Таңғы шолу: Жапониямен келісім, Маск Ақ үйге қайта оралуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Жапония арасында 15% кедендік баж салығын қарастыратын «ауқымды» сауда келісімі жасалғанын жариялады. Amazon — сөйлесулерді талдап, тапсырмалар мен ескертулер жасай алатын генеративті жасанды интеллекті бар Bee AI білезігіне ие компанияны сатып алмақ. Ал SpaceX құжаттарында Илон Масктың саясатқа — Трамптың кеңесшісі ретінде — қайта оралуы мүмкін екені айтылған. Осы және өзге де жаңалықтар — 23 шілдеге арналған таңғы шолуда.
Трамп Жапониямен ауқымды сауда келісімін жариялады
CNBC-дің хабарлауынша АҚШ президенті Дональд Трамп Жапониямен «ауқымды» сауда келісімінің жасалғанын айтты. Келісім аясында 15% кедендік баж салығы енгізіледі. Жапониядан келетін автокөліктерге салынатын салық та дәл осы деңгейге дейін төмендетіледі.
Truth Social желісінде Трамп бұл келісімді «мүмкін, тарихтағы ең ірі мәміле» деп атап, Жапония АҚШ экономикасына $550 млрд инвестиция салатынын, ал АҚШ «пайданың 90%-ын алатынын» мәлімдеді. АҚШ президентінің айтуынша Жапония өз елінің нарығын саудаға, соның ішінде автокөліктер мен жүк көліктеріне, күрішке, жекелеген ауылшаруашылық өнімдеріне және басқа да тауарларға ашады.
Annex Wealth Management-тің бас экономисі Брайан Джейкобсен CNBC-ге берген түсініктемесінде: «Бір жыл бұрын мұндай баж салығы естен тандырарлық болар еді. Бүгін біз бұл жаңалықты жеңіл тыныспен қарсы алдық», — деді.
АҚШ-тың баж салығын 15%-ға дейін төмендетуі жапон автоөндірушілерінің акцияларын шарықтатты
Reuters агенттігінің хабарлауынша Жапония премьер-министрі Сигэру Исибаның АҚШ автокөліктерге салынатын баж салығын 25%-дан 15%-ға дейін төмендету туралы мәлімдемесінен кейін жапон автогиганттарының акциялары күрт өсті.
Honda акциялары 11%-дан астамға, Toyota — 15%-дан астамға өсті. Nissan 9%-дан жоғары, ал Mazda Motor — 17%-дан астам қосымша пайда көрсетті. Mitsubishi Motors-тың бағалы қағаздары 13%-дан астамға көтерілді.
Оңтүстік Кореялық Hyundai автокомпаниясының акциялары да 7%-ға, ал Kia — 6,75%-ға өсті.
Amazon Bee AI атты жасанды интеллект құрылғысын жасайтын стартапты сатып алады
CNBC-дің жазуынша Amazon генеративті жасанды интеллектпен жұмыс істейтін құрылғыларды жасайтын Bee AI стартапын сатып алатынын растады. Bee компаниясы сыртынан Fitbit сағатына ұқсайтын, $49,99 тұратын ақылды білезіктер шығарады. Бұл құрылғылар микрофондармен және пайдаланушының сөзін талдап, қысқаша қорытынды, тапсырма тізімі мен ескертулер жасай алатын ІІ-мен жабдықталған.
Bee компаниясының бас директоры Мария де Лурдес Золло LinkedIn-де командасының Amazon-ға қосылатынын хабарлады. «Bee-ді құрған кезде біз жасанды интеллект адамның өмірін түсініп, жақсартуға көмектесетін жеке серіктеске айналатынын армандадық, — деп жазды Золло. — Бұл арман керемет командамен және қауымдастықпен басталып, енді Amazon-нан жаңа үй тапты».
Жасанды интеллект саласы рекордтық инвестиция тартып жатыр
CNBC-дің хабарлауынша PitchBook мәліметтері бойынша 2025 жылдың алғашқы жартысында АҚШ-тағы ІІ-стартаптар $104,3 млрд инвестиция тартты — бұл 2024 жылдың жалпы көрсеткішімен ($104,4 млрд) теңесуге жақын. Биыл АҚШ-тағы венчурлік қаржыландырудың шамамен үштен екісі ІІ-компанияларға тиесілі — былтыр бұл көрсеткіш 49% болған.
Инвестиция тарту жарысында OpenAI мен Anthropic көш бастап тұр. Олар рекордтық раундтарды өткізіп, өте жоғары бағаларға ие болып жатыр. Алайда венчурлік қорлар үшін «экзит» нарығында жағдай басқаша. PitchBook дерегіне сәйкес биылғы алғашқы алты айда венчурлік жобалар бойынша 281 экзит болып, жалпы сомасы $36 млрд құрады. Мысалы, CCC Intelligent Solutions компаниясы жарақат және мүгедектікке қатысты сақтандыру істерін басқаруға арналған ІІ платформасы EvolutionIQ-ты шамамен $700 млн-ға сатып алды. Сондай-ақ, үй иелеріне арналған сақтандыру өнімдерін есептеуге ІІ алгоритмдерін қолданатын Slide Insurance стартапы IPO-ға шығып, нарықтық құны шамамен $2,3 млрд болды.
Маск саясатқа қайта оралуы мүмкін
Bloomberg-ке белгілі болғандай, Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының акцияларын кері сатып алу ұсынысында ерекше ескерту пайда болды: миллиардер саясатпен айналысуды аяқтамаған болуы мүмкін. Құжаттарда Маск болашақта АҚШ президенті Дональд Трамптың «мемлекеттік басқару тиімділігі жөніндегі аға кеңесшісі» ретінде қызметке қайта оралуы мүмкін және бұл жұмысқа едәуір уақыт пен күш жұмсауы ықтимал екені жазылған.
Компания бұл ескертуді инвесторларға ұсынылған материалдардағы «тәуекел факторлары» бөліміне енгізген. Дереккөздердің айтуынша мұндай формулировка SpaceX құжаттарында алғаш рет кездесіп отыр.
SpaceX-тің соңғы мәмілесі компанияны $400 млрд-қа бағалады, бұл оны әлемдегі ең қымбат жекеменшік компанияға айналдырды. Маск пен SpaceX өкілдері бұл жайында пікір білдіруден бас тартты.
Нарықтағы ахуал
— Nikkei 225 және Topix жапондық қор нарығының индекстері АҚШ-пен келісім жарияланғаннан кейін 3%-дан астамға өсті.
— Қытайдың Гонконгтағы негізгі акциялар индексі Hang Seng 2021 жылғы қарашадан бергі ең жоғары деңгейде жабылуға жақын. Бұл АҚШ-пен сауда шиеленісінің бәсеңдеуі және ірі технологиялық компаниялардың акцияларының өсуімен байланысты, деп жазады Bloomberg. Индекс 1,6%-ға көтеріліп, кейін сәл төмендеді. Hang Seng China Enterprises — 1,8%-ға өсті. Негізгі өсімге Baidu мен Tencent Holdings ықпал етті. Қытайдың ішкі нарығындағы CSI 300 индексі 0,4%-ға артты.
— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,03%-ға өсті, ал шағын компаниялардың Kosdaq индексі 0,13%-ға төмендеді.
— S&P 500 және Dow Jones Industrial Average фьючерстері 0,3%-ға, Nasdaq Composite фьючерстері — 0,1%-ға артты.








