Small-cap S&P 500-ден озып кетті. Бұл өсімнің артында не жатыр және қанша созылады?

Шілде айында инвесторлардың назары технологиялық алпауыттар мен жасанды интеллект тақырыбынан ұзақ уақыт бойы Big Tech көлеңкесінде қалған шағын компаниялардың акцияларына ауысты. 2025 жылғы шілденің басынан бері Russell 2000 индексі 3,8%-ға өсті. Салыстыру үшін айтсақ, кең нарықты сипаттайтын S&P 500 индексі 3%-ға, Nasdaq Composite – 4%-ға, ал Dow Jones Industrial Average – 1,7%-ға өсті, деп хабарлайды FactSet. Мұндай үдеу нарық ішінде толыққанды ротация жүріп жатқанын көрсетсе керек. Жоғары бағаланған технологиялық акциялардан экономикалық ахуалға сезімтал салаларға көшу байқалуда.
Сектордың динамикасына жалпы нарықтың көңіл-күйі де әсер етуде. Инвесторлардың тәуекелге деген тәбеті артып, ЖИ-компанияларынан бағалануы төмен секторларға қаражат ағымы күтілуде. Инвесторлардың шағын капитализациялы компанияларға деген қызығушылығын саяси факторлар да арттыра түсті. Трамп әкімшілігі small-cap сегментіне салықтық жеңілдіктер енгізіп, реттеуді азайтады және өндіріс тізбектерін АҚШ-қа қайтарады деген үміт бар.
Ралли қанша уақытқа жалғасуы мүмкін?
Инвесторлардың оптимизмі тым ерте болуы мүмкін. Mizuho сарапшысы Исабель Абугофф-Джейкобсонның айтуынша шағын капиталды компаниялар әдетте баж салығының ықпалынан нашар қорғалған, әрі олардың раллиі қысқамерзімді сипатқа ие болады.
АҚШ-тың сауда саясаты теріс әсер етті. Импорттық тауарларға баж салығын енгізу инфляцияның күшеюінен қауіп туғызып, рецессия қаупін арттырды. Бұл ФРЖ-ға негізгі мөлшерлемені төмендетуді жалғастыруға кедергі келтірді. Ал бұл өз кезегінде мөлшерлемелерге аса сезімтал small-cap компанияларға қысым жасауда.
Нарық мөлшерлеменің төмендеуін әлі де күтіп отыр. Трейдерлердің жартысына жуығы 2025 жылдың соңына дейін негізгі мөлшерлеменің екі мәрте 25 б.т.-қа төмендеуін болжап отыр. Бұл оны 3,75–4% аралығына жеткізуі мүмкін, деп хабарлайды CME FedWatch Tool. «Бір-екі рет төмендету айтарлықтай әсер етпейді, өйткені біз алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлі де жоғары мөлшерлеме жағдайында жұмыс істеп отырмыз», – дейді Mizuho өкілі Джейкобсон.
Маусым айында шағын капиталды нарық сегменттерінің барлығында дерлік баға/табыс (P/E) коэффициенті өсті. Мысалы, Russell 2000 индексінің P/E көрсеткіші 14,9-дан 15,5-ке дейін көтерілді, бұл тарихи орташа мәндерден 3%-ға жоғары, дейді Bank of America сарапшылары 14 шілдеде шыққан есебінде. Алайда шағын компаниялардың ірі компанияларға қатысты мультипликаторы 0,71-ге тең және бұл тарихи орташа деңгейден шамамен 30%-ға төмен.
Акциялардың бағалануы келесі 10 жыл ішінде Russell 2000 индексі үшін жылына шамамен 9% табыс береді деп болжауға негіз бар екенін көрсетеді. Бұл Russell MidCap компаниялары үшін 5%, ал Russell 1000 үшін – 1%, дейді BofA.
Дегенмен, техникалық көрсеткіштер small-cap акциялары үшін «бұқалық» трендті нұсқаса да, іргелі факторлар бұл картинаға әлі де сенімділік бермей тұр. Бұл өз кезегінде шағын капиталды акциялардың қазіргі раллиінің тұрақтылығына күмән тудырады, деп жазады MarketWatch.
