БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы жаңалықтар: Supermicro құлдырады, OpenAI өсті, Трамп баж салығын арттырмақ

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы жаңалықтар: Supermicro құлдырады, OpenAI өсті, Трамп баж салығын арттырмақ

OpenAI акция сату келісімі арқылы 500 млрд долларға бағалануы мүмкін

ChatGPT жасаушысы OpenAI компаниясы алдын ала акция сату келіссөздерін жүргізіп жатыр. Бұл мәміле қызметкерлерге өз үлестерін ақшаға айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, компанияны шамамен 500 миллиард долларға бағалауға алып келуі мүмкін. Бұл туралы Reuters пен Bloomberg ақпарат агенттіктері дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Мәмілеге қазіргі инвесторлар, соның ішінде Thrive Capital қоры да қатысуы мүмкін. Алайда қор бұл жөнінде түсініктеме беруден бас тартты.

500 миллиард доллар — бұл OpenAI-дың қазіргі 300 миллиард долларлық бағасымен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Бұл баға Microsoft қолдауымен қалыптасқан болатын.

Bloomberg мәліметінше, акцияларды сату — Meta сияқты компаниялармен бәсекелестікте қызметкерлерге қаржылай ынталандыру жасау құралы ретінде қарастырылып отыр. Себебі бұл компаниялар жасанды интеллект саласындағы мамандарға жомарт өтемақы ұсынуда.

Трамп чиптер мен дәрі-дәрмектерге
жаңа баж салығын енгізетінін жариялады

Дональд Трамп келесі аптада жартылай өткізгіштер мен фармацевтикалық өнімдерге жаңа баж салығы енгізілетінін хабарлайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол CNBC арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, «біз олардың АҚШ-та өндірілгенін қалаймыз». Ол жаңа салықтар туралы хабар «бір апта немесе соған жуық уақытта» жарияланатынын нақтылады.

Трамп жартылай өткізгіштерге қатысты егжей-тегжейлі ештеңе айтпады. Алайда АҚШ-қа әкелінетін дәрі-дәрмектерге салынатын салықтар өсетінін нақтылады. «Алдымен фармацевтикаға шағын баж салығын енгіземіз. Бірақ бір жылдан, әрі кетсе бір жарым жылдан кейін ол 150 пайызға дейін өседі. Кейін 250 пайызға дейін көтеріледі», — деді ол.

Жартылай өткізгіштерге деген жаһандық сұраныс күрт өсті. Себебі бұл технологиялар смартфондардан бастап, жасанды интеллект индустриясына дейін барлық салаға енуде. Ең озық чиптердің басым бөлігі Тайваньдағы TSMC зауыттарында өндіріледі. Оның клиенттері қатарында Apple, Nvidia, Qualcomm және AMD сияқты алпауыттар бар.

Supermicro акциялары 15 пайызға арзандады

5 тамыз күні кешкі саудада Super Micro Computer акциялары 15 пайызға төмендеді. Бұл сервер өндіруші компания өткен тоқсандағы қаржылық есебін жариялап, болашаққа әлсіз болжам жасаған соң орын алды.

Компания көрсеткіштері LSEG консенсус-болжамымен салыстырғанда төмен болды: Түсім 7,5 пайызға өсіп, 5,76 миллиард долларға жетті. Бірақ сарапшылар 5,89 миллиард доллар болжаған. Бір акцияға таза табыс — 41 цент. Ал болжам — 44 цент болған. Жалпы таза пайда — 195,2 миллион доллар. Былтыр бұл көрсеткіш — 297,2 миллион доллар еді.

Компания табысының азаюына Дональд Трамп енгізген сауда шектеулері себеп болғанын атап өтті. Supermicro бас директоры Чарльз Лян сарапшылармен сөйлесу барысында:

«Біз баж салығының әсерін азайту шараларын қабылдадық, және жақын арада оның нәтижесін көреміз», — деді.

Ағымдағы тоқсанға қатысты Supermicro болжамы да сарапшылар үмітінен төмен болды. Компания бір акцияға 40–52 цент табыс және 6–7 миллиард доллар түсім күтеді. Ал сарапшылар — 59 цент пайда және 6,6 миллиард доллар түсім болар деп болжаған.

2023 жылы Nvidia чиптерімен жабдықталған серверлерге сұраныс күрт артты. Бірақ содан бері өсу қарқыны бәсеңдеді. Компания қаржылық есепті кешіктіріп, аудиторын ауыстырған соң, Nasdaq биржасынан делистинг қаупі туындаған. Дегенмен бұл қауіптің беті қайтты.

2025 жылдың басынан бері Supermicro акциялары 88 пайызға өсті. Ал сол уақытта S&P 500 индексі небәрі 7 пайызға ғана көтерілген.

7-Eleven иесі 2026 жылға дейін солтүстікамерикалық бөлімшесін биржаға шығарады

Жапониялық Seven & i Holdings компаниясы 7-Eleven желісінің Солтүстік Америкадағы бөлімшесін 2026 жылдың екінші жартысында IPO-ға шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Бас директор Стивен Дэйкус IPO компанияға қосымша қарыз тартуға және қазіргі жоспардан әлдеқайда батыл даму стратегияларын жүзеге асыруға көмектесетінін айтты.

Токиодағы стратегиялық брифингте Дэйкус АҚШ-та дүкендер ашу процесі жеделдейді және бұл компанияға бірігу мен сатып алу мәмілелерін жасау үшін ресурстар береді деп мәлімдеді.

Seven & i компаниясы кейінгі уақытта инвесторлардың жіті назарында тұр. Өйткені ол өткен айда канадалық Alimentation Couche-Tard компаниясының 46 миллиард долларлық сатып алу ұсынысынан бас тартқан болатын. Бұл шешімнен кейін Seven & i акциялары 9 пайызға арзандап, инвесторлар компанияның тәуелсіз даму стратегиясына күмәндана бастады.

Дэйкус мәлімдеуінше, сатып алушы компания АҚШ-тағы реттеуші кедергілерді еңсеру жоспарын ұсынбаған. Оның пікірінше, канадалық компанияның тиімділігінің кейінгі бір жылдағы төмендеуі де бұл шешімге әсер етуі мүмкін.

Инвесторлар бұған дейін-ақ Seven & i компаниясының баяу өзгерістеріне наразы болып келген. Олар компаниядан басты бағытқа — үй жанындағы дүкендерге назар аударуды талап еткен. 2024 жылдың наурыз айында компания ауқымды қайта құрылымдауды бастаған:

Атап айтқанда, супермаркет бөлімшесін сатқан, 2030 жылға дейін 2 триллион иенге (13,6 миллиард доллар) байбэк бағдарламасын жариялаған, Солтүстік Америка бизнесін биржаға шығару ниетін растаған.

Нарықтағы жағдай

Жапонияның кең Topix индексі 1 пайызға, Nikkei 225 0,6 пайызға өсті.

Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,3 пайызға төмендеді, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,1 пайызға өсті.

Австралиялық S&P/ASX 200 0,6 пайызға көтерілді.

S&P 500 және Dow Jones Industrial Average фьючерстері 0,4 пайызға, Nasdaq 100 фьючерстері 0,3 пайызға өсті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары