Spotify өсу әлеуеті таусылды және сатып алуға болмайды – Goldman

Аудиостриминг алыбы Spotify акциясының өсу әлеуеті қазірдің өзінде таусылған, деп санайды Goldman Sachs. Инвестбанк биыл 50%-дан артық өскеннен кейін қағазын сатып алу жөніндегі ұсынысынан бас тартты. Сарапшы Эрик Шеридан Spotify жаңа премиум жазылымдарын іске қосу және шығынды қысқарту жоспарын мақтады, бірақ бұл өзгерістерді инвесторлар ағымдағы бағасына әлдеқашан енгізіп қойғанын атап өтті.
Егжей-тегжейлі
Goldman Sachs Spotify акциясы бойынша ұсынысын «сатып алудан» «бейтарапқа» өзгертті, себебі компанияның өсуге кеңістік аз қалды деп есептейді, ал инвесторлар оң күтулерді бағасына әлдеқашан қосып қойған, деп жазады CNBC.
Сонымен қатар, инвестбанк мақсатты бағаны $770-ға көтерді, бұл ағымдағы деңгейден 5,7% өсім болатынын көрсетеді.
«Акцияның соңғы 12 айдағы динамикасын және операциялық көрсеткіштердің одан әрі жақсару әлеуетін ескеріп, біз ұсынысты төмендетіп отырмыз», — деп жазды Goldman Sachs сарапшысы Эрик Шеридан.
Spotify қағазы жыл басынан бері 55% өсті. Алайда 30 қыркүйектегі саудада 5,1% төмендеді. Бұған дейін сол күні Spotify-дың негізін қалаушы Даниэль Эк 20 жылға жуық басқарғаннан кейін 2026 жылы бас директор қызметінен кетіп, атқарушы төраға болатынын мәлімдеді. Spotify теңбасшылары болып өнімдер мен технологиялар директоры Густав Седерстрем және коммерциялық мәселелер жөніндегі директор Алекс Норстрем тағайындалады. Бұған дейін олар компанияның теңпрезиденттері болған.
Goldman Sachs компаниядан не күтеді?
Spotify 2030 жылға қарай жаңа премиум тариф жоспарын енгізуі мүмкін, бұл ай сайынғы белсенді қолданушылар санының өсуі аясында компанияның пайдасын қолдауы тиіс, деді Шеридан. Платформа сондай-ақ, шығынды қысқартты, оның ішінде құқық иелеріне төлем тәртібін өзгертті. Алайда, сарапшы үнемдеу мен кірісті арттыру шараларының едәуір бөлігі акцияның ағымдағы бағасында әлдеқашан көрініс тапқанын атап өтті.
«Spotify ағымдағы EV/NTM Gross Profit көрсеткіші (компанияның қарызын ескергендегі нарықтық құнының келесі 12 айдағы күтілетін жалпы пайдаға қатынасы) шамамен 18,5x, ал EV/NTM Gross Profit-to-Growth коэффициенті (нарықтық құнның 12 айдағы күтілетін жалпы пайда өсім қарқынына түзетілген көрсеткіші) — FactSet консенсус-болжамына сәйкес шамамен 0,85x. Екі мән де компания биржаға шыққаннан бергі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары», — деп жазды Шеридан.
«Біздің ойымызша, бағалаудағы мұндай премия тұрақты кіріс өсімі мен маржиналдылықты арттыру факторларының, яғни біздің күткендеріміздің, ағымдағы бағасына әлдеқашан енгізілгенін білдіреді», — деп қосты ол.
Басқа да сарапшылар пікірі
29 қыркүйек күні JPMorgan Spotify акциясының мақсатты бағасын $740-дан $805-ға көтеріп, «сатып алу» (Overweight) ұсынысын растады. Бұл бағалау акцияның шамамен 11% өсуін болжайды. Бұдан бөлек, Argus Spotify-ды қамтуын бастап, «сатып алу» ұсынысын берді және мақсатты бағасын $845 деп қойды. Оның таргеті акцияның 16% өсуін меңзейді.
CNBC келтірген LSEG дерегінше, Уолл-стритте жалпы 28 сарапшы Spotify акциясын сатып алуды, ал 12-сі ұстауды ұсынады.