BofA-ның пікірінше екінші тоқсан бойынша есептілік акцияға шаққандағы табыстың (EPS) қалпына келу белгілерін көрсетуі мүмкін, бірақ бұл процесс ұзаққа созылуы ықтимал. Уолл-стрит консенсус-болжамына сәйкес шағын компаниялардың табысы 2025 жылдың екінші жартысында ғана қалпына келе бастайды. Алайда төртінші тоқсандағы 25% өсім болжамы тым оптимистік көрінеді, өйткені АҚШ ЖІӨ-нің баяулауы, өнеркәсіп секторының күтілгеннен төмен қалпына келуі, тарифтік тәуекелдер және BofA-ның базалық сценарийі – ФРЖ мөлшерлемені жыл соңына дейін төмендетпеуі – бұған күмән келтіреді.
Қай салалар өсімге серпін беруде?
Бірінші орында – қаржы секторының small-cap компаниялары. Олар төрт негізгі көрсеткіш бойынша ең жоғары нәтижелерді көрсетуде. Бағалау тартымдылығы, табыс болжамдарының өсуі, баға импульсінің тұрақтылығы және инвестициялық рейтингтердің оң динамикасы, дейді BofA. Сарапшылар өңірлік банктер үшін бірнеше драйверлерді бөліп көрсетеді. Ол табыстылықтың орнықтылығы, несиелеу өсімінің жеделдеуі және M&A мәмілелерінің белсендеуі.
Шағын компаниялар арасында ең төмен рейтинг – денсаулық сақтау секторында, одан кейін энергетика саласы тұр. Ал орта капитализациялы компаниялар арасында ең тартымсыз секторлар – тұтынушылық (Consumer Discretionary) және өнеркәсіп (Industrials).
Неліктен S&P 600 Russell 2000-ден озып кетуі мүмкін?
BofA сарапшылары шағын капитализациялы компанияларға инвестиция салу кезінде индекс құрамына назар аудару керектігін айтады. BofA екі танымал индексті – S&P 600 және Russell 2000 – салыстырып, бір маңызды жайтқа тоқталды. Russell 2000 құрамындағы компаниялардың шамамен 35%-ы шығынды, бұл индекстің жалпы бағалануын бұрмалайды.
Егер шығынды компанияларды алып тастап, тек табысты компаниялар үшін болжамды баға/табыс (P/E) көрсеткішін есептесек, ол S&P 600 бойынша ұзақмерзімді орташа деңгейден төмен. Бұл бағалаудағы елеулі жеңілдік барын және бұл іргелі құндылыққа негізделген инвесторлар үшін қызықты болатынын көрсетеді. Шығынды акциялар есепке алынған жағдайда, Russell 2000 индексі S&P 600-ге қарағанда артық бағаланған көрінеді, дейді BofA сарапшылары.
2023 жылдың басынан бастап Russell 2000 индексі 28,4%-ға өсіп, сол кезеңде 19% қосқан S&P 600-ден алда тұр. Мұндай айырмашылық индекстер құрылымындағы ерекшеліктермен түсіндіріледі. Russell 2000 құрамында ақпараттық технологиялар саласының үлесі жоғары – дәл осы сала өсімнің негізгі драйвері болды және жоғары табыс көрсетті.
Индекс өсіміне жекелеген тез дамушы компаниялар да үлес қосты. Жарқын мысал – Super Micro Computer: жыл басынан бері компания акцияларының құны шамамен 100%-ға артты. Компания Russell 2000 құрамына кіреді, бірақ S&P 600-де жоқ.
1994 жылдан бері S&P 600 мен Russell 2000 индекстерінің табыстылығы арасындағы айырмашылық макроэкономикалық жағдайларға тығыз байланысты болды. S&P 600, әдетте, инфляция жеделдеген кезеңдерде жақсы нәтиже көрсетеді: тұтыну бағалары индексінің (CPI) өсуі Russell 2000 құрамындағы осал әрі шығынға сезімтал компанияларға қысым жасайды.
Керісінше, іскерлік белсенділіктің жеделдеуі (ISM индексі бойынша) Russell 2000-нің алда шығуына ықпал етеді – өйткені ол экономикалық ахуалдың жақсаруына көбірек сезімтал.
Егер алдағы уақытта іскерлік белсенділік баяулап, инфляция қазіргі күтілгеннен жоғары деңгейде тұрақтаса, бұл S&P 600 үшін Russell 2000-ге қарағанда тиімдірек жағдай жасайды, деп қорытындылайды BofA сарапшылары.








