялар: Constellation Energy (CEG), KKR (KKR), EOG Resources (EOG), Duke Energy (DUK), Fluor (FLR), Enbridge (ENB) және CNH Industrial (CNH).
Америкалық индекстердің фьючерстері оң динамика көрсетуде. Тәуекел балансы — бейтарап, құбылмалылық деңгейі орташа. S&P 500 индексінің қозғалысы 6690–6780 тармақ аясында болады деп болжанады (алдыңғы сессияның жабылу бағасынан −0,5% пен +0,9% аралығында).
Нарық назарында
— Nvidia (NVDA) жаңа шектеулерге тап болды: Ақ үй Қытайға арналған жеңілдетілген B30A ІІ-чиптерін жеткізуге тыйым салды, клиенттерге үлгілері беріліп қойғанына қарамастан. Сонымен бірге, Пекин мемлекеттік қаржыландырумен жұмыс істейтін дата-орталықтарда тек жергілікті процессорларды пайдалануды талап етті. Осы себепті Nvidia акциялары қысым астында қалып отыр — экспорттық шектеулер күшейіп, Қытай нарығына жол жабылуда.
— Tesla (TSLA) акционерлері Илон Маск үшін тарихтағы ең ірі өтемақы пакетін, көлемі $1 трлн болатын бағдарламаны бекітті. Бұл пакет автокөлік өндірісін ұлғайту, роботакси қызметін іске қосу және компания капитализациясын арттыру мақсаттарына байланысты. Нәтижесінде акциялар негізгі сессия ашылар алдында өсім көрсетуде.
— 6 қараша кешінде Apple TV, Apple Music және Apple Arcade стримингтік сервистерінде АҚШ-та қысқа мерзімді техникалық ақау орын алды. Шарықтау кезінде 15 мың қолданушы шағым түсірген. Қызмет жұмысы жедел қалпына келтірілді, ал Apple (AAPL) акцияларына оқиға елеулі әсер етпеді.
— Comcast (CMCSA) компаниясы Goldman Sachs (GS) пен Morgan Stanley (MS) банктерін Warner Bros Discovery (WBD) студиялық және стримингтік бизнесін сатып алу ықтималдығын бағалау үшін тартты. Бұл активке Netflix (NFLX) те қызығушылық танытып, мәміленің тиімділігін талдау үшін Moelis & Co (MC)-ды шақырды. Нәтижесінде Warner Bros Discovery акцияларының құбылмалылығы артты.
— John Deere (DE) Қазақстанмен $3–5 млрд көлеміндегі ауыл шаруашылығы техникасын өндіру туралы келісімге қол қойды, сондай-ақ Өзбекстанмен $300 млн сомасына шарт жасасты. Стратегиялық әріптестік бес жыл ішінде 3 мың техника шығарып, үш сервистік орталық ашуды көздейді.
Алдыңғы күнгі нарық
6 қарашада АҚШ қор нарығындағы сауда теріс аумақта аяқталды: S&P 500 — 1,12%-ға, Nasdaq 100 — 1,91%-ға, Dow Jones — 0,84%-ға, ал Russell 2000 — 1,86%-ға төмендеді.
Сатылымдардың басты себебі - жасанды интеллектке қатысты белгісіздік және жоғары технологиялық секторда табысты бекіту әрекеттері. Ең көп төмендеген сектор — циклдік тұтынушылық тауарлар (XLY: −2,31%), ал энергетика (XLE: +0,97%) өсім көрсетті. «Керемет жетілік» компанияларының көбі минуста болды, ең үлкен құлдырау Nvidia (NVDA: −3,65%) акцияларында байқалды, ал Alphabet (GOOGL: +0,21%) оң нәтиже көрсетті.
Инвесторлар назарын жасанды интеллектке салынған инвестициялардың тиімділігіне, капитал салымдарының қайтарымына және Oracle (ORCL) позициясының әлсіреуіне аударды. Дегенмен, Snap (SNAP) пен Perplexity AI арасындағы $400 млн көлеміндегі келісім нарықта оң қабылданды.
Challenger деректеріне сәйкес, қазан айында АҚШ-та жарияланған жұмыстан босатулар саны өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өсіп, 150 мыңнан асты — бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Жыл басынан бері 1 миллионнан астам жұмыс орны қысқарған, бұл еңбек нарығына қатысты алаңдаушылықты күшейтті.
Бейсенбіде жарияланған ірі корпоративтік есептердің бағалануы кезінде акцент нақты нәтижелерден гөрі нарықтың болжам мен күтулерге реакциясына ауысты. Көптеген компаниялар мықты есептер ұсынғанымен, олардың акциялары айтарлықтай өсім көрсеткен жоқ.
Компания жаңалықтары
— Bank of America (BAC: +1,6%) қаржылық бағдарларын қайта қараған соң акцияларының бағасы өсті.
— Robinhood (HOOD: −10,8%) есептері күткеннен жақсы болғанымен, шығындардың артуы мен қаржы директорының ауысуы пайда бекітуге түрткі болды.
— Parker-Hannifin (PH: +7,8%) алғашқы қаржылық тоқсанда күшті нәтижелер көрсетті. Басшылық жылдық табыс, операциялық маржа және пайда жөніндегі болжамдарын көтеріп, аэроғарыш секторының жоғары сұранысы мен өнеркәсіптің қалпына келуін атап өтті.
— Coherent (COHR: +18,3%) ІІ-сегментте, дата-орталықтарға арналған компоненттер мен өнеркәсіптік өнімдер өндірісінде нәтижелерін жақсартты. Компанияның жеке болжамдары нарықтық күтулерден жоғары болды.








