Үнділік Google мен Вьетнам әуежайы: Азия – шағын компаниялар ұясы ма?

Кейінгі жылдары Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия инвесторлар үшін жаңа идеялар мен қарқынды өсіп келе жатқан компаниялардың қайнар көзіне айналды. Аймақтағы экономика жылдам өсіп, түрлену кезеңін бастан кешіп жатыр. Азиядағы шағын компаниялар қарқынды өсіп, жаңашылдығымен ерекшеленуде және өз салаларында сәтті нәтиже көрсетуде. MSCI Asia Apex Small Cap 200 индексі кейінгі үш жылда 79,8%-ға өскен. 2025 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш тағы 14%-ға артып отыр. Салыстырмалы түрде алғанда, кең нарықты қамтитын MSCI AC Asia Pacific индексі сол уақыт аралығында тиісінше 11,8% және 13,6% көрсеткен.
Сарапшы Алдияр Ануарбеков Азияның әртүрлі бөлігінен үш шағын капиталды компанияны таңдады: Үндістан, Филиппин және Вьетнамнан. Бұл компаниялар арқылы өңірлердің экономикалық әлеуеті қалай көрініс табатынын байқауға болады. Мұндай шағын компаниялар аймақ экономикасының өзіндік айнасы іспетті: MapmyIndia – Үндістандағы цифрлық серпіннің көрінісі, D&L – Филиппиндегі өнеркәсіптік даму, ал SCSC – экспортқа бағытталған Вьетнам логистикасының серпіні. Мұндай small-cap компаниялар инвесторлар үшін табыс көзі болуымен қатар, өңірде жүріп жатқан терең құрылымдық өзгерістердің айғағына айналып отыр.
Үндістандық C.E. Info Systems
Көпшілікке MapmyIndia атауымен танымал бұл компания – елдегі цифрлық революция аясында дамып келе жатқан технологиялық small-cap компаниялардың жарқын мысалы. MapmyIndia – жергілікті деңгейдегі Google Maps іспетті сервис. Ол бизнеске, автокөлік иелеріне және мемлекеттік жобаларға арналған цифрлық карталар мен геокеңістіктік бағдарламалар ұсынады.
Компания B2B және B2G форматында жұмыс істейді. Оның карталары Үндістандағы ірі автоөндірушілердің көліктеріне орнатылады, логистика, дрон, инфрақұрылымды бақылау сияқты бағыттарда пайдаланылады. Google-ден айырмашылығы – MapmyIndia-ның негізгі табыс көзі жарнама емес, лицензиялау мен сервистерден түседі. Бұл бизнес-модель оған жоғары маржамен тұрақты табыс әкеліп отыр.
2024 қаржы жылында (31 наурыз 2025 жылы аяқталған) компания табысы былтырғымен салыстырғанда 22%-ға артып, 463,3 крорға (шамамен 53,5 млн доллар) жетті. EBITDA 15%-ға өсіп, 179,9 крорға ($20,8 млн), ал таза табыс 10%-ға артып, 147,6 крорды ($17 млн) құрады. EBITDA маржасы 39% деңгейінде қалды.
2025 жылдың төртінші тоқсанында өсім одан да жоғары болды: табыс 34%-ға, EBITDA 47%-ға, ал таза пайда 28%-ға өсті. EBITDA маржасы – 40%. Ашық тапсырыстар портфелі 10%-ға ұлғайып, алдағы жылдарға жақсы табыс перспективаларын көрсетіп отыр. Компания 2028 қаржы жылына қарай жылдық табысын 1000 крордан ($116 млн) асыруды жоспарлап отыр.
Акциялардың жағдайы
Жыл басынан бері C.E. Info Systems акциялары шамамен 9,5%-ға өсті. Бұл BSE Sensex базалық индексінің 6,5%-дық өсімінен жоғары. Алайда акциялардың нарықтық бағасы қазірдің өзінде болашақ табыстың бір бөлігін ескеріп қойды: P/E коэффиценті – 65. Дегенмен MapmyIndia-ның елдегі цифрлық бастамалар мен жекеменшік сұранысты қамтамасыз ету қабілеті – мұндай жоғары күтулерді ақтауға мүмкіндік береді.
Филиппиндік D&L Industries
D&L – шағын капиталды компания ретінде бірден бірнеше саладағы экономикалық дамуды қамтыған мысал. 1963 жылы отбасылық бизнес ретінде құрылған компания бүгінде әртүрлі бағыттағы арнайы ингредиенттер мен шикізат өндіретін әртараптандырылған өндіріске айналды: тағам, пластик, органикалық химия. Компания B2B2C моделінде жұмыс істейді: ол ірі тұтыну тауарлары өндірушілеріне жеке тапсырысқа сай компоненттер ұсынады. D&L – елдің өнеркәсіптік даму барометрі іспетті: оның бизнесінің кеңеюі ішкі нарықтағы азық-түлік, косметика, тұрмыстық химия және басқа да күнделікті сұранысқа ие тауарлардың өсуін көрсетеді.
2014 жылы D&L экологиялық химикаттар мен жабындар шығаратын Chemrez Technologies компаниясын толығымен сатып алды. Бұл жаңа даму кезеңінің басталуына себеп болды: бүгінде компания табысының 30%-ға жуығы өнеркәсіптік және құрылыс материалдары сегментінен түсіп отыр.
Соңғы жылдары D&L арнайы ингредиенттер мен экологиялық химия өндірісіндегі орнын нығайтып, тұрақты қаржылық өсімді көрсетіп келеді. 2024 қаржы жылында компанияның табысы 21%-ға өсіп, 40,7 млрд филиппин песосына ($820 млн) жетті. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Батангас қаласындағы жаңартылған зауыт толық қуатында іске қосылып, таза табыс өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға, ал 2024 жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда 28%-ға артты. Экспортта да өсім бар. Шетелге сату көлемі 69%-ға өсіп, алғаш рет жалпы табыстың 34%-ын құрады.
Акциялардың жағдайы
2025 жылдың басынан бері D&L акциялары шамамен 11,5%-ға арзандады. Шілденің басында олар 2020 жылдың сәуірінен бергі ең төменгі деңгейге түсті. Бұл, техникалық тұрғыдан, тиімді кіру нүктесі болуы мүмкін: сарапшылар акциялар құнының қазіргі деңгейден 20–22% өсу әлеуетін болжайды.
Вьетнамдық Saigon Cargo Service Corporation (SCSC)
Бұл компанияның нарықтағы капитализациясы шағын болғанымен, ел экономикасындағы орны ерекше. SCSC 2008 жылы Вьетнамдағы ең ірі әуежай — Тан Шон Нятта (Хошимин қаласында) заманауи жүк терминалын салу және басқару мақсатында құрылған. 2010 жылы терминал іске қосылды. Бүгінде SCSC осы әуежайдағы екі ғана жүк терминал операторының бірі болып саналады. Осы арқылы компания Вьетнамның экономикалық астанасындағы әуе жүктерінің үлкен бөлігін бақылауда ұстайды.
Бұл стратегиялық рөл SCSC-ті нағыз «ақша машинасына» айналдырды: компания халықаралық және жергілікті жүк тасымалдаушыларға заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылым ұсынады. Сонымен қатар, ол жалпы сауда көлемінің артуынан және онлайн сауданың дамуына байланысты пайда көріп отыр.
Вьетнам экспортқа бағытталған экономиканы дамытып жатқан шақта мұндай нарықтық позиция алтын мүмкіндікке айналды. Ел халықаралық өндірістің жаңа орталығына айналып, 2018–2023 жылдар аралығында экспорты $266 млрд-тан $424 млрд-қа дейін өсті. Бұл өсім шетелдік инвестициялар мен «China+1» стратегиясы аясында өндірістің Қытайдан Азияның басқа елдеріне ауысуының арқасында жүзеге асты. Samsung, Intel, Apple секілді халықаралық компаниялардың зауыттары Вьетнамда көбейіп жатыр, ал өнім көлемінің артуы сенімді логистиканы талап етеді. Осы тұста SCSC ең тиімді орында тұрды, әсіресе Қытай сауда соғыстары кезінде.
SCSC Вьетнамда алғаш болып фармацевтикалық жүктерге арналған IATA CEIV Pharma сертификатын алды. Бұл жаңа клиенттерді тартуға көмектеседі: мысалы, 2024 жылы Qatar Airways компаниясы SCSC-мен серіктестік орнатып, жүк ағынын ұлғайтты.
Компанияның қаржылық көрсеткіштері әсерлі: бірінші тоқсанда табыс 15%-ға өсіп, 266,3 млрд донгқа ($10,4 млн), таза табыс 12%-ға артып, 169,9 млрд донгқа ($6,6 млн) жетті. Таза маржа – шамамен 64%. Яғни, кірістің үштен екісі – таза пайда. Бұл баға қысымының жоқтығын және компанияның жоғары тиімділігін көрсетеді.
Акциялардың жағдайы
Жыл басынан бері SCSC акциялары шамамен 17%-ға арзандап, 67 мың донгқа түсті. 200 күндік орташа бағасына (73 мың донг) жету үшін 9%-ға өсуі қажет. Сәуірде 52,4 мың донгқа дейін түскеннен кейін, акциялар қайта өсіп, бұрынғы шегі – 93 мың донгқа дейін көтерілуі мүмкін (шамамен +40%).
SCSC өз акционерлерімен табысын лайықты бөліседі: 2024 жылы компания әр акцияға 6000 донг ($0,20) дивиденд төледі. Бұл шамамен 9,6% кірісті байқатады. Мұндай жоғары дивиденд small-cap компаниялар үшін сирек жағдай, бірақ бұл SCSC-тің тұрақты әрі қалыптасқан бизнесін көрсетеді.








